Қостанайда «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы Елбасының рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Л.Толстой атындағы облыстық кітапханада «Сарапшы» саяси клубының бірінші отырысы аясында ұйымдастырылды. Кездесуге облыстағы саяси партиялардың басшылары, азаматтық қоғам, зиялы қауым, мәдениет пен білім саласының қызметкерлері қатысты.
Талқылау кезінде сарапшылар Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы Елбасының рөлін айта келе, алдағы саяси өзгерістердің маңызына да ерекше тоқталды. Олар Елбасының саясатын одан ары іске асыру мақсатында мұндай басқосулар жиі ұйымдастырылу керегін баса айтты. – Қазақстанның Тұңғыш Президенті халқымыз үшін стратегиялық мәні зор бағдарламаларында бірқатар маңызды міндетке, қазақ елінің болашағын кемелдендіруге қатысты өзекті мәселеге баса назар аударғаны мәлім. Елбасының бағдарламалық құжаттарындағы жіктелген өзекті міндеттердің қай-қайсысы да еліміз үшін аса маңызды, – дейді Nur Otan партиясы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Олжас Дүйсеков. Ал қоғам қайраткері, Nur Otan партиясының ардагері Римма Ғайсенова Қазақстан отыз жыл ішінде адам сенгісіз нәтижеге қол жеткізгенін тілге тиек етті. – Тәуелсіз Қазақстанның дамуында Н.Назарбаевтың еңбегі өлшеусіз. Мұны егемендіктің бірінші күнінен-ақ байқауға болады. Елбасы әуелі шекараны шегендеді. Одан кейін ядролық қарудан бас тартты. Семей полигонын жапты. Бүкіләлемдік көрме ұйымдастырды. Міне, осындай салиқалы саясатының арқасында Қазақстанды әлемге танытып, аянбай еңбек етті. Еліміздің саяси-экономикалық дамуына жан-жақты қолдау көрсете білді, – деді Римма Ғайсенова. Аталған мәселе бойынша облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Зәуре Байменова да пікір білдіріп, саяси клуб құрудың мәні мен маңызы туралы айтып өтті.
А.Жасанұлы