Ақын, әнші Әсет Найманбайұлының қара домбырасы табылды. Атадан балаға мирас болып келген құнды жәдігер қазір Қарағанды облысының Балқаш қаласында тұратын Шалғынбай Қашқынбаевтың шаңырағында тұр, – деп жазады 24.kz. Шамамен, 100 жыл бұрын жасалған домбыраны Шалғынбай Қашқынбаевтың әкесі Сатыбалды Күлімбаевқа Әсеттің өзі тарту еткен. Өткен ғасырдың 20-жылдары бір топ адам Қоянды жәрмеңкесінен қайтып келе жатып, бұлақ басына аялдайды. Осы кезде демалып отырған Әсет көпшіліктен «араларыңда ән салатын кім бар?», – деп сұрайды. Жұрт қолқалап қоймаған соң Сатыбалды Күлімбаев ән шырқаған. Оның дауысына риза болған Әсет домбырасын сыйлап кетіпті. Кейін құнды жәдігер атадан балаға мирас болып қалады. Балқаш қаласының тұрғыны Шалғынбай Қашқынбаев: «Ешкінің шегінен жасалған. Ол көп тұра берген соң шыдамай, қиылып қалған. Беті арша болған. Ол кішкене шіріңкіреп, түскені түсіп, үгілгені үгіліп қалады. Содан кейін мен мынаны қазіргі өзіміз тартып жүрген домбыраның шегін тағып, келтірдім. Бет тақтайын жұқа пластмассадан салдым, дауысы шығу үшін», – дейді. Көне домбыраның Шалғынбай ақсақалдың шаңырағында тұрғанына 50 жылға жуықтапты.