Кәсіпкер сотқа арыз берді
Кәсіпкер сотқа арыз берді
127
оқылды
Белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаев өз абыройын қорғау үшін сотқа арыз берді. Бұған себеп – өзі директорлар кеңесінің төрағасы болып саналатын BI Group компаниясын біреулердің «елдегі қиын жағдайды пайдаланып, арнайы инфекциялық аурухана салып, байымақ» деген қауесет таратқаны. Айдын Рахымбаев Facebook парақ­ша­сында «Біреулер коронавирус инфек­ция­сы­мен кү­ре­сіп, оны тоқтату үшін қолынан кел­геннің бәрін жасап жатса, енді біреулер бұдан хайп жасап, жалған ақпарат таратып, өз қара басының қамын күйттеп, есебін түгендеуде» дейді. Бәрімізге белгілі, таяу күндері еліміздің үш қаласы – Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкентте тез салынатын инфекциялық ауруханалар тұрғызылмақ. Аты жаман ін­детке шалдыққандарды өзгелерден оқ­шаулау үшін салынғалы жатқан ауруха­налар науқастардың тезірек ем-дом алып шығуы­на мүмкіндік береді деген үміт бар. Өйткені бұл ауруханалар арнайы ауа бап­тағыш және желдеткіш жүйеге қосылады. Бұл медици­налық қызметкерлер арасын­да да ауру жұқ­тыру әсерін азайтуға мүм­кін­дік туғызады. – Осыдан бір апта бұрын Республикалық коронавируспен күрес жөніндегі штаб әрі кеткенде үш аптаның ішінде жедел аурухана тұрғызу керегін, жұмысшы тобына еліміз­дегі ірі құрылыс компаниясы ретінде бізді де қосқанын айтты. Өйткені бізде жұмыс істей­тін адамдар, инженерлер, техникалық және логистикалық ресурстар бар. Екі тәу­лік ішін­де көптеген жабық елдер мен қала­лардан материал жеткізу жайлы ұсыныс қарасты­рылды, дегенмен біз өз елімізде бар материал­дармен құрылысты бастау керек екенін түсіндік, – дейді Айдын Рахымбаев. Мемлекет басшысының түпкілікті шеші­міне сәйкес жедел салынатын ауруха­налар құрылысы басталып та кетті. – Госпитальдер жөніндегі жалаға төз­бейміз. Мұндай жала бізді тоқтата алмай­ды, бұл күресті әрі жалғастыра береміз. Заң­гер­леріміз анық емес, жалған ақпа­ратты тарату­шылардың үстінен қылмыс­тық іс қозғау үшін полицияға арыз берді. Бұл іспен тиісті ор­гандар айналыссын, тиісті адамдар өз жаза­сын алсын. Біз назарымызды басқа жаққа аударғымыз келмейді. Өйткені міндетіміз мүмкіндіктің барынша дәрігер­лері­міздің біздің азамат­тарымызды көбірек құтқару үшін екі ап­таның ішінде үш ауы­сым­мен жұ­мыс істеп, төменгі шығынмен үш госпиталь тұрғызу. Қайғыдан хайп жа­саудың қажеті жоқ. Біздің қазіргі міндетіміз бос әңгіме соғу емес, Президенттің айна­ласына бірігу және оның жедел шешімдері мен еліміз­дегі, ортақ Отанымыздағы мә­се­лелердің тезірек шеші­луіне қолдан кел­ген­ше кө­мек­тесу, – дейді Айдын Рахымбаев.  

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ