Мұғалімде тек қана бір сынып емес, кем дегенде 10-15 сынып болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар орталығында «Төтенше жағдай кезінде қашықтан оқытудың жаңа форматтары» тақырыбында өткен онлайн брифингте айтылды. «Ұстаздар белсенді жұмыс атқаруда. Өте жақсы қабылдап, бізді қолдап жатыр. Ұстаздарға қазір өте қиын. Мен әлеуметтік желілерде және басқа да әріптестеріммен сөйлескен кезде мұғалімдердің жұмысы азайғаны туралы пікірлер естимін. Бұл пікірмен толық келіспейміз. Дәстүрлі режимде мұғалімдер сыныпқа келіп, 25-30 балаға сабақ жүргізіп, келесі сыныпқа көшіп отырса, бұл жерде жағдай – басқаша. Үйде отырып жұмыс жүргізгеннің өзінде 25-30 баланың әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс жүргізуі керек болады. Таңның атысы мен күннің батысына дейін, түннің бір уағына дейін әр баламен жұмыс жүргізіп отыр. Ол оңай емес. Мұғалімде тек қана бір сынып емес, кем дегенде 10-15 сынып болады. Жұмыс істеп жатқан әріптестеріме үлкен алғыс айтқым келеді» - дейді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Оның айтуынша, бүгін ата-аналар үшін де өте қиын болды. «Біз әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат арқылы айтылып жатқан сын-пікірлерді естіп, нақты жұмыстар атқарып жатырмыз. Ата-аналарға да үлкен салмақ түсіп жатыр, өйткені дәстүрлі оқу режимінде үй жұмысын жасау дегеннің өзі үлкен жүктеме еді. Енді қазір балалар күні бойы үйде, далаға шығу мүмкіндігі жоқ. Күндіз үй жұмысын ғана емес, сабақ оқуды ұйымдастырған кезде ата-аналарға эмоционалдық тұрғыда оңай емес. Әрине, біз істеп жатқан жұмыстар өзіміздің балаларымыз, олардың жарқын болашағы үшін. Сондықтан ұстаздарға көмек беріп, балалар үшін әрі қарай жұмысымызды бірге жасаймыз деп ойлаймын», - деді министр