Мәжіліс депутаттары – Ақмолада

Мәжіліс депутаттары – Ақмолада

Мәжіліс депутаттары аймақтарға арналған іссапары кезінде сайлау­шылармен кездесіп, Елбасы Н.Назарбаевтың әлеуметтік бастамалары­ның орындалу барысымен танысты.

Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Шалқар ауы­лының тұрғындарымен кездес­кен Мәжіліс депутаттары Nur Otan фракциясының мүше­лері З.Аманжолова, Б.Хаменова, Ж.Дүйсенбаев және Б.Оспанов көпбалалы отбасылар мен тұр­мысы төмен жанұяларға мемле­кет тарапынан берілетін көмек тетіктерін түсіндірді. Депутаттар Қазақстан Республикасы Парла­ментінің қабырғасында талқы­ланған заң жобаларының бары­сына да тоқталып өтті. 
Кездесуге келген ауыл тұр­ғын­дары мақ­сатты әлеуметтік көмектің тағайындалуы, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандардың жәрдемақысын көтеру, тұрғын үй алу, көпба­лалы аналарға жасала­тын көмек мәселері бойынша сұрақтар қойып, сауалдарына тұшымды жауап ала алды. 
Халық қалаулылары сондай-ақ Шалқар ауылдық мектебінің ұжымымен, ата-ана­лармен кез­десіп, бюджеттік сала қызмет­керлері жалақысының көтерілуі, мақсатты әлеуметтік жәрдемақы­ның қайта есептелуі сияқты мә­се­лелер бойынша толық түсінік­теме берді. Олар бірінші кезекте Елбасы Н.Назарбаевтың әлеу­меттік бастамаларының жүзеге асырылу барысы, оның ішінде, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларды қолдау шараларына ерекше көңіл бөлінетінін айтты. 
Өңірлерді аралауға шыққан депуттар алдағы уақытта әртүрлі өндіріс орындарында, ауыл­шаруашылық және әлеуметтік нысан­дарда болып, еңбек ұжым­дарымен және жас­тармен кез­десу өткізбек. Халық қалаулы­лары осы бағытта қабылданған заңна­малық құжаттармен қатар, жал­пы заңшығарушылық жұ­мыстар жөнінде баяндайды. 
Айта кетейік, мәжіліс депу­тат­тарының халықпен кездесуі облыс, аудан орталық­тарымен қатар шалғайдағы елдімекендерді де қамтитын болады. 


А.ЖҰМАШ