Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауына дайындық шеңберінде сайлау заңнамасының ережесіне сәйкес, барлық өңірде, соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстан президенттігіне кандидатты қолдау үшін қол жинау басталды. Петропавлда «С.Киров зауыты» АҚ ұжымының жиналысы өтті. Кездесуге қатысушылар Nur Otan партиясы XIX кезектен тыс съезінің шешімін бірауыздан колдады.
«С.Киров зауыты» АҚ заң департаментінің директоры Серік Ахметбеков жетекшілік еткен басқосуда Петропавл қаласы мәслихатының хатшысы Арман Бердағұлов, зауыт кәсіподақ комитетінің басшысы Ирина Мальцева және кәсіпорынның жастар кеңесінің төрағасы Александр Решетар сөз сөйлеп, елдегі саяси науқан жөнінде пікір білдірді. Петропавл қаласы мәслихатының хатшысы Арман Бердағұлов сайлаудың маңызы жөнінде айта келе, зауыт қызметкерлерін президенттік сайлауға белсенді қатысуға шақырды. – Бұл тарихи науқанға үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Кезектен тыс Президент сайлауы биліктің заңдылығын одан ары нығайту және елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет. Алдымызда тұрған ендігі басты мақсат – Тұңғыш Президентіміз – Елбасы саясатының алтын арқауы, басты өзегі болған ел бірлігі мен ынтымағының жарасымды жалғасын қамтамасыз ету. 9 маусым күні өтетін Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауына келіп, ел болып бірлігімізді танытып, азаматтық құқығымызды білдіріп, ауызбіршілігімізді көрсетіп, жауапты іске жұмыла кірісейік, – деді Арман Бердағұлов. Жиынға қатысушылар мемлекет тұрақтылығын, қоғамдағы келісімді сақтау, әрбір тұрғынның өмірін жақсарту үшін адамдардың мүддесіне сай экономиканы дамытуды жалғастыру маңызды екенін атап өтті.
Әбілмансұр ЖАСАН