Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасына барды. Мемлекет басшысы кітапхана тынысымен танысып, алда өтетін форум жайында ойымен бөлісті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жастардың зияткерлік орталығы болып қайта құрылған Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы Оpen space форматы бойынша жұмыс істейді. Орталықта электронды ресурстармен, кітап және мерзімді басылымдармен жұмыс істеу, фильм көрсету, таныстырылым, тренинг пен конференция өткізу қызметі қамтылған. Қаланың бірыңғай кітапханалар жүйесіне кіретін кітапханада 1,8 миллионнан астам кітап қоры бар.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев жастар мен еріктілер қозғалысының өкілдеріне өзінің өмірі мен еңбек жолы туралы әңгімеледі.
– БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болып жұмыс істеген кезімде волонтерлік жұмысқа көп көңіл бөлдім. Біз көптеген елдің еріктілерін жинап түрлі форум ұйымдастырдық. Қазақстан Парламентінде қызмет істегенде волонтерлік туралы заң қабылдадық. Мемлекет тарапынан бұл қозғалысқа қолдау көрсетіп, дамыту үшін барлық жағдай жасалып жатыр, – деді Қазақстан Президенті.
Сол күні Мемлекет басшысы «Бақытты отбасы» аналар орталығына барды. Орталықта Мемлекет басшысына көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдау жөніндегі Тұңғыш Президент – Елбасы тапсырмаларының орындалу барысы туралы мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев «бір терезе» қағидаты бойынша әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен көпбалалы аналарға қызмет көрсету мақсатында ашылған еліміздегі алғашқы мекеме «Бақытты отбасы» аналар орталығының жұмысымен танысты. Мұнда мамандар көпбалалы аналарға психологиялық, құқықтық мәселелер бойынша кеңес береді. Сонымен қатар жаңа мамандықтарға баулып, компьютерлік сауат ашуға көмектеседі. Орталық қызметі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың өмір сүру сапасын арттырып, олардың экономикалық дербестігін нығайтуға бағытталған.
Мемлекет басшысы мұнан кейін Алматы қаласының урбанистика орталығында болды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа цифрлық геоақпараттық орталықтың, «Алматы бас жоспары» ғылыми-зерттеу институтының, Алматы даму орталығының және Open Almaty қоғамдық қабылдауының жұмыстары туралы ақпарат берілді. Қасым-Жомарт Кемелұлы қаланы одан ары абаттандыру жоспарымен танысып, шаһардың 3D көрінісіндегі голографикалық пішінін қарады.
Қазақстан Президентіне Алматы индустриялық аймағындағы негізгі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы туралы баяндалды. Мұнда жапон, корей, қытай, неміс және басқа да шетелдік инвестициялар есебінен 5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген, құны 144 млрд теңге болатын 39 жоба іске асырылуда. Индустриялық аймақта бірнеше жоба орналастырылған. Атап айтқанда, Hyundai Trans Kazakhstan жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, электр автобустарын шығаратын Falcon Euro Bus жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Tokyo Rope Almaty жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, өңдеу, тамақ және жеңіл өнеркәсібі, қалдықтарды сұрыптау кешені сияқты кәсіпорындар.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Алматы қаласын дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.
Айша ЕРСҰЛТАН