Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанға коронавируспен күрес үшін 13 тоннаға жуық гуманитарлық жүк жіберді. Арнайы жүк тиелген ұшақ бүгін елорда әуежайына қонып, оны Сыртқы істер министрлігінің өкілдері қабылдап алды. «Біздің сұранысымызбен бұл жүктің келетіндігі осыдан бір апта бұрын белгілі болған еді. Жалпы, Әмірліктерге ғана емес, барлық мемлекетке еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған тізімге сәйкес қажетті медициналық заттар бойынша гуманитарлық көмек сұрап, хат жолдаған едік. Араб елдерінің ішінен ең бірінші болып Біріккен Араб Әмірліктері гуманитарлық көмегін жіберіп отыр. Гуманитарлық көмекте қолға киетін қолғаптар, медициналық маскалар, бахилалар, антисептиктер, бірреттік үстіге киетін арнайы киімдер бар. Жүктің жалпы салмағы 13 тоннаға жуықтайды. Бұл - Әмірліктер Үкіметінің Қазақстанға деген ізгілік көмегі», - деді БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Сыртқы істер министрлігі Таяу, Орта Шығыс және Африка департаментінің директоры Ержан Мұқаш. Оның айтуынша, бұған дейін Қазақстанға Түркиядан, Қытайдан, Жапониядан гуманитарлық көмек келген. Елімізден де гуманитарлық көмек сұрап отырған мемлекет бар. Оларға көмек көрсету мәселесін алдағы уақытта ел Үкіметі шешетін болады. «Мәселен, бізден Ауғанстан мен Иран елдері гуманитарлық көмек сұрап отыр. Жалпы, медициналық заттарға емес, азық-түлікке де мұқтаж болып отырған елдер бар», - деді ол. Әмірліктердің бізге жеткізген гуманитарлық жүгін қабылдап алу шарасына осы елдің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Мохаммад Ахмад Сұлтан Эсса Альджабер де арнайы келіп қатысты. «Өздеріңіз де Әбу-Дабиден шамамен 13 тонна жүк тиелген медициналық қорғаныс заттары бар ұшақтың келгеніне куә болдыңыздар. Бұл екі елдің және мемлекет басшыларының арасындағы жылы қарым-қатынастың, сонымен қатар коронавирус індетімен бірлесе күресу шараларының арқасында жүргізіліп жатыр. Бүгінде әлем осы індеттен зардап шегіп отыр. Бұл қиындықтарды да еңсереміз. Ал қазір, ең бастысы, Үкімет енгізген ережелерді сақтап, үйде отыруымыз керек», - деді БАӘ елшісі.