Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері мессенджерге жіберілген вирустық инфекцияға қарсы екпе егу туралы жалған хабарламаны жоққа шығарды, – деп хабарлайды Polisia.kz. WhatsApp мессенджеріндегі солтүстікқазақстандықтар тобына жіберілген хабарлама тарап кетті. Белгісіз автор 13 сөйлеммен жазған мәтінінде тұрғындардан пәтердің есігін ешкімге, әсіресе полиция қызметкерлерімен бірге келген дәрігерлерге ашпауға шақырады. Хабарламада олар вирустық инфекцияға тест жүргізіп, нәтижесінде өлімге әкеп соқтыратын екпе егеді делінген. Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті бұл ақпараттың жалған екендігін ресми түрде жариялайды. СҚО Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Қанат Айтбаевтың айтуынша, полиция қызметкерлері дәрігерлермен бірге пәтерлерді тексерумен емес, төтенше жағдай режимінде қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде тәртіп сақшылары тәулік бойы блокбекеттерде қызмет атқарып, коронавирустық инфекция ошақтары анықталған жерлерді күзетеді. Көрші Ресей Федерациясы тұрғындарының мессенджерлері топтарына жіберілген осындай мәтінді жалған хабарламаларды да ішкі істер органдарының қызметкерлері жоққа шығарды. Полицейлер халықты тек ресми дереккөздер мен бұқаралық ақпарат құралдарында расталған ақпаратқа сенуге және күмәнді хабарламалар жібермеуге шақырады. Полиция қызметкерлері сонымен бірге көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік ҚР Қылмыстық кодексінің айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаны көздейтін 274-бабында қарастырылғанын еске салады. Егер бұл төтенше жағдай кезінде орын алса, онда үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылады.