Дмитрий Баландин Токио олимпиадасына жолдама жеңіп алды
Дмитрий Баландин Токио олимпиадасына жолдама жеңіп алды
335
оқылды
Бұған дейін қазақстандықтардан Виталий Худяков пен Георгий Шейко лицензия иеленген Жүзуден олимпиада ойындарының жеңімпазы қазақстандық Дмитрий Баландин 2020 жылы Токиода өтетін олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алды. Баландин жолдамаға халықаралық Champions Swim Series турнирінде ие болды. Гуанчжоуда өткен әлемдік жарыстың финалдық кезеңіне қатысқан жүзгіш екі бірдей финалдық сайысқа қатысты. 200 метрге брасс әдісімен жүзуден Баландин 2:09.37 уақыт көрсеткішімен төртінші келді. Осылайша, ол 2:10.35 болатын іріктеу нормативін орындай алды. Бұл қашықтықта Рио олимпиадасының күміс жүлдегері ресейлік Антон Чупков жеңімпаз атанды (2:07.48). Ал күміс жүлде қытайлық Цин Хайянға (2:08.31), қола медаль жапониялық Иппэй Ватанабэге (2:09.33) бұйырды. 100 метрге аралас эстафета сынында Баландин қола медаль жеңіп алды. «Бұл турнирден үлкен әсер алдым. Қатысушыларға да, жанкүйерлерге де қызықты болды. Бұл турнир мен үшін олимпиада алдындағы дайындық. Мұнда әлемнің ең үздік жүзгіштері жиналды. Эстафета жеребе бойынша анықталып, команда кездейсоқ әдіспен жасақталды. Менің командамда ресейліктер және Австралия, Ұлыбритания елінің қыздары болды. Біз жеңе алатын едік. Алайда сәл уақытпен ұтылдық» деді Баландин. Жарыстың екінші кезеңі 11 мамыр күні Будапештте (Венгрия) өтеді. Ал турнир Индианаполисте (АҚШ) мәресіне жетпек. Бұған дейін қазақстандықтардан Виталий Худяков пен Георгий Шейко лицензия иеленген. Абай Қазбекұлы