Мүлдем есепшоты жоқ азаматтар 42 500 теңгені алу үшін банкке бармаса да, жәрдемақы алады
Мүлдем есепшоты жоқ азаматтар 42 500 теңгені алу үшін банкке бармаса да, жәрдемақы алады
Фото: Интернеттен алынды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ОКҚ онлайн-брифингінде банктерге үндеу жасады. Қазір 42 500 теңге алуға өтініш білдіретіндердің банктерде есепшоты болмағандықтан қиындық туып жатыр. Осы орайда министр өтінішті ешқандай есепшот көрсетпей, тапсыра беруге болатынын айтты. «Өтінішті берген кезде біз сізге 42 500 теңгені бір жерге төлеуіміз керек. Сондықтан өтінішті бергенде есепшотты көрсету қажет. Біз ол ақшаны аударуымыз керек. Біраз азаматтарымызда осындай есепшоттары жоқ екен. Ешқашан өмірінде есепшот ашпаған. Біздің азаматтар үлгермей қалатын болдық деп банктерге жүгініп жатыр. Өз кезегінде банктер де наразылық білдіріп жатыр», – деді Нұрымбетов. Министр бұл мәселе бір-екі күнде шешілетінін ескертті. «Бір-екі күнде мынадай өтініш енгіземіз. Сіз өтініш берген кезде банкте шотыңыз болса, шотты көрсететін жерге ештеңе көрсетпейсіз. Астында ескерту тұрады. Біз өтінішіңізді қабылдаймыз. Сіз бәріне сай келіп тұрсыз. 42 500 теңгені тағайындаймыз. Сіз шотты бергенше бір айға дейін күтеміз. Шотыңызды алған соң тағайындалған төлемді аударамыз. Мүмкіндік болса, өтінішіңізді беріп қойып сосын асықпай есепшотыңызды алуға болатын жағдайды қазір қарастырып жатырмыз. Бір-екі күнде сондай шешімді порталдарға енгіземіз. Бірақ біз есепшотыңызды бергенше күтеміз», – деді Нұрымбетов. Cондықтан министр банктердің басшыларынан халыққа көмектесу үшін есепшот ашудың жолдарын оңайлатуды сұрады.