Сұлтан Бейбарыс туралы комикс шықты
Сұлтан Бейбарыс туралы комикс шықты
© Сурет ғаламтордан
380
оқылды
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жат жерде ерекше ерлігімен көзге түсіп, әлем тарихындағы көрнекті тұлғалардың біріне айналған Сұлтан Бейбарыс туралы комикс шығарды, - деп хабарлайдыі оқу орнының ресми өкілі Жандар Асан. Оның айтуынша, балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушыларына арналған комиксте қайраткер өмірінің әр кезеңі жеңіл тілмен жазылып, бейнеленген. Тұңғыш рет қолға алынған бастама "Ұлы даланың ұлы тұлғалары" сериясы бойынша жарық көріп отыр. Идея авторы - Қыздар университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гаухар Алдамбергенова. Шығармашылық топ құрамында оқу орнының ғалымдары мен студенттері бар.
Шығармашылық ұжым алдағы уақытта аталған серия бойынша қазақ тарихында өзіндік дара орны бар тұлғалар туралы тағы да бірнеше туындыны шығару жоспарланып отырғандығын айтады. "Хорезм билеушісі Мамун ибн Мұхаммед Тала қартайған шағында Жамақ және Лама атты перзенттерінің ішінен тақ мұрагерлігіне Жамақты лайық көреді. Бұған қарсылық білдірген Лама өз бауырынан кек алуды көздейді. Ал Жамақтың баласы Бейбарыс екеуара қарсылықтың құрбанына айналады. Осы тарихи аңыздың толық нұсқасы комиксте егжей-егжейлі қысқа әрі нұсқа түрде берілген. Комикс жас оқырмандарға арналғандықтан оқиғалар желісі көпшілік үшін түсінікті болады деп ойлаймыз", - дейді комикс авторлары. "Ұлы даланың ұлы тұлғалары" комикстер сериясы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жанындағы "Рухани жаңғыру" жобалық кеңсесінде дайындалып, туындылар еліміздің балабақшалары мен мектептеріне таратылу жоспарланған. "Бұл бастама арқылы төл тарихымыздағы елеулі орны бар ардақты азаматтар мен ел анасына айналған әйелдерді кеңінен дәріптеуді мақсат тұтамыз. "Өткенін еске алған өскендіктің белгісі, өткенін ұмытқан өшкендіктің белгісі" деген ұлағатты ұстанымда өскелең ұрпақтың тарихи жадын жаңғыртуды көздейміз", - дейді Жандар Асан. Айта кетейік, Бейбарыс Жамақұлы 1223 жылы дүниеге келген.Түркі әулеті Бахриден шыққан мамлюктердің Мысырды билеген төртінші сұлтаны. Оны тарихи шығармаларда Бейбарыс, Бибарыс деп те атайды. Кезінде жат елге құл болып сатылып барса да, тектілігін танытып, қажымас қайраттың, мұқалмас жігердің үлгісін көрсетіп, билік басына көтерілген мәмлүк қыпшақтардың рухы тек арада жеті ғасыр өткенде ғана барып, Бейбарыс есімі арқылы атамекеніне оралды. Қазір өзінің кіндік қаны тамған жерінде - Жайық өзенінің жағасындағы Атырау қаласында биік тұғырға орныққан Бейбарыстың ескерткішке айналған алып тұлғасы тәуелсіз елдің арайлы таңын жерлестерімен бірге қарсы алып, өшпес айғағындай болып асқақ тұр. Құлдықтан шығып қайраткерлік деңгейге көтерілген тұлға туралы бұған дейін бірнеше кинофильм мен деректі кітап жарық көрген болатын.