Шенеуніктер шектен шықты
Шенеуніктер шектен шықты
Жақында Алматы облысы Талғар ауданы әкімдігінің бір­неше қызметкері ұйым­дасқан қылмыстық топ құр­ды, ал осы өңірдегі Пан­филов ауылының экс-әкімі жем­қорлыққа салынды де­ген күдікке ілінді. Шенеу­ніктер заңға қайшы шешім шығарып, су қорғау айма­ғында орналасқан жер те­­лім­­деріне жалған акті жа­­са­ған. «Жең ұшынан жал­ғас­­қан талан-таражға неге дер ке­зінде тосқауыл қойыл­ма­ған, құқық қорғау орган­дары қайда қараған?» деген заңды сауал туады осындайда. Жалпы, халықты сүліктей сорып, миллиардтаған қаржыны қалтаға басқан мемлекеттік қыз­меткерлердің былық-шылығы мұ­нымен шектелмейді. Күні кеше Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ал­қа отырысына қатысты. Оның айтуынша, бүгінге дейін құқық­бұзу­шылықтарға жол бергені үшін партияның 196 мүшесі, оның ішінде Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облысы әкім­дерінің орынбасарлары, об­лыстық басқармалар мен аудан әкім­діктерінің басшылары партиялық жауапқа тартылған. 2019 жылдың екінші жартысында 96 партия мүшесі сыбайлас жем­қорлықпен айыпталып, пар­тиядан қуылған. «Партия атына кір келтіретін бармақ басты, көз қысты әдеттен арылу үшін Nur Otan партиясы партияішілік прай­мериз өткізу керек» деп санайды Бауыржан Байбек. Шенеуніктер құрған ұйым­дасқан қылмыстық топ дегенде ең алдымен атышулы «Қорғас» ісі ойға оралады. Әлі есімізде, кі­нәлілерге қылмыстық топ құрды, контрабандамен айна­лысты деген айып тағылды. Құрамы 100 адамға жеткен қас­көйлер жүздеген млн долларлық дүние-мүлікті заңсыз өткізген. Сондай-ақ тінту кезінде 1,5 млрд теңгенің контрабандалық жүгі тиелген 32 көлік табылған. Кеден бекетін майшелпекке ай­налдырған қылмыскерлерге қам­қорлық жасаған шенеуніктер де қамалды.    width= «Дәніккеннен құныққан жа­ман» дегендей, Шымкентте Мем­лекеттік кірістер депар­тамен­тінің қызметкері қыл­мыстық топқа басшылық еткен. Ашкөз шенеунік «Павлодар – Шымкент» мұнай құбырынан тұрақты түрде шикізат ұрлаған. Оның үстінен «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу», «Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану» баптары бойынша іс қозғалды. Кезінде Қарағанды қаласында «Бесоба» тұрғын үй кешеніндегі қирап қалған №7 үйді қабылдап алған комиссия мүшелері де сот­талды. Бұл 5 қабатты үй үлес­кер­лердің ақшасына салынып, 2009 жылы пайдалануға берілген еді. Басы дауға шатылған экс-шенеуніктердің өзі «Бесоба» құ­рылысын жүргізуде жүйелі түрде ұйымдасқан қылмыстық топ жұмыс жүргізді деп мәлімдеген. Биыл 1 қаңтардан бастап мал ұрлығы ауыр қылмыс түріне ауыстырылды. Өйткені елде мал ұрлау қылмыстарының жар­ты­сына жуығы ашылмайды. Мал иелері ұрыны ұстауға қау­­қарсыз деп полицияны сы­най­ды. Полиция малды қарау­­сыз қалдырады деп тұрғын­дар­­ды сөгеді. Бас про­курор­дың орын­ба­сары Марат Ахметжанов­тың пікірінше, шенеу­ніктер мен құқық қорғау ор­ган­дарының өкілдері мал ұрлы­ғына өздері болысып, қылмыстың өршуіне жағдай жасайды, ұр­ланған малды төлетіп, істі жылы жаба қояды екен. Сондықтан жаңа заңның қабылдануы қылмыстың бұл түрін азайтатыны анық. Ойды ой қозғайды. Ертеректе Ресейдегі «Политические ис­сле­до­вания» журналында «Ди­к­­татура троечников» деген ма­қала жария­ланған. Мақалада Ресей­дің облыстық, өлкелік, респуб­ликалық деңгейдегі басшы­лары­­ның мектепте және жоғары оқу орындарында қандай баға алғаны, қалай оқығаны зерттеліп, билікке негізінен интеллектуал мамандар емес, орташалар, яғни «троечниктер» келетіні жазылған. Сонда автор «орыс халқының тағ­дыры орташалардың қолында» деп дабыл қақты. Біздің де ше­неунік­тердің де олардан қара үзіп кеткені шамалы. Кейінгі кездегі тестілеу нәтижесі – сөзі­мізге ай­қын дәлел.    width= Тестілеу демекші, қайбір жылы Шымкенттің әл-Фараби аудандық соты 19 адамға үкім кесті. Не себепті дейсіз бе? Ондай себеп Қазақстан тарихында еш­қа­шан болмаған. Айыпталған 19 азамат ұрлық қылмаған, кісі өлтірмеген, тіпті қазына қар­жы­­сын жымқырмаған. Олар ұйым­­дасқан қылмыстық топ құ­­рып, мемлекеттік қызметке үміт­­кер­лердің орнына тест тап­сыр­­ған. Яғни, жалған құжат ар­қы­лы өздерін басқа адам деп та­ныс­тырған. Қылмыстық топ­тың кө­мегіне жүгінгендер «сынақ­тан сүрінбей өтіп», мемле­кеттік қызметке жақсылап жайғас­қан. Бұл «еңбегіне» қылмыскерлер 2-3 мың доллар алған. Тергеу бары­сында олардың 148 шенеунікке көмектескені әшкереленді. Ең қызығы, қылмыстық топ мүшелері 6-7 жылға сотталса, со­лардың «арқасында» мемлекеттік қызметке орналасқан шенеуніктер тек жұмыстан босатылыпты. Иә, Қазақстанда бірдей қылмыс жасаған шенеунік пен қарапайым азамат екі түрлі жазаға тартылады. Түрлі қылмыспен істі болып, соңыра мерзімінен бұрын босап шыққан шенеуніктер аз емес. Заң – қоғамның іргетасы. Баяғыда Аристотель «Заң кез келген мораль­дан жоғары тұрады» деген екен. Ендеше біз неге алалаймыз? Ұлттық экономика минис­трлігі Статистика комитетінің ақпаратына сүйенсек, 2019 жыл­дың қаңтар-тамыз айларында рес­публиканың құқық қорғау органдары 65 597 қылмыскерді анықтапты. Оның 12 пайызы – әйелдер, 2,9 пайызы – кәмелетке толмағандар, 1,6 пайызы – ше­неуніктер, 39,9% пайызы бұрын қылмыс жасаған тұлғалар. Әрине, бір қарағанда 1,6 пайыз шенеунік дегеніміз теңіздің тамшысындай сияқты. Бірақ сол 1,6 пайыздың кесірінен халықтың билікке деген сеніміне селкеу түсетінін ескерсек, мәселенің мәні ашылады. Шенеуніктердің осындай жүгенсіз жемқорлығы, дискриминациясы, өзінен әл­сіз­­дерге қысым жасауы әлеу­мет­­­тік қарама-қайшылыққа әкеп соғады. Сондықтан лауа­зым иелері өздерінің табыс деклара­циясын ашық жарияласа, қатаң сұрыптаудан «көкелердің» кө­­ме­­гінсіз өтсе, жағдай біршама жақ­­сарар еді. Кезінде мемлекеттік қыз­метте 30 жыл қызмет етіп, 8 жылға сот­талған азамат жас шенеу­ніктерді қылмыс жасамауға ша­қы­рып, үндеу жолдапты. Осы әңгі­мені соның сөзімен аяқтасақ. «Мемлекеттік қызметте 30 жыл лауазымды қызметкер және адво­кат болдым. Кейін «боп­салау» ісі бойынша 8 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Оның 3 жылын өтедім. Сіздер әдепке бағыныңыздар! Адал қызмет етіңіздер! Сіздер сыбайлас жемқорлыққа барған жоқсыздар, түрмеде отырған жоқсыздар. Ұмыт­паңыздар: сіздер жеңіл ақшамен өз отбасыңызды бір-ақ сәтте жаманатты ете ала­сыз­дар. Өзіңіздің және жақын­да­рыңыздың мансабына оп-оңай нүкте қоясыздар».  

Еркебұлан НҰРЕКЕШ