Зеленский президенттік қызметке кіріскеннен кейін бірінші не істейтінін мәлімдеді
Зеленский президенттік қызметке кіріскеннен кейін бірінші не істейтінін мәлімдеді
Украинаның жаңа президентін ұлықтау рәсімі 2019 жылдың 3 маусымына дейін өтуі тиіс Владимир Зеленский Украинаның қазіргі президенті Петр Порошенкодан құттықтау алғанын жария етті. «Украина президенті Петр Алексеевич Порошенкоға үлкен алғыс айтамын – ол қазір ғана қоңырау шалып мені жеңісіммен құттықтады. Ол кез келген уақытта көмек беруге дайын екенін айтты. Ол менің және командамның жеңісін мойындады» деді Зеленский. Өз кезегінде Зеленский де Порошенконың көмегіне қажет болған жағдайда сүйенуге даяр. Сонымен қатар оны қоғамның ықыласына орай қандай да бір қызметке тағайындауға да қарсы емес. Сондай-ақ ол президент міндетіне кіріскеннен кейін бірінші ретте қандай жұмыстарды істейтінін де атап өтті. Оның айтуынша, алдымен Ресейде тұтқындалған украиналық теңізшілерді тұтқыннан босатпақ. Ол сондай-ақ «Біз барлығын Украина үшін істейміз – оны біріктіреміз. Біз украин халқы үшін жұмыс істейтін команда жинадық. Мен Конституцияның кепілі боламын. Біз елімізді қорғаймыз. Донбасстағы соғыс өрті сөну үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Жемқорлықпен күрес үшін арнайы заң әзірлейміз» деді. Украинаның жаңа президентін ұлықтау рәсімі 2019 жылдың 3 маусымына дейін өтуі тиіс. Бұған дейін Ұлттық экзит-пол сайлаудың алғашқы нәтижелерін жария еткен болатын. «Біз негізінен норманд форматы бойынша әрекет етеміз. Минск келісімін де жалғастырамыз. Оны қайта жандандыру керек. Бізде кадрлық ауыс-түйістер де болады деп ойлаймын» деді Зеленский экзит-пол нәтижесінен кейін өткізген баспасөз жиынында. Фото: Sputnik / Стрингер Абай Қазбекұлы