Түркістан облысында коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында 76 блок-пост қойылып, онда тәулік бойы дәрігерлер мен полицейлер жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде екі блок-пост республикалық маңызы бар автожолдарда ашылған. Облыстың Полиция департаментінің барлық жеке құрамы күшейтілген қызмет жүйесіне көшті.
Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков блок-бекеттерде облыс аумағындағы шектеулер жайлы тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Елімізде төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты облыс аумағында шектеулер күшейтілуде.
Полиция қызметкерлері автокөлік ағынын, ал медицина саласының мамандары жүргізушілер мен жолаушылардың денсаулығын тексеруде. Жетісай ауданының орталығында, Жаңаауыл мен Жылысу ауылдық округтерінде Әбдіқалық және Байқоныс ауылдарының жанында коронавирустың таралу ошақтарының анықталуына байланысты, карантин енгізіліп, Жетісай полиция бөлімінің қызметкерлерінен 14 блок бекеттері қойылды.
Тәртіп сақшылары төтенше жағдай режимін бұзуға жол бермеуге, облыс аумағында қоғамдық тәртіпті бұзған жағдайда азаматтарды жауапкершілікке тартуға, қылмысқа жол бермеуге және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бақылау жасайды.
Тельман БЕЙСЕНОВ, Түркістан облысы.