Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қызу дайындық жүріп жатыр. Санаулы күнде, анығы 13-14 сәуірде М.Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыланды» дастан-драмасы негізінде «Қобыланды» спектаклінің премьерасы көрермен қауымға жол тартады. Біз спектакльдің режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбайды әңгімеге тартқан едік. – Нұрқанат аға, Астана жастар театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері екеніңізді білеміз. Соған қарамастан еліміздің бас театрында «Қобыланды» спектаклін сахналауға уақытыңызды арнап келіп отырсыз. Театр ұжымымен жұмыс процесі қалай жүріп жатыр? – «Қобыландыны» сахналаймын деп ойлаған жоқпын. Осы қыста Алматыда ауруханада жатқанмын. Театр басшысы Сәбит Әбдіхалықов келіп ұсыныс жасады. «Алдын ала дайындалмағаннан кейін қиындау болады, оның үстіне сырқаттаныңқырап жүрмін» деп ыңғай танытпаған едім, «Бұл – театрдағы ақсақалдарымыздың ұсынысы. Осы спектакльді сіздің қоюыңызды қалап отыр» деп ағынан жарылды. Бірер күннен кейін Асанәлі Әшімов, Есмұхан Обаев ағалармен кездеспекші. Олар «Театрда қазақтың классикасын қойғымыз келеді. Мұхтар Әуезовтің «Қобыландысы» ұзақ жылдардан бері қойылған жоқ, қайтадан бір сахналасақ» деп ұсынысын айтып, үлкендердің қолқасын жерге тастай алмай, қойылымға дайындықты бастап жібердік. Кезінде бұл спектакльді әкемтеатрда сахналап, ұлы қойылым жасаған – ұстазым Әзірбайжан Мәмбетов. 1967 жылы консерваторияда оқып жүргенімде сол спектакльдің массовкасына қатысқан едім. Ол кезде көп нәрсені түсінбеген екенмін. Тіпті ол кезде режиссер боламын деп ойлаған да емеспін. Бірақ осы спектакльді қою барысында Ыдырыс Ноғайбаевтың Қобыландысы, Фарида Шәріпованың Құртқасы, Хадиша Бөкееваның Қарлығасы, Асанәлі Әшімовтің Шуағы, Райымбек Сейітметовтің Бірсімбайы – бәрі есіме түсті. Спектакльді көріп таңғалатынбыз. Көрермендердің қабылдауы да басқаша болатын. Қазір – ХХІ ғасыр. Көп нәрсе өзгерді. Ол «Қобыландының» кезіндегі үлкен кісінің көбі өмірден озып кетті. Олардың немере-шөберелері өсіп, ер жетті. Әрине, спектакльді өмірден озып кеткен бұрынғы кісілерге арнамайсың ғой, қазіргі жастардың түсінігіне қарай Қобыланды деген ұлы бабаларының болғанын, оның елін, жерін қорғағанын, егемен ел болуымызға септігін тигізгенін көрсету керек деген ұстаныммен осы спектакльді қабылдағаныма қазір қуанамын. – Ел «Қобыланды батыр» жырын эпостық дастан ретінде біледі. Ал сіз сахналап жатқан «Қобыландының» форматы қандай болмақ? – Спектакльдің форматы драма күйінде қалады. Бұрын «Қара қыпшақ Қобыланды» деген атпен қойылса, біз бір ғана рудың деңгейінде қалмай, ауқымын кеңейту үшін «Қобыланды» деп атағанды жөн көрдік. Бұл спектакльге Ғазиза Жұбанова музыка жазған болатын. Сол музыканы пайдалансақ деп көп тыңдадым. Ғазиза апамыздың жазғаны ұлы шығарма, бірақ ол қазіргі заман талабына сай біраз өңдеуді талап етеді екен. Бүгінгі күнге ыңғайлап өзгерістер енгізуге ол кісінің көзі тірі емес. Сол үшін Әсел Омарова деген жас музыкантты шақырып, ол арнайы музыкаларын жазып шықты. Гузель Мұхамеджанова актерлердің пластикасына көмектесіп жатыр. Қоюшы-суретші Мұрат Сапаров көркем безендіруге кірісіп кетті. Бұрынғы қойған спектакльдің атмосферасы бар, бірақ өзінше ерекше декорациялар кездеседі. Тайбурылдың мүсінін жасап, оны «тірілтіп», ұшатын жасап жатырмыз. Бұл да бір ерекшелігі. – Қойылымның тағы қандай ерекшелігі бар? Жаңа техникалық мүмкіндіктерді пайдаланудағы өзгешеліктерге тоқтала кетсеңіз. – Театрдағы бар мүмкіндікті қолданып жатырмыз. Жоғары көтеріліп-түсетін сахна, шеңбердің айналуы, Қобыландының ұшатын Тайбурыл аты, тағы сол сияқтылар. Ұшатын ат та жай ғана ауызда қалған сөз емес, шындығында Қобыландының Тайбурылының қанаты болған. Дастанда Тайбурылдың ізі, шабысы, демі кең ауқымда суреттелген. Тайбурылды үлкен кейіпкердің біріне айналдырып отырмыз. Бұрынғы қойылымда Көклан жағымсыздау кейіпкер болған. Өйткені Мұхтар Әуезов бұл спектакльді кеңес заманында жазып, көп нәрсенің басын аша алмай, сол кезде нашарлау кейіпкер жасау керек болды деп ойлаймын. Біз Көкланды өз трагедиясы бар, мәңгі жасайтын көріпкел етіп бейнеледік. Оның бәріне жаны ашиды, бірақ көмектесу қолынан келмейді, тағдыры солай жазылып тұр. Оны әрбір істің хабаршысы болып жүретін кейіпкерге айналдырдық. Бұл да бір өзгешелік. Спектакльде сахналық сайыс көп. Көпшілік сайыс, екіден, үштен сайыс. Nomad каскадерлер клубы келіп қолұшын беріп, актерлерді үйретіп жатыр. Бұл әлемдік деңгейде аты әйгілі жігіттер. Шымкент циркінің жігіттері Көкланның көтеріліп-түсетін, ұшатын эпизодтарына көмектесуде. Олардың бәрі «Қобыландының» сахнада жақсы шығуына шын ниетімен тілектес болып, қолдан келген көмегін тигізуде. – Әзірбайжан Мәмбетов сахналаған «Қобыланды» спектаклінің актерлік құрамында Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков, Шолпан Жандарбекова, Серке Қожамқұлов, Райымбек Сейітметов сияқты көптеген Халық артистері болған. Ал қазіргі актерлік құрам туралы не айтар едіңіз? Артистерді қалай таңдадыңыздар? – Әуезов театрының бұрынғы, орта буын актерлерін жақсы білеміз. Шынын айтқанда, кейінгі толқын актерлерді онша танымайды екенмін. Өйткені спектакльде ойнайтынның көбі театрға жаңа келген жастар. Спектакльдің актерлік құрамы театр басшылығымен, Есағаң (Есмұхан Обаев), Асағаңдармен (Асанәлі Әшімов) ақылдаса отырып таңдалды. Олардың тілегі де сол – жастарға көмектесу, солардың деңгейін өсіру. Дайындық барысында жастардың аяқ алысы жаман емес. Рөлдерде Айдос Бектеміров, Рашида Хаджиева, Болат Әбділманов, Шынар Асқарова, Шерхан Пірназаров, Ғалымбек Оспанов, Ләззат Қалдыбекова, Назгүл Қарабалина, Дулыға Ақмолда, Баян Қажнабиева, Алмас Шаяхметов, Ажарлым Бақытжанова, Зарина Кармен, Аян Өтепберген, Мағжан Асаубай, Әсел Сайлауова сияқты театрдың белді актерлері де ойнайды. Дайындық барысында актерлік жұмыстарым оларға керек екенін сезіне бастадым. Олар да мені түсінді. – Инсценировка барысында өзіңіз жаңа кейіпкер қостыңыз ба? Мұхтар Әуезовтің шығармасы мен спектакльдің қандай айырмашылықтары бар? – Жаңа кейіпкер қосқан жоқпыз. Бірақ қазіргі заманға лайықтадым. Пьесаның сөздері сол қалпында сақталды. Бұл спектакль 1967 жылы қойылып, сахнада ұзақ жүрді. Елу жылдан астам уақытта жаңарып, қайтадан сахналанып отыр. Жасыратын несі бар, «Қалай болар екен, көрермен қалай қабылдар екен?» деген қорқыныш та жоқ емес. Әзірбайжан Мәмбетов – қазақ театрына жаңалық алып келген және оны әлемдік деңгейге көтерген ұлы режиссер. Қалғанымыз Әзекеңнен үйрендік. Өнер – киелі дүние. Өнерлі болу көрінгеннің маңдайына жазылмаған. Бұл халыққа үлкен қасиет болып дару керек. Театр – мұңайып келгенді қуантатын, қуанып келгенді ойландыратын қасиетті жер. Адамның жан дүниесін тазартатын орын. Театрға адам жайдан жай келмейді. Жоғалтқанының орнын толтырып, іздегенін тапқысы, үзілгенді жалғағысы келеді. Қиналып жүрген сәтте театрға келіп ойланып, іздеп жүрген нәрсенің түйінін табады. Ондайлар көп. Өз басым қанша адамның алғысын алдым. «Үзіліп бара жатқан өмірімді қайта жалғадыңыз. Өмірдің мәнін енді түсіндім» деп жылап тұрып, алғыс айтқандар да кездесті. Спектакльдерім арқылы халықты қуанышқа бөлесем, сол үлкен жетістік. Осы спектакль арқылы жастардың жүрек тетігіне тие білсек деген ойымыз бар. – Әңгімеңізге рақмет!