Опера және балет театры шақырады
Опера және балет театры шақырады
244
оқылды
Ұжым 27-28 сәуір күндері ерекше тарихи мазмұнға негізделген премьералар шоғырын көрермен назарына ұсынбақшы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры алдағы бір актілі үш бірдей премьераға байланысты баспасөз жиынын өткізіп, ақпарат құралдары өкілдеріне алдағы тың туындылар жайында әңгімелеп берді. Жиынға театр директоры Ая Қалиева, бас балетмейстер Гүлжан Түткібаева, қоюшы дирижер Ерболат Ахмедияровтар қатысты. Сондай-ақ балет саласында есімдері әлемге әйгіленген қоюшы хореографтар бельгиялық Дэвид Джонатан мен бразилиялық Рикардо Амарантелер де тұңғыш рет алматылық ұжыммен бірлесе жұмыс істемек. Ұжым 27-28 сәуір күндері ерекше тарихи мазмұнға негізделген премьералар шоғырын көрермен назарына ұсынбақшы. Олардың алғашқысы Фридерик Шопеннің «Шопениана» атты балет классикасы. Аталған туынды Абай атындағы театрда тұңғыш рет сахналанғалы отырған жоқ. Осыған дейін 1962 жылы Заурбек Райбаевтың жетекшілігімен қойылған. Осы жолы Михаил Фокиннің қолтаңбасымен көпшілікке жол тартпақ. Екіншісі – «Бах шығармашылығын тану» атты ең танымал фортепиано концерттерінің біріне қойылған, бір актілі сюжетсіз балет. Үшінші туынды – «Болеро» деп аталады. Оны 1928 жылы Морис Равель оркестрге арнап жазып шыққан. Шығармашылық топтың айтуынша бұл қойылымда әйел жанының сезімталдығы мен асқан сұлулығы суреттеледі. «Спектакльдердің барлығы ешқандай фонограммасыз, жанды дауыста жүргізіледі. Әрқайсының хореографиялық ерекшелігі бар және ұлы музыка өнерімен сусындай аласыздар. Үш балетті де біріктіріп тұрған – өте керемет музыка деп айтар едім. Әр спектакльдің өзіндік жұмбақтары көп. Дайындық жұмыстары өте ұзаққа созылды. Әрбір механизм есепке алынып, қойылымның ұсақ-түйек жұмыстарына дейін аса мұқият жүзеге асты. Әрбір балет артисі үшін өзіндік рөлдер жасалды» дейді театр басшысы Ая Қалиева. Ал бас балетмейстер Гүлжан Түткібаеваның сөзінше, олар шетелдік кәсіби балетмейстерлермен жұмыс істеуді бұрыннан ойластырған. «Артистерді таңдау бойынша олардың көзқарастары жаңаша. Жалпы, біздің театр мамандарды және музыкалық материалдарды таңдау кезінде жеті рет өлшеп, бір рет кеседі. Әбден ойланып, талқылап барып осы шешімге келдік. Дегенмен түпкілікті бағаны көрермендер береді. Біз премьераның тезірек басталып, көрермен назарына ұсынылуын тағатсыздана күтудеміз»,– деді халық әртісі Гүлжан Түткібаева. Абай Қазбекұлы