Ержан Мақсым есімімен былтырғы Junior Eurovision байқауының еліміздегі іріктеу кезеңінде танысқам. Қара домалақ, пысық балақай үздік ондықта болып, нәтижесінде, екінші орын алған еді.
Сегіз қыздың ішінде екі ұл ғана жүргеннен бе екен, есімде ерекше қалыпты. «Диапазоны кең, әлемдік әншілерді ғана үлгі тұтамыз. Димаш ағаға ұқсағымыз келеді» деген еді қос жігіт. Сол Ержан ресейлік «Голос. Дети» ән байқауының бірнеше турынан сүрінбей өтіп, бас жүлдеден бір саты ғана төмен көрсеткішпен елге оралды. Отандасқа жанкүйер жүрек – біздің ғана емес, Ресейдің танымал тұлғалары да сайыстың әділ өтпегенін айтып, налып жатыр. Ержан мен анасынан сұхбат алудың сәті түсіп, өз ауыздарынан пікірлерін білдік.
Айтулы байқаудың алтыншы маусымында біздің бала топ жарды. Бұл – хақ. Ең алғашқы кезеңінде Андреа Бочеллидің Ama credi e vai әнін орындағанда қазылардың үшеуі де бері қарап, Ержанды таңдаған. Әдетте, тәлімгердің біреуі болсын таңдағаны қуанышты жаңалық болса, мына жағдайда Валерий Меладзе, Лобода және Пелагея да «менің тобыма кел, менімен бірге бол» деп тартысып қалды. Ақыры Ержанның таңдауы Меладзеге түсіп, белгілі әншінің жол көрсетуімен суперфиналға дейін барды. Даусының зор екені сонша, трио болып «Синяя вечность» әнін орындағанда стаканның сынғанына куәміз. Жас талант – 12 жаста. Орал өңірінде дүниеге келген. Үйдің кенжесі, ерке бала. «Бір апатайым тұрмыста, екіншісі режиссер мамандығы бойынша білім алып жатыр» дейді әнші жігіт отбасы туралы әңгімелеу барысында. Сахнада өзін салмақты ұстайды. Өйткені репертуарындағы әндері сондай – әлемдік жұлдыздардың ғаламдық хиттері. Екінің бірі орындай алмайтын, қиын туындыларды таңдап алады. Осы жағынан келгенде Димаш Құдайбергенге ұқсап баққысы келетіні байқалады. Осы пікіріміздің қаншалық рас екенін білгіміз келіп, Ержанға сауал тастадық. «Димаш аға – жұлдыз. Оған ұқсағым келетінін жасырмаймын. Бірақ еш уақытта басып озып кетсем деп ойлап көрмеппін. Оны үлгі тұтамыз. Даусы қандай керемет! Бүкіл әлем мойындап жатыр. Байқаудан кейін өзі бейнеқоңырау арқылы хабарласып, құттықтады. Сасқанымнан «спасибо» дей бергенім сол еді, «қазақша сөйле» деді. «Ұялып қалдым» деп ағынан жарылды. Димаш Ержанға «қызға жол бергеніңнің өзі – жігіттік» депті. Анасы Гүлмира Әлібек әрдайым баласының жанынан табылады. Байқау бойы шыр-пыр болып, уайымдап жүргенін бейнежазбалардан ара-тұра көріп те жүрдік. «Менің балам ғана мықты, басқалары әлсіз деуден аулақпын. Әрі қатысушылардың вокалына қатысты кәсіби пікір білдіруге құқым жоқ, әнші емеспін. Ержан қарапайым отбасында өсіп келе жатыр. Әкесі екеуміз отырыстарда екі дауыста ән айтатынымыз бар. Ержанымыздың талабы мен талантын көріп, сол шоқты өшіріп алмайық деп шештік. Тіпті отағасы бүгінде жұмысын тастап, баланың жеке шопыры болып алды. Өйткені әрлі-берлі жүріс көп. Ержан гимназияда оқиды, сабағы да күрделі. Одан шығып музыка мектебіне вокалдан дайындыққа барады. Фортепиано класында дәріс алады. Әрі бокспен шұғылданады. Қыста шорт-трекпен айналысады. Жаз кезінде ролик тепкенді ұнатады. Өзінің айтуынша, «артист болғандықтан, формада болу керек. Қазір томпақтаумын. Арықтап, қалыпқа келуім қажет» дейді. Әйтсе де, жүктеме көп. Кейде қолы тимейтіні бар», – дейді Гүлмира ханым. Көпшілік Ержан Максим деп таниды. Түріне қарасаңыз, қазақ екені сұрамай белгілі. Бірақ тегі – Максим. Орыстың қаны бар ма дейін десеңіз, баланың орысшаға тілі келмейді де. Сөйтсек, бар мәселе басқада екен. Анасының айтуынша, атасының аты – Мақсым. Кезінде құжат толтырғанда қате кетіп, содан Максим болыпты. Енді алдағы уақытта тегін жөндету керек екен деген ұсынымызды да қоса айттық. Байқауға қайта оралайық. Финалға әр тәлімгер ең үздік үш шәкіртін шығарады. Пелагеяның тобында Мариам Әбділқадер, Валерий Кузаков және Рената Таирова болып, суперфиналға Кузаков жолдама алды. Меладзе болса, Анастасия Сисаури, Михаил Григорян және Ержан Мақсымнан құралған тобын дайындап, нәтижесінде, Ержанның аты озды. Лободаның тобында Микелла Абрамова, Нино Чеснер және Роберт Багратян болды. Суперфиналға белгілі әнші Алсу мен танымал бизнесмен Рафаэль Абрамовтың қызы Микелла шықты. Қызықтың көкесі – осы кезеңде. Үздік шыққан үшеу өзара сайысып, смс дауыс беру нәтижесінде, жүлдегер белгілі болады. Бас жүлдеге Микелла Абрамова қол жеткізді. «Микелламен жақсы дос болып үлгердік. Арнайы вокалға барып, сабақ алмайды екен. Оны конкурс кезінде өзі айтқан. Бірақ әділ болмады, дарыны жоқ деп айта алмаймын. Шыны керек, бірінші орын алсам, бәлкім мұншалық назарға ілікпес пе едім. Көбі мақтап, қолдап жатыр. Тіпті Инстаграмда оқырмандарымның саны да күрт көбейді. Байқауға қатыспай тұрып, 10 мыңдай адам оқыса, қазіргі көрсеткіш – 60 мың. Екінші орын алғанымнан кейін көбі дүрлігіп, мені лайық еді деп жатыр. Баршаңызға рақмет айтқым келеді», – дейді Ержан. Анасы болса, баласының бұған бола қайғырмағанын айтады. Тек ақтық сындағы әнін орындаған кезде тамағы ауырып, ойдағыдай айтып шықпағанына көңілі түскен екен. Сайыстан кейін көрермен қауым да, шоу-бизнес өкілдері де байқауға қатысты сын-пікірлерін жолдап жатты. Мысалы, тележүргізуші Максим Галкин «Конкурс әділетсіз болды. Мұндайға қарсымын. Болашақта балаларымды еш сайысқа қатыстырғым келмейді» деген болатын. Сонымен бірге, продюсер Иосиф Пригожин, әнші Вера Брежнева да осы пікірмен үндесті. Дауыс беру қолдан жасалмаса да, Алсудың фанаттары мен достарының үні басым түскен сыңайлы. Қош, не десекте, бала риза. Біз де басылдық. Мәз болатындай себеп те жоқ емес. Байқау біткен соң Ресейдің ең белгілі әншісі Ержанды мейрамханаға шақырыпты. «Бізге хабарласып, тосын сый бар екенін айтты. Кешкі асқа баратын болдық. Бірақ кіммен кездесетінімізді айтпады. Кешке көліктен түсе бергенде дипломдарды көзім шалды. Сөйтсем, «От Аллы Пугачевой» деген жазу бар екен. Сол кезде-ақ біліп қойдым. Дегенмен білмегендей түр таныттым. Кейін Алла Пугачеваның жеке өзімен кездескеніме қуандым. Назары түскен жандарға ғана сыйлайтын «Алтын жұлдызға» ие болдым. Бұл – үлкен мәртебе», – деді Ержан. Анасы алдағы уақытта шақыртулар болса, ұсыныстарды қарастыруға дайын екенін жеткізді. Сонымен бірге, 7 маусым күні өтетін «Муз-ТВ» жүлдесіне Арман Даулетияровтың өзі шақырыпты. Қызыл кілеммен Димаш Құдайбергенмен қатар өтетінін естіп, Ержан тіпті қуанды. Баланың көңілін көтеру үшін көп нәрсе керек емес. Бұған дәлел ретінде мына қызықты айтайық. Ержан мен анасын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қабылдаған болатын. Кездесу барысында министр жас әншіге iPad mini сыйға тартты. Бұл сыйлыққа қуанғаны сонша, Ержан «Дәл қазір ашып көрейінші. Мынаның баптауларын қалай жасайды? Менде осымен екі планшет бар» деді. Бәріміз қыран-топан күлдік. Қарапайым әрі шынайы кейпінен таймаса екен деген тілекпен тарқадық. Жетер жетістігің көп болсын, Ержан!
Жадыра Аққайыр