Алматыдағы №70 мектепте оқитын балалар үйінің тәрбиеленушісі Анна Водолазова Біріккен Араб Әмірліктерінде джиу-джитсудан жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында топ жарды.
Қаладағы №1 балалар үйінің директоры Гүлмира Қоңдыбаеваның айтуынша, Анна спорттың осы түрімен апта бойы тынбай дайындалады екен.
– Аннаның осында келгеніне бес жыл болды. Әкесі де, шешесі де жоқ. Сабақ үлгерімі жақсы. Оның әлем чемпионатында жеңіске жеткеніне қатты қуаныштымыз. Оның бұл спортпен айналысқанына бір жылдан енді асса да, жүлделі орындар алып жүр. Осы жетістік үшін Samurai академиясы мен бапкер Альберт Алдияровқа алғысым зор, – дейді Гүлмира Қоңдыбаева.
Бірнеше ай бұрын Анна қолын жарақаттап алып, бар күшімен жаттығу жұмыстарын істей алмаған. Сондықтан бапкерлер штабы оның жеңіске жетеріне сене қоймаған екен.
– Джиу-джитсу – бұл бірінші кезекте өз-өзіңмен күресу. Қиындыққа қарсы жүрсең, бәрін жеңесің. Біз оларға кілемде де, өмірде де қалай қиындыққа қарсы тұруды үйретуге тырысамыз. Сондықтан жеңілсе де, еңсесін түсірмейді. Осы жарыста медальдан бұрын олардың потенциалын көргіміз келді. Жаңа ортамен таныстырғымыз келді. Ал мақсатымыз орындалды, – дейді бапкер.
Анна әлем чемпионатында бес кездесуге шығып, екеуін мерзімінен бұрын аяқтапты.
– Кәдімгі балаларға қарағанда балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін мұндай жарысқа қатысу, спортпен мұқият айналысу мүмкіндігі төмендеу. Балалар маған келіп жаттыға бастағанда-ақ олардан чемпион жасаймын деп серт бердім. Әлем чемпионатына дейін ел ішінде оншақты жарысқа қатыстық. Біздің балалар әлемдік додада өздерінен деңгейі жоғары спортшылармен жекпе-жекке шықты. Бірақ өздерінің рухы, ұмтылысы да биік екенін дәлелдей алды, – дейді Альберт Алдияров.
Аннадан бөлек тағы бір тәрбиеленуші Любовь Темникова қола жүлдені жеңіп алған.