Демеске амалымыз жоқ. Көліктен келетін кесепат азаймай тұр. Жуырда ғана Қордайдағы апаттан 11 адам көз жұмып, 30 адам жарақат алғаны белгілі. Жалпы саны 41 адам көлік апатынан зардап шекті. 8 адам оқиға орнында қаза тапты, екеуі – ауруханада, біреуі медициналық госпитальда көз жұмды. 30 адамға медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Жол ережесін сақтау қажеті қанша айтылса да, айыппұлды жыл сайын қанша көбейтсек те, қайғылы жағдай жиілеп кетті. Бір жүргізуші сақ жүрсе де, екінші жүргізушінің салғырттығынан қайғыға тап болады. Тақтайдай тегіс жолдағы тәртіпті реттеуге камераның да, Жол полициясы қызметкерінің де күші жетпей тұр. Неге? Кей деректерге сүйенсек, тәуелсіздік алған 28 жылда жол-көлік оқиғасы салдарынан 82 мың адам қаза болыпты. Зардап шеккендері қаншама?! Өткен жылдың өзінде 16 мыңға жуық жол апаты болып, 2 мыңнан астам қаза тапса, 20 мыңға жуығы жарақаттанған екен. Демек, бір жылдың өзінде 20 мың адам мүгедек атанды деген сөз.
Мәдина Ералиева, Оразалы Досбосынов, Бақытжан Жұмаділов, Бекзат Саттарханов, Руслан Бөлебай сияқты елге белгілі азаматтар да жол апатынан көз жұмды. Соғыстың бетін аулақ қылсын, дегенмен, соңғы көлік апаттары «соғыссыз-ақ» шығынға ұшыратып жатыр. Жол-көлік оқиғасы неге жиіледі? Себебі бар, салдары қандай? Осыған жауап іздеп көрдік пе? Күн сайын кемінде сегіз адам көлік апатынан қаза тапса, 20 адам жарақаттанады екен. Күніне 20-30 адам жарақаттанып жатса, еңбекке жарамсыз болып қалады деген сөз.
Мәселенің мәнісіне үңіліп, тереңірек зерделесек, бірқатар себептердің көлбеңдейтіні анық. Біріншіден, жүргізушінің салғырттығы. Екіншіден, жолдың сапасыздығы. Мәжіліс депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов: «Жүргізушілердегі куәлік берудегі тәртіпсіздік – бірінші мәселе. «Куәлік беру тәртібін жеңілдетеміз, оңтайландырамыз» деп бұл саланы еркіне жібердік. Қазір жүргізуші куәлігін алғысы келген адам оны оңай ала салады. Шетелдіктерде бұл мәселе қалай жолға қойылған? Еуропада жүргізуші куәлігін беру құқығы нарыққа бейімделген. Бірақ жүргізушіні дайындайтын оқу орталықтарының лицензия алу процесі өте қиын. Егер сол орталықтан тәлім алып, жүргізуші куәлігіне ие болған адам бір жерде жол апатын жасауға себепкер болса, құзырлы органдар жан-жақты жұмыстар жүргізеді, ақыр аяғы келіп оқытқан көлік жүргізуге үйреткен орынды келіп тексереді. Қалай оқытқанына, ол адамға жүргізуші куәлігінің қалай берілгеніне дейін түгел сараланып, соған қатысты да шешім шығарылады. Өркендеген елдерде жүргізуші куәлігін алу өте қиын. Айталық, ТМД елдерінен Еуропаға қоныс аударған, бұрын бізде бірнеше жыл көлік жүргізген тәжірибесі бар азаматтардың өздері алты айға дейін, тіпті бір жылға дейін куәлік ала алмай жүргенін айтқан еді. Бізге де осындай қатаң тәртіп қажет» деген пікір айтады. Жүргізуші куәлігін алуды оңтайландырғаны – мәселенің бір ұшы ғана. Әрине, көлік жүргізіп көрмеген, жол жүру тәртібін білмейтін жанға куәлікті ұстата салғанымыз да дұрыс емес. Бізге Еуропа елдеріндегідей қатаң тәртіп керек. Бұл – бір жағы. Екіншіден, көлік апатының алдын алудың жолы бар екенін айтып, шырылдап жүрген жанның бірі – өнертапқыш Алмат Салғарин. Ол өзі ойлап тапқан жобасын өткізе алмай әлек. Кейіпкеріміз 2001 жылы жол апатына түсіп, аман қалыпты. Көліктің алдында отырған екі адам көз жұмады. Қатты жарақат алғандықтан, бас сүйегі мен ішкі ағзасына зиян келіп, бір жыл ауруханада жатады. Сонда жатып, ермек орнына қолында бар дүниелерден бір жобаны ойлап табады. «Жол апатының кесірінен бір жылда мемлекетке 3 млрд-қа жуық шығын келеді екен. Осы мәселені шешу үшін екі құрылғы ойлап таптым. Оның бірі – жылдамдықты қадағалайтын «Алаш» жобасы болса, екіншісі – ішімдік ішкен адамның көлік жүргізбеуін қадағалайтын «Сақтан» құрылғысы», – дейді кейіпкеріміз. Алмат Салғариннің айтуынша, көлік апатына себеп болатын екі нәрсе бар: біріншісі – жылдамдықты шектен тыс асыру, екіншісі – мас күйінде көлікке отыру. Екі жағдайда да «тірі» қалу мүмкін емес. «Көп жағдайда жастар көлікке отыра салысымен, жылдамдықты асыруға тырысады. Ал оның салдары, көлік апатына әкеп тірейді. Екінші жағдайда, мас күйінде көлікті тізгіндейтіндер өте көп. Олар одан зиян шегетінін білмейді. Жол полициясы айыппұлды көбейткен сайын көлік апаты да жиілеп кетті. Өйткені ішкен адамға «жылдамдық арттырма, мас күйінде көлікке отырма» деп ешкім айта алмайды. Айтқан күнде де құлақ аспас еді. Сондықтан мұндай қасірет болмау үшін «Алаш» пен «Сақтан» құрылғысын пайдалансақ, ұтар едік. Өкінішке қарай, он жылдай болды, бұл жобаны қолдайтын адам табылмай тұр. Одан гөрі айыппұл төлетуді тиімді көретін секілді. Ал айыппұл адам өмірін құтқарып қала алмайды ғой. «Алаш» құрылғысының тиімді тұсы – жылдамдықты тежеуге мүмкіндігі бар. Ал «Сақтан» құрылғысын пайдалансақ, ішімдік ішіп, рульге отырсаңыз, көлік өз-өзінен жүрмей қалады», – дейді өнертапқыш. Күн сайын кемінде сегіз адам көлік апатынан қаза тапса, 20 адам жарақаттанады екен. Күніне 20-30 адам жарақаттанып жатса, еңбекке жарамсыз болып қалады деген сөз. Қазір көлік апатынан жақынынан, туысынан, туғанынан айырылмаған отбасы кемде-кем. Қоғамның ең басты құндылығы – адам. Ендеше, біз өз құндылығымызды неге сақтай алмай отырмыз? Өнертапқыш Алмат Салғарин өзі ойлап тапқан құрылғысын өткізе алмай дал болып жүр, біз болсақ, күніне 7-8 адамнан жоғалтамыз. «Бұл жоба елімізде жүзеге аспайтын болса, шетелдіктерге ұсынудан басқа амал қалмады. Оншақты жыл шетелде тұрып, құрылғыларымды әлемге танытқым келеді», – дейді өнертапқыш. Керісінше, бұл жобаны өз елімізде қолданып, оны ары қарай экспортқа шығарар болсақ, көбірек пайда табар едік деген ойды айтады кейіпкеріміз. Қазақстанда ғана емес, әлемде де көлік апатынан қаза тапқандар саны артып отыр. Демек, олардың бұл жобаға қызықпауы мүмкін емес. Онда біз қолдағы бар «алтыннан» айырылып қалуымыз ғажап емес-ау. Қалай десек те, апатты болдырмаудың жолын іздеген абзал. Осы тұрғыдан келгенде, Жол полициясы да, Үкімет те бұл жобаға назар аударса, жөн болар еді. Майқы бидің «темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» деп үш ғасыр бұрын айтқаны бар екен. Атақты бидің даналық сөзі ақиқатқа айналғандай. Осылай қол қусырып отыра берсек, жол-көлік апатынан көз жұматындар саны күн санап емес, сағат санап көбейетін болады. Адами капиталдан айырылмаудың жолын іздеген дұрыс. Оған тақтайдай жол емес, сақадай сай көлік емес, жылдамдық кінәлі екенін ұғатын кез жетті. Жылдамдықты асырып, бір сәтте өте шығамын деп ойлауыңыз мүмкін, ал ол сәттер сіздің өміріңіздің соңғы минуттарын шешіп кететінін ұмытпаған абзал! Сақтансаң ғана сақтайды.
Гүлзина БЕКТАС