Шымкентте COVID-19 вирусын жұқтырғандарды жатқызу үшін арнайы госпиталь салына бастады. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов 200 орындық аурухананың құрылысымен танысты, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Қалалық төтенше жағдай штабының мәліметінше, төтенше жағдай кезінде науқастарды қабылдайтын госпиталь тез құрастырылатын материалдардан тұрғызылады. Оған қажетті құрылыс заттары толықтай отандық болмақ. 400-ге жуық жұмысшы жергілікті жерден тартылған. Шаһар басшысы карантин кезінде жұмысшыларды арнайы автобуспен тасымалдау, қауіпсіздік шараларын сақтау және ауыр жүк көліктерінің тәулік бойы құрылыс заттарын тоқтаусыз жеткізу мәселесінде кедергі болмауын жүктеді. Арнайы аурухана стационар, жансақтау бөлімі сынды бірнеше бөліктен тұрады. Үйлеріне бармай жұмыс істейтін медицина қызметкерлері үшін орындар жасалады. «Бұл ретте уақытша аурухананың жабдықталуы мен санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы белгіленген нормативтерге толық сай болады. Мұндағы бүкіл ұйымдастыру жұмыстарын Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы үйлестіретін болады. Аталған госпитальдің қала аумағында қызмет етуі инфекциялық аурулардың алдын алуды жақсартатын болады», - делінген әкімдік хабарламасында.