Не болып кеттің, IV тоқсан?
Не болып кеттің, IV тоқсан?
118
оқылды
Дүйсенбі күні 3 миллионнан астам мектеп оқушысы қашық­тан оқыды. «Еларна» мен «Ба­­­лапан» арнасы мектеп тілінде сөйледі. Мұғалімдер желі ар­­қылы сабақ түсіндіріп, оқушы ата-анасымен бірге жаңаны үй­ренбекке ұмтылды. Десе де, қашықтан оқытудың салмағы кімге түседі? Бағалау жүйесі өзгере ме? «Қараумен ноутбукқа таң ат­қан, не болып кеттің, IV тоқсан?». Иә, қазір мектеп оқушысы шырқап жүр­ген ән мәтіні осындай. Өйткені олар 1 сәуір күні онлайн оқуды сы­нақ­­­­тан өткізді. Әлеуметтік желіде тау-тастың арасында ноутбук құ­шақ­тап отырған оқушы күйін көр­ген­де, еріксіз ойға қаласың. Расы­мен, пандемия еліміздегі біраз са­ла­ның былығын бетпе-бет көрсет­кен­­де, жүзді төмен салғанымыз бар.  

Цифрлы технологияның қауқары

Білім және ғылым министрі сы­­­намадан соң оқу жүйесінің стри­минг­тік сабаққа дайын емес екенін мә­лімдеді. 1 сәуір күні онлайн ре­жим­де 1 млн 250 мың оқушы дәріс ал­ғанын, елімізде техникалық тұр­ғы­да олқылық көп екенін алға тарт­­ты. Бір сөзбен айтқанда, оқу­шы мен ұстаз бір мезетте сабаққа қа­тысуға интернеттің қауқары жет­­педі. Министр интернетпен то­­лық қамтылмағандықтан, ст­ри­мингті қолданбайтынын айтты. Цифрлық даму, инновациялар жә­не аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрі бас мұғалімнен мұндай жауап күтпеді білем. Ол да датын ай­ту үшін баспасөз мәслихатын өт­кізді. Онлайн стримингтік жүйе­лер көп адамның бір мезетте кіруі­не лайықталмағанын атап өтті. Мұ­ның бәрі сынама сабақ кезінде бел­гілі болғанын, бейнебайланыс жүйе­лері ондай жүктемені көтере ал­майтынын айтты. Асқар Жұма­ға­лиевтің сөзінше, барлық елде мә­се­ле бір. Сол себепті күні бұрын­ғы техникалық мүмкіндіктерді екі есеге арттыру қажет екен. Министрдің нұсқап тұрғаны – Zoom платформасы. Иә, плат­фор­ма 3 млн-ға жуық оқушының жүйе­ге кір­генін көтере алмады. «А жос­­­пары іс­ке аспаса, Б жоспарына кө­шеміз» де­гендей, Білім минист­рі­нің бес қаруы сай екені белгілі. Оқушылар он­­лайн оқымаса да, қа­шықтан бі­лім ала­тынын мәлім­деді.  

Теледидарда сабақ қалай өтеді?

Хош, қашықтан оқытудың фор­матын министр бірнеше мәрте түсін­дірді. Ата-аналар жаңа тоқсанның жырын игерсін деп әлеуметтік желіде онлайн-жиналыс өткізгені тағы бар. Оқушылар теледидар, радио, пошта мен интернет төрттігі арқылы білім алады. Жалпы, мұғалімнен тиісті тапсырмасын алып, видеосабақ қарап, білмегенін үйренеді. Bilimland,Daryn Online, Kundelik, Opiq.kz оқушыға сабақты барынша меңгеруге көмектессе, ұстаздар WhatsApp пен Telegram арқылы кері байла­ныс жасайды. Оған қосымша «Еларна» мен «Балапан» арнасынан 10 минуттық, барлығы 3 360 бейнесабақ түсіру жоспарланған. Қазір 500-ден астам бейнесабақ таспаланып, телеарна мен интернетке жүктелген. Жоғарыда теледидардан 10 минут бейнесабақ берілетінін жаздық. Те­леарна 8 сағат бойы 1-11 сынып оқу­шыларына қызмет көрсетеді. Мәселен, «Балапан» арнасынан 8-сынып оқу­шыларына қазақ тілінен «Қазақтың бас театры» атты дәріс оқыды. Тыңдау бо­йынша Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры туралы мәтін оқып, «Еңлік-Кебек» пьесасынан үзінді берілді. Кейіннен «Жай сөйлем­нің» түрлері туралы анықтама беріп, сәйкестендіру тесті экранға шықты. Арнайы уақыт беріп, артынша мұғалім дұрыс жауабын жариялады. Қысқа ғана түсіндіру жұмысы балаға алғышарт ретінде ұсынылған. Оқушы білімін бекіту үшін ары қарай платформаға өткені жөн.  

Үй тапсырмасы қалай бағаланады?

Қашықтан оқытудың салмағы мұғалімге түседі. Бұл айтпаса да белгілі. IV тоқсан басталмай жатып, желіде ұстазға алғыс пен қарғыс қатар жауды. Интернет жүктемесі, үй тапсырмасы, баға қою мен түгендеудің арасында жүрген олар шарасыз қалды. Алма Шынетқызының айтуынша, балалары қашықтан оқытуды қуана қа­былдаған. Желідегі сабақтың бас­талуына 10 минут қалғанда Алмас пен Нұрай сақадай сай дайын отырады екен. Мұғалім оқушыларды түгендеген соң, жаңа сабақты түсіндіру басталады. Үй тапсырмасын орындап суретке түсіреді немесе видео арқылы жібереді. Ата-ананың сөзінше, интернет жиі қатып қалады. Десе де, олар Bilimland, Daryn Online, Kundelik-ке уақытында тіркелген. «Интернетпен оқығасын ба, балаларымның ынтасы жоғары» дейді Алма Шынетқызы.    width= Ал ағылшын тілі мұғалімі Перизат Біләлқызына аптаның алғашқы күні оңай болмайын деп тұр. Ол 40-тан астам оқушыға сабақ түсіндіріп, білімін бағалайды. Қиын деп меңзегені – WhatsApp желісі арқылы оқушы тапсырмасын тексеру. «Негізі тапсырманы Kundelik-ке жүктейміз. Оқушы тапсырманы сонда орындап, жіберсе ыңғайлы. Ал қазір Kundelik.kz істемей тұр. Жүктеме көп болған соң, істен шыққанға ұқсайды. Сондықтан оқушы тапсырмасын WhatsApp-тан жіберуге мәжбүр. Ой­лаңызшы, қаншама баланың хабарла­масына жауап беріп, жеке-жеке тү­сіндіруім керек. Толассыз хабарламадан смартфонның да жағдайы біржақты болды. Маңыздысы – оқушының сабақты түсініп, меңгергені. Сол үшін тапсырмасын жеке-жеке тексеремін. Үй жұмысын топқа жібере беріңдер десем, бәрі бір-бірінен көшіріп алмай ма?» – дейді ол. Бірақ Перизат Біләлқызы «оқушы үй тапсырмасын қалаған уақытында жібереді» деген пәрменге таңданысын жасырмады. «Сонда оқушы тапсыр­ма­сын қашан жібереді деп, WhatsApp-ты аңдып отырамыз ба?» дейді ағылшын тілі мұғалімі. Әрине, баланың мүмкін­дігі басты назарда екенін жете түсін­ге­німен, ол ұстаздың да жұмыстан басқа өмірі бар екенін есте ұстауды сұрайды. Жаңа формат болғанымен, бағалау бұрынғыдай жүреді. Әр өткен сабақтан кейін, мұғалім Kundelik.kz-ке оқушы туралы пікір қалдырады. Қазіргі жағ­дайға байланысты 2-15 мамыр аралы­ғында бір рет БЖБ алынса, тоқсан соңына қарай оқушыны ТЖБ сынағы күтіп тұр. Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Зәуре Бексұлтанқызының айтуынша, қашықтан оқытудың жақсы жағы басым. Өйткені мүлдем сабаққа құлшынысы жоқ оқушылар ата-анасымен бірге тапсырма орындап, дә­­ріске белсенді қатысып жатыр. «Са­бақ жоспарын дайындап, оқушы 30 минутта орындайды-ау деген 2 тап­сыр­ма жасап, жібереміз. Bilimland жүк­те­ме­ні әрең көтеріп отыр. Сервер бірде жұ­мыс істеп, бірде тоқтап қалады. Дегенмен оқушылардың қызығушы­лығы жоғары. Соған қарай біз де та­ным­дық тапсырма беріп, сабақты қы­зықты өткізуге тырысамыз», – дейді ол.  

Пошта тасыған сұрақ-жауап

Елімізде дәстүрлі форматта білім алып жатқан 1 080 мектеп бар. Яғни, 60 мыңға жуық оқушы қашықтан оқытуға бас қатырмайды. Өйткені аталған мектептер шалғай елді мекенде орналасқан. Интернет сапасы нашар. Әрі мектептегі оқушы саны 80 баладан аспайды. Сондықтан олар екі ауысымда оқып, санитарлық талапты қатаң сақтауға тырысады. Ал сіз елімізде 1 200-ге жуық елді ме­кенде мектеп жоғын білесіз бе? 5-7 оқушысы бар ауыл бар. Әрине, осынша оқушы үшін мектеп салмайтыны белгілі. Тиісті білім алуы үшін оларды көрші ауылға таситын-ды. Қазіргі карантин жағдайында пошта қызметі мұғалім мен оқушы арасында дәнекер болмақ. Қалай, көзіңізге қалың қар астында қалған елді мекен елестеді ме? Жоқ, олай емес. Аулада – көктем. Тек адам саны аз, ұсақ ауылдарды қосу, жағдайын оңтайландыру бағдар­ламасының іске аспағанының белгісі. Не дегенмен, Қазпошта қызметі тап­сырма мен жауапты уақытында жет­кізсе болғаны. Осындайда еліміздегі инклюзив білім беру жайы еске түседі. Ол туралы министрлік нақты түсініктеме берген жоқ. Бейбіт күнде бұл мәселенің тасбақа күйде талқыланатынын ескер­сек, төтенше жағдай кезінде тасада қалуы тосын жайт емес-ті. Айналаңызға қарасаңыз, сауалдан көз ашпайсыз. «Цифрландыруға бө­лінген қаражат қайда? Цифрлы Қа­зақ­стан серверлік қуатты күшейтуге ар­налған бағдарламаның жайы не бол­ды?» дейтін сауал көп. Білім ми­нистрі Ай­ма­ғамбетовтің стримингтік білім беруге бай­ланысты мәлімдемесін манипу­ля­цияға балайтындар бар. Ал бар бағ­дарламаға сын айтар болсақ, электронды оқытуға бейімдейтін e-learning-тің тағдырына жауап берер біреу бар ма, Білім және ғылым министрлігі? «Ұстаздарымның қадірін білдім, компьютер деген тасжүрек екен». Оқушы қашықтан оқытудың алғашқы күні-ақ мұғалімнің қадірін түсінген сыңайлы. Әр қиындық қолда бардың бағасын арттыратыны белгілі. Де­генмен мәртебелі мамандық иелерінің қадірін төтенше жағдай кезінде ғана түйсінгеніміз өкінішті.  

 width=    Айзат АЙДАРҚЫЗЫ