Биыл – Ұлы дала даналарының бірі Әйтеке би Бәйбекұлының 375 жылдық мерейтойы. Бұл айтулы дата Мәдениет және спорт министрінің 2018 жылғы 25 тамыздағы №228 бұйрығы бойынша 2019-2021 жылдары өткізілетін мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесіне енген. Аталған шараға байланысты Әйтеке би Бәйбекұлының 375 жылдық мерейтойына орай, ұлттың ұлы билері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билерге орнатылған ескерткіштің салтанатты ашылуы болды. Халықаралық «Жеті жарғы» және «Қожаберген жырау» қайырымдылық қоры Түркістан облысы Қазығұрт ауданында Шымкент – Ташкент халықаралық күре жолының бойындағы «Бабалар рухына тағзым» кешеніне ұлтымыздың ұлы билері Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге биік тас тұғыр үстіндегі айбынды ескерткіштер орнатты. Ескерткіш Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы комиссиясының шешіміне сәйкес, құзырлы органның бұйрығымен бекітілді. Ескерткіштің ашылуына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов, Мемлекеттік органдардың өкілдері, Мәжіліс және Сенат депутаттары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен облыс жұртшылығы қатысты. Республикаға еңбегі сіңген танымал әншілердің концерттік бағдарламасы ұлттық спорт ойындарына жалғасып, соңында ұлы билерге арнап ас берілді. Елбасы осы жылды Жастар жылы деп белгілегендіктен, «Жастар» саябағына ескерткіш орнату идеясын ойластырып, тұғырына қондырған белгілі ұлтжанды азамат, мемлекетшіл қайраткер, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев. Былтыр осы «Бабалар рухына тағзым» кешеніне Орбұлақ шайқасы жеңісінің 375 жылдық мерейтойына орай, ұлы жеңістің қаһармандары Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс Баһадүрге арнап, екеуінің ат үстіндегі айбынды ескерткіші орнатылған болатын. Гүл БЕКЗАТ