Қуғындалған Талжанов
Қуғындалған Талжанов

«Бір жазушының шөбересі атасының мұрасын жинағысы келеді. Соған сенің көмегің қажет» деп банкте істейтін құрбым хабарласты. «Атасының мұрасын неге елден іздейді?» деп әуелде таңданғанымыз рас. Сөйтсек, Дана Талжанованың атасы мен әжесі екіге айрылып кеткен соң, ұзақ жылдар бойы атасы туралы естімеген де, білмеген де екен. Бастысы, Талжанов деген фамилияны иемденіп жүрген есті қыз өзінің тамырына, түбіне қайта оралғысы келіпті. Белгілі жазушы, ғалым, аудар­ма­шы Сәйділ Талжановтың шөбе­ресі Данамен осылай таныстық. Дананың өтініші бойынша, Сәйділ Талжановқа қатысты бүкіл дерек­тердің бәрін сүзіп шықтық. Жазу­шы туралы білген, естіген, зертте­ген ғалымдардың да шығар­ма­лары­­мен танысуға тура келді. Сонымен, Талжанов туралы не біле­міз? Биыл қаламгердің туға­нына – 113 жыл. Ол «Халық жауы» атанып, өмірінің 19 жылын түр­меде өткізсе де тағдырдың сынына қайыспаған жан. Түрмеден кейін бостандықта 15-ақ жыл өмір сүріп­ті. Сол 15 жылдың әр күнін, әр сәтін құр жібермей, тиімді пайда­ла­нуға тырысқан екен. Ол да қуғын­далған, азап шеккен, тағдыр тауқыметін бір кісідей арқалаған зұлмат жылдардың өкілі. Осы жұрт Сәйділ Талжановты біле ме екен? Бәлкім, оның қазақ әдебие­тіне қосқан өлшеусіз үлесі туралы бейхабар да шығар.

Сейфуллиннің бөлесі

Сәйділ Талжанов 1906 жылы Қара­ғанды облысының Нұра ауда­нына қарасты Тоқтамыс ауылында дүниеге келген. Әкесі Омар мен шешесі Сарқыттан сегіз ұл, екі қыз туған екен. Сол сегіз ұлдың кенжесі – Сәйділ. Толық аты – Сәйділ­ғараб, яғни арабтың мырзасы, қожа­сы деген мағынаны білдіреді. Жазушы «Өткен жылдар сөйлейді» кітабын­да бұл жағдай туралы былай жаз­ған: «Ата-ананың ойын­да ақау жоқ, менің «дәу» болуымды  тіле­ген, бірақ ескі ел ғұрпынша, көп баланың кішісі болу – иттің күшігі болумен тең. «Әуеден шұға жауса, құлға ұлтарақ та тимейді...». 
Жазбаларға қарасақ, Талжан­ның Омарын азамат соғысы кезін­де Захаровкада ақтың офицері қылышпен шауып өлтірген. Содан Әшім мен Сәйділ анасымен бірге қарындастарын алып, Алматыға келген. Сәйділдің ағасы Әшім Омаров – Ташкенттегі Орта Азия университетінің қоғамдық ғалым­дар факультетінде оқып жүріп, Қазақстанның хұқықты өкілі бо­лып қызмет істеген. Ол – 1920 жы­­лы 4 қазанында Орынборда өткен бірінші съездің делегаты. Ақмола уездік атқару комитетінің револю­циялық «үштіктің» төраға­сы болған. Қазақстан өкіметінің алғашқы мүшелерінің бірі еді. Аштық жылында қамалған ол, Сәйділ Талжановтың үлкен ұлы Эмиль туғанда босатылып келді. Содан мемлекеттік банкте істеп жүргенде «Сәкен Сейфулинмен байланысы бар» деп,  1937 жылдың қара­шасында оны тағы алып кет­кен. Кей  деректерде оның  Сәкен­мен қатар ұсталып, атылға­ны туралы жазылады.  
Бұл әулет негізі  Сәкен Сейфул­л­ин­мен аталас ағайын әрі туған бөле. 37-жылдың желтоқ­санында Сәйділ Талжанов «Сәкен­нің «Қызыл ат» поэмасын, Бейімбет Майлиннің «Майдан» пьсесасын орыс тіліне аударды және өзі «байдың баласы» деген айыппен он жылға Сібірге айдал­ды. Қалам­гер өзінің жастық шағын «Ұлы Октябрь таңы атып, бұрынғы бұратана халықтар теңдік, бостан­дыққа жетіп, білім бұлағына шөл­деп бас қойған кезде совет мектебі оқытып, адам қата­рына қосқан қазақ жастарының бірі мен едім» деп сипаттайды «Өткен жыл­дар сөйлейді» деген кітабында. 


Айдауда болған уақыт

«Ертеңіне-ақ пәтердің иелері үйінен қуып шықты. Сарсылып жүріп, жерасты, едені тас бір бөлме таптық. Сонда дүниеге енді келген қызымыз, жеңгемнің өзі, қызы қайтыс болды. Ұлым Еміл мен қайнымның кішкене баласы, мен қалдым. Ағайын-туыс бас сауғалап, безе қашты. Көшеде жүру мүмкін болмай қалды» деген Сәйділ Талжановтың әйелі Зура Шаме­нова. (1988 жылы 4 наурызда «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбаты). Алматыда күн көру қиындаған соң, ол 1939 жылы екі баланы ертіп Қарағандыға барады. Шахтаға кассир болып орналасып, біраз істейді. Онда да оған тыныш­тық бермейді. Үстінен арыз жазып, «Халық жауының әйелі» деп орнынан босатып, шахтаға жібері­леді. Содан Зура таныс дәрігерінен «Қарағандының ауа райы жақпай­ды» деген анықтама алып, Жезқаз­ғанға барған. Алайда Зура қайда барса да «Халық жауының әйелі» деген сөз артынан қалмады. Соны­мен, оның бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Ұлы Отан соғысы аяқталып, ел еңсесін көтергенде, Сәйділ Талжанов та айдаудан орал­ды. Ол 1947 жыл  4  желтоқсан еді. 
«Сәйділ келе жатыр» дегенді естігенде, жүрегім аузыма тығы­лып, бір орнымда отыра алмадым. Неге екенін білмеймін, үйден тұра қашыппын. Артынша ұлымызды алып, Қарағандыға келдік. Бір­жолата ақталмаған, паспорты да жоқ.  Сәйділге жұмыс табылмады. Әйтеуір, іздеп жүріп кешкі мектеп­ке орыс тілінен сабақ беруге ор­на­ласты. Сол 1948 жылы дүниеге кел­­ген нәрестеміз тағы шетінеді. Бар қиындық артта қалды деген се­німіміз аяқ асты болып, 1949 жы­лы 8 қаңтарда Сәйділді қайта­дан ұстап алып кетті», – деп еске алған марқұм Зура Шаменова. Сол кезде Сәйділ Омарұлы «Ұлдай кегін» жазып жүрген екен. Ұстауға келгендер қағаз-қолжазбаны қоса алып кетіпті. Сөйтіп, Сәйділ Талжанов мәжілістің шешімімен Батыс Сібірге мәңгіге айдалды. Не көрсе де, қалған ғұмырын ерімен бірге көруді шешкен Зура Сібірдің Чумаков поселкісіне барған. 
Бұл күн туралы Сәйділ Талжанов­тың үлкен ұлы Эмиль: «Ол күнді өле-өлгенше ұмытпай­мын. 1949 жылдың 8 қаңтарында әкемді қайта алып кеткен кез. Аяқасты үш адам пәтерге кіріп келді де, оны тұрғызып тінтті. Қағаз-кітабын бәрін шашып, үйдің әңкі-тәңкісін шығарды. Қайта-қайта тапаншаны тезеді. Сондағы шошығаным... Одан қайтып әкемді 1954 жылдың жазына дейін көргенім жоқ», – деп жазады. 


Бақыт құсы

Чумаков поселкісінде Ш.Му­син, Ж.Арыстанов сияқты тағы басқа қазақтар тұрған. Екеуі шағын үй алып, жұмыс істеп, қалыпты өмірге келген. Жәннат есімді қызы сонда туған. Сондай күннің бірінде Сәйділ Омарұлы 1954 жылы бос­тан­дыққа шықты. «Бостандық алған күні қызын «бақыт құсым» деп мойнына отырғызып алып, бүкіл поселкіні аралап шығыпты.  «Елің екі рет айдатты, енді онда саған не бар?» дегеніме «Ой, Зура-ау, туған жерге не жетеді? Арқаның ауасын бір жұтып, топырағына аунасам арманым жоқ» деген еді» деп еске алыпты Зура Шаменова-Талжанова. 
Қаламгер бостандыққа шық­қаны­мен, тек екі жылдан соң ғана  ақталды. Босанған бетте Қара­ған­дыға келіп, араға көп уақыт сал­май, артынан Алматыға көшкен. Бірақ ол жаққа барғанымен Сәйділ Талжановты  ешкім жұмысқа ал­ма­ды. 36 жылы ол Достоевский­дің «Бейшара жандарын» аударып бас­­таған, соны бітірді. Алайда бас­па шығаруға құлық танытпаған. Екі жылдай Шоқан Уәлихановтың шө­бере інісі Шәһизат Жақыповтың  үйінде тұрған. 1956 жылы Сәйділ Тал­жанов ақталған соң ғана екі бөлмелі пәтер берілген. Сол уақыт­та екі жылдай Қазақ мемлекеттік баспасында аға редактор болды. 1958 жылдан бастап өмірінің соңы­на дейін Ғылым академия­сының Тіл білімі институтында аға ғылыми қызметкер болып істеді. 
Сол аралықта көркем аударма­ның негізгі мәселелері туралы зерттеу жұмысы бойынша ғылыми диссертация қорғады. Тоғыз жыл бойы докторлық еңбегін жазды. Бұл жолда да оған кедергі аз болған жоқ. Ақыры 1972 жылдың сәуірін­де докторлық диссертация­сын қорғап, сол жылы 10 желтоқсанда өмірден өтті. Марқұмның соңғы сәтіне дейін қолынан қаламы түспеген. Оған дәлел – оның 10 желтоқсан күні жазған арнау сөзі. 


Аудармашы Сәйділ

Жастайынан зерек, зейінді Сәйділ Талжанов қазақ-орыс тілдерінде еркін сөйлеген. «Орыс ойшылдары» атты ғылыми еңбегі­не Ф.Достеевский, И.Тургенев, Н.Гоголь, А.Пушкин шығарма­ларын аударуға негіз болады. Салты­ков-Щедрин, В.Белинский, М.Горький, М.Шолохов,  тағы бас­қа қаламгерлердің шығарма­ларын қазақ тіліне, М.Әуезов, Б.Майлин, С.Сейфуллин шығар­ма­ларын орыс тіліне аударған аудар­машы ғана емес, әдебиетке ке­шеуіл­деп келгеніне қарамай мықты жазушы да болған. Оның ғалым-жазушы болып қалыпта­суы­на өскен жері – қаламгер Сәкен Сейфуллин­нің ұшқан ұясы әсер еткен болар. Оған қоса, Ташкент­т­егі Орта Азия мемлекеттік университетіне оқуға түскенде,  Мұхтар Әуезовпен жолығады. 1957 жылы «Сейфол­ланың Сәкені», 1961 жылы «Қайып қарттың әңгі­месі», 1965 жылы «Адам туралы толғау», 1968 жылы «Ұлдай кегі» атты прозалық туындалары жарық көрді. Мұның бәрі – жазушының көзі тірісінде шыққан дүниелер.  
 «Ұлдай кегі» жинағының алғашқы бетінен бастап Сәкен Сейфулиннің Колчак абақтасынан қашып шығып, Дүйсенбі деген жалған атпен Балтабай қарттың үйінде болуы, ақсақалдың анасы Ұлдай туралы әсерлі толғанысын қарапайым тілмен баяндаған.  Жазушы дүние салғаннан кейін 1975 жылы «Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері» атты моно­графиясы және 1979 жылы «Өткен күндер сөйлейді» кітаптары жарық көрді. Шығыс классикалық туындыларының төрінен орын алатын «Кәлила мен Димна» шығар­масы ғана емес, «Тар жол тайғақ кешу», «Даурия» секілді аудармалары шықты.  
19 жыл жазықсыз жапа шегіп, боранды Сібірде азап шекпегенде,  бұдан да қомақты шығармалар жазар еді?! Әттең дерсің...


Қиындыққа мойымаған азамат

«Сәйділ Омарұлы бостандық­тан кейін бар-жоғы он бес-ақ жыл өмір сүрді. Он тоғыз жылын түр­меде өткізді. Басынан өткен азап­ты күндерге мойымай, қиындықты көре тұра жүрегінің қатаймағанына, өмірге деген көзқарасы өзгеріп, елге кек сақтамағынан тәнті болдым. Оның орнында басқа біреу болса, қатыгезденіп кетер еді», – деп еске алады жазушының келіні Нелли Ивановна. Оның айтуынша, Алматыға 1-курстан кейін жазушының үлкен ұлы Эмильге тұрмысқа шығады. Онда  Сәйділ Омарұлы Бауман көшесінің бойында екі қабатты панелді үйде тұрған. Келесі жылы оларға Ғылым академиясы жаны­нан екі бөлмелі пәтер берген. Жазушының түрмеден шыққан кезі, тұрмысы да нашар еді. Жалғыз өзі жұмыс істейді, өсіп жатқан үш бала бар.
 Нелли Ивановна бастапқыда қайын атасынан аяқ тартқан. Ол өте салмақты, тіпті оны көзіне ілмейтіндей көретін. Бірақ білімді адам екені түр-тұрпатынан көрін­ген. 
Эмиль мен Нелли Алматыға келгенде пәтер жалдап тұрған екен. Жалға алған пәтерінің қа­быр­ғасы жұп-жұқа, үй суық. Өзі кіш­кентай ғана бөлме, ортасында пеші бар. «Сол кезде аяз қатты болды. Қай жылдар екені есімде жоқ. Әйтеуір, балаларымыз  Сәкен мен Маша  киімімен ұйықтайтын. Арасында енем келіп, жағдайы­мызды біліп кететін. Бірде енеммен бірге Сәйділ Омарұлы да келді. Бірақ ол кісі үйге кірмей, сыртта жүріп қалды. Үйге енемнен кейін кірді де, табалдырықты аттаған күйі қатып қалды. Сол кездегі бейнесі әлі көз алдымда. Сұсты көзімен аядай бөлмені бір қарады да, шығып кетті. Ешкімге ештеңе айтпады, айқалап ұрыспады да. Жай ғана шығып кетті. Шыны керек, не болғанын түсінбей қалдым. Атамның артынан ілесе шыққан енем үйге кірді де «Тек қажет затыңды жина, кеттік!» деп зыр жүгіре жөнелді. Сөйтіп, сол сәтте бізді үйіне алып кетті», – дейді ол.
 Нелли Ивановнаның айтуын­ша, үйге кіргенде байқағаны, қабырға толы кітаптар. Кітап сөренің төрінде  Сәйділ Талжанов­тың Сәкен Сейфуллиннің әйелімен түскен суреті ілулі тұрған. Мектепте оқушылармен кездесуге барғанда түсірілген сурет екен. Өзі Сәйкен Сейфуллиннің әйелін бір-екі рет көргені бар. Зиялы адамдар қонақта жиі болған. «Қазақша білмегендіктен дастарқан басында айтылған әңгімелерін түсіне алмадым» дейді Нелли Ивановна. 
– Атам да, енем де мені жақсы қабылдады. Бірде енем Семейге кетіп қалды. Сол кезде үйде Сәйділ Омарұлы мен қызы Жанна, кенже ұлы Едіге үшеуміз қалдық.  Жаңа­дан түскен келінмін, ас үйден шықпайсын. Бірақ ара-арасында Сәйділ Омарұлына қарап қоямын. Қызығы, ол кісі қашан көрсең де,  жұмыс істеп, бірдеңе жазып, оқып отыратын. Не болмаса, біреумен сөйлесетін. Ол кісіде демалу деген болған емес, – дейді келіні.  
Онда  Нелли Ивановнаның Жобалау институтынан Ауыр өнеркәсіп министрлігіне ауысқан кезі. Сонда 15 жылдай жұмыс істеп, пәтер бергеннен кейін ғана жеке отау болып шыққан. 

 

Тектіден текті туады

Нелли Ивановнаның айтуын­ша, әкесі әскери адам бол­ған. Негізінен, Орта Азияда қызмет еткен. Өзі Қоқанда дүниеге келсе, інісі Жаркентте туған. Жүрек тал­ма­­сынан кейін әкесі әскери қыз­мет­ке қайта оралып, Тәжік­стан­ның Талинабат қаласы­нан Қазақ­стан­ға келген.  Ол кезде қала таң­дау еркінде болатын. Сөйтіп, 8-сыныпта Алматыға келіп, 
№56 математикалық мектепті бітір­ген.  10 сыныпта әкесі қайтыс болып, анасы Харьковта қалған. «Әке-шешем ажырасып кеткен. Әкем өмірден озған соң жалғыз қалдым. Инженер мамандығы бойынша Тау-кен институтына түсіп, жоғары балл жинадым. Онда бала көп болған соң, бүкіл топқа Өскеменде жаңадан ашылған инс­ти­тутқа баруды ұсынды. Қала­ған ма­манды­ғына, шәкіртақы­мен бірге жатақ­хана берілетін болды. Содан бір топ алматылық жастар Өске­мен­ге бардық. Күйеуім Эмиль Сәйділ­ұлын сол жақта кездестір­дім. Ол сол институтта, басқа ма­ман­­­дықта оқыды. Екеуміз үйлен­дік. Ұлды болдық. Оның есімін Сәкен деп қойдық. Сол кезде қа­йын атам­ның Сәкен Сейфуллин жа­йында кітабы шыққан», – дейді ол.  
– Ұлымыз туғанда бүкіл жатақ­хана болып тойладық. Жатақ­ха­надағы бірінші бала еді. Сабаққа барарда кезекшіге баланы қалды­рып кетемін. Ол тез арада бір бөлмеге жатқызып қояды. Сабақта кешке дейін жүреміз. Арасында комендат келіп, ұлымды емізіп кетеді. Ол да жас босанған, кішкен­тайы бар, – дейді Нелли Ивановна. Қазір Сәкен мен келіншегі Гүлнар­дың екі қызы мен немерелері бар. Қызы Айгүл әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Елде біраз жұмыс істеген соң, Австралияға оқуға барады. Бүгінде тұрмысқа шығып, сол жақта қалып қалды. Оның Лаура есімді қызы бар. Ал Дана КИМЭП-те білім алған. Оның Даниал есімді ұлы бар. 
Нелли Ивановна зейнетке шық­қанға дейін сол кездегі Орман ағаштарын өңдеу министр­лігінде жұмыс істеген. Кейін Эмиль екеуін тағдыр екіге айырып­ты.  «Қызы Жанна сырқат болатын, сондықтан да ол кісі оның барлық еркелігін көтерді.  Соған қарамас­тан өте зерек, алғыр болды. Кейін тұрмысқа шығып, ұлды болды. Бірақ дүниеден ерте өтті. Эмиль болса, бір оқығанын бірден айтып беретін. Марқұмның есте сақтау қабілеті мықты еді. Ал кенже ұлы Едіге есепке күшті. Қазір банкте жұмыс істейді. Текті адамның ұрпа­ғы да текті болады деген осы шығар», – дейді Нелли Ивановна.   
– Алғаш үйге келгенімде Сәй­діл Омарұлы жаныма келіп ата-анам, қайдан шыққанымды, бәрін сұрады. Апам – Дон казағы, 
атам – мәскеулік, көзі ашық, оқыған адам, сабақ берген. Соның арқасында әкелерім білім алған. Әкем әскери адам болған соң, көшіп-қонуы көп еді. Негізінен, апамның қолында тұрғанымды,  жалғыз бауырымнан басқа әкем де, шешем де жоғын айттым. Шыны керек, оған дейін ондайды ешкім сұрамаған. Көңілім серпіп қалсын деді ме, қызықты әңгіме айтып бергені бар. Үнемі дастарқан басына жиылғанда, «Нелли, мына жерге» отыр деп шақырып, өзіне жақын тартып жүретін. Әкемдей қамқорлық танытты, – дейді ол.
Түрмеде көрген қиындығы мен азапты жылдары туралы айтқанды ұнатпайды екен. Тек өлең оқыған сәттерін ғана әңгімелеп беріпті. Поэзияны ерекше құрметтейтіні сонша, ақындардың өлеңдерін жатқа оқиды екен. Атасының шығармаларын балалары да білсе, таныса деген тілегі бар. Қалам­гер­дің  келіні немерелерін, шөбере­ле­рін ата шығармасымен тәрбиелеп, өсірсем деген арманын айтады.  
Бүгінде жазушының ұрпағы атасының мұрасын түгендеп жүр. «Орнында бар оңалар» деген – осы.

 

Дайындаған Гүлзина Бектас, Анар Қоныс