Қазақстанда сovid-19.mentalcenter.kz сайты іске қосылды. Оның басты функциясы – коронавирус инфекциясымен күрес аясында азаматтарға психологиялық қолдау көрсету. Сайтта өзіңізді мазалаған сұрақтарға жауап алып, психолог және психотерапевтің онлайн қабылдауына жазылуға болады. Мамандар күйзеліске берілмей, стресті басқару әдістерін айтады. Сондай-ақ баларлармен коронавирус туралы қалай сөйлесу қажет және карантин кезінде үйдегі отбасы мүшелерімен қандай қарым-қатынас орнату керек деген сауалдардарға жауап береді. Бірнеше күн бұрын іске қосылған психологиялық қолдау платформасын пайдаланғандар саны әзірге аз. Күніне 7-8 адам ғана кәсіби маманнан онлайн кеңес алған. «Бірақ бұл тек басы ғана» дейді психологтар. Себебі, әлемдік деңгейдегі күрделі мәселемен күресте кез келген адамға психологиялық көмек керек. Әсіресе, карантинде жатқандар ерекше қолдауға зәру.
Республикалық психикалық денсаулық ғылыми орталығының психологы Жұлдызай Алиева: «Бір жерде отырып қалғаннан кейін адамның күнделікті өмірі біркелкі өтіп жатқан тәрізді болуы мүмкін. Өйткені тығырыққа тіреліп, іштей тоқырауға ұшырағандай сезім қалыптасады. Ал маманның кәсіби тілмен түсіндіргені, кәсіби тілмен жеткізгені сіздің жаныңызға жай таптырып, ары қарай сіздің өмір сүруге құлшынысыңызды оятады», – дейді.Карантин басталғалы еріксіз үйіне қамалғандардың бірі жалғыздықтан жабырқаса, енді бірі ұйқысы қашып, алдағы уақытта не болады деп уайымшыл болып кеткен. Жалпы сайтқа Қазақстанның әр өңірінен 70-тен астам психолог тіркелген.