Саяхат «сағымға» айналды
Саяхат «сағымға» айналды
174
оқылды
Әлемде адамзат баласы қызығып, тамашалағысы келетін көрікті мекен өте көп. Жыл он екі ай саяхаттап, сұлу табиғатты көруге асығады. Күні бұрын билет алып, бес жұлдызды қонақүйлер мен демалыс орындарына тапсырыс беріп қоятындар да жетерлік. «Жақсыны көрмек үшін» демекші, әсем өлкеге саяхат жасағанға не жетсін?! Алайда 2020 жылдың қысы «дүрбелеңмен» басталды. Әлемді жаулаған коронавирус дерті сая­хаттың да мән-маңызын жоғалт­қандай. Көрікті мекенді тамаша­ламақ тұрмақ, әр адам басымен қайғы болып кетті. Аты жаман дерттен құтылудың жолын іздеп, жанталасып жатқан ел қанша­ма?! Бар ауыртпалық қазір дә­рігер­лер­дің иығына түсіп тұр. Осындай «ба­лапан – басымен, тұрымтай – тұсымен» болып жат­қан қиын шақ­та ел саяхатты ар­мандамасы анық.  

Қайтпаған қаржы, әлекке түскен туристер

Ал туризм дегеніміз – ел эко­номикасына елеулі өзгеріс әке­летін негізгі тетіктердің бірі. Әлем­дік туризм жалпы өнімінің 10 пайызын құрайды. Бұл – ірі биз­нес, үлкен ақша және жаһандық деңгейдегі саясат. Солай бола тұра, қазір әлем туризмнің қамын емес, адамзаттың амандығын ойлап отыр. Осындай «дүрбелең» сәтте ел саяхатты ұмытатыны белгілі. Ал алдын ала жоспарлап, туризм қа­зынасына қаржы салып қой­ғандар ше? Олар не істемек? Әри­не, бас тартары белгілі. Сондай туристік сапарларынан бас тартып, мил­лиондаған қаржысын қайтара ал­май жүргендердің арасында қа­зақстандықтар да бар. Елдегі туроператорлар азаматтарға 3 млрд 800 миллион теңге қарыз көрінеді. Азаматтар саяхаттан қалғаны бы­лай тұрсын, енді жолдамаға жұм­са­ған ақшасын қайтара алмай әлек. Шолпан есімді кейіпкеріміз (есімі өзгертіліп алынды – Г.Б.) күні бұрын саяхаттаймын деп, бар қаржысын жинақтап, Египетке билет алып қойған екен. Жолда­масы бойынша 30 наурызда ұшуы тиіс еді. Бірақ «аласапыран» заман туып кетті. Шекара жабық. Қала карантинге енген. Ол жақта да жағдай айтарлықтай болып тұрған жоқ. Жолдамадан бас тартары анық. Бірақ миллиондаған қар­жысы қайтпай тұр. Туроператорлар ұшақ билеті болмаса, қалған ақ­шаны қайтармаймыз дейтін көрі­неді. Олардың айтуынша, Шол­панның жолдама уақытын өзгер­туіне мүмкіндігі бар. «Жаз не күз айларына демалуына болады» дей­ді. Ал кейіпкеріміз «егер мен уа­қытты өзгертетін болсам, жолда­маға қосымша үстемеақы төлеуіме тура келеді» деп шырылдап отыр. Турагенттіктердің Instagram желісіндегі парақшалары осындай жазбаларға толып тұр. Агент­тік­тердің көбі ақшаны қайтарудан гөрі, уақытты өзгертуді тиімді са­найды. Олар да миллиондаған қар­жыдан айырылып қалғысы кел­мейтіндей. Өйткені әлемдегі бүгінгі ахуал олардың да жағдайын тұралатып тастаған секілді. Әр агенттікте кем дегенде он шақты қызметкер бар десек, көбі қазір жұмыссыз отыр. Елімізде 59 туроператор мен 1 500-ге жуық турагенттіктер бар екен. Олардың бәрі табыссыз қалса, қайтіп күн көрмек? Турагенттіктердің жанай­қайы осыған келіп тіреледі. Ал Dia Travels туроператоры «ақшаны қайтарып алуға асықпау» қажетін ескертеді. Олар «коро­навирусты жеңіп шығатынымызды әрі жолдаманың құнынан еш ұтылмайтынымызды» айтады. Қазір доллар бағамы өсіп кетті. Ал бұл жолдаманың көпшілігі күні бұрын алынып қойылған. Яғни, ол кездегі доллар бағамы басқа еді. БАӘ-ға 19 сәуірге билет алып қойған тағы бір кейіпкеріміз «19 сәуірге дейін карантин бітпесе, не істейміз?» деп қамығады. Туропе­ратор өкілі «15 сәуірге дейін каран­тин өз уақытында аяқталатын бол­са, сіздің жоспарланған мер­зімде саяхатқа шығуға мүмкінді­гіңіз бар. Егер карантин уақыты мерзімінен ары қарай ұзартылса, онда 15-іне дейін туроператорға ха­барласып, уақытын өзгерте ала­сыз» деп жұбату сөзін айтып отыр. «Сіздің ақшаңыз айналымда. Айналым баяу, бірақ жұмыс жүріп жатыр. Әрі оны тоқтату мүмкін емес. Әлемдік пандемияға бай­ла­нысты жақын шекаралар, қо­нақүй­лер, әуекомпаниялар жұмы­сын уақытша тоқтатты. Шетелдік серіктестер туроператорларға ақ­шаны қайтара алмауының да себебі – осы. Туроператорлар турагенттіктерге ақшасын бере алмай отыр. Ал жолдама ақшасын жылдам қайтару мүмкін емес. Барлық ақшалар қазір тоқтап тұр» дейді туроператор өкілдері. Турагенттер байламы «егер адам­дар ақшаны қайтаруды талап етпей, кейінгі мерзімге ауыстырар болса, онда туризм индустриясын күйретуге жол бермес еді» дегенге сая­ды. Олар «жағдай тұрақталған кез­де механизм қайтадан күшейе бас­тайды. Қозғалыс, сату, ақша рет­теледі. Сіз демалыс күнін, ор­нын, туристер санын өзгерте ала­сыз. Сон­да біз туризмді сақтаймыз және туристер лайықты демала алады. Таңдау – сіздікі!» деген ой­ды айтып отыр.  

Тығырықтан шығудың жолы бар ма?

Туризм саласы алғаш рет осын­дай тығырыққа тіреліп отыр. Олар да әлем «коронавирус дертін» жеңіп, экономика қайта қалпына келетініне сенімді. Ал Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Ра­йымқұлова «Шетелге шыққан қа­зақстандық 5 913 туристі дер кезінде ұйымдастырылған түрде елге қайтардық. Оның 1 821-і жоспарлы түрде, 3 748-і арнайы 19 чартерлік рейспен әкелінді, тағы 342 турист шетелдік әуетасы­мал­даушылармен келісіп, елге жет­кізілді. Бұл ретте мемлекеттің өз азаматтарына де­ген ерекше қам­қорлығын айту маңызды. Елге жет­кізілген әр турист Қазақ­стан­ның санитарлық қызметі бекіткен ережелерге сәйкес арнайы тек­серуден өтті» дейді. Қонақүйлер мен демалыс орындарына жіберілген қаржыны бірден қайтарып алу оңай емес. Оны «қайтару» механизмдері енді жүзеге асып жатыр. «Олар аударылған қаражатты қайтарып алу үшін өз серіктес­терімен келісімдер жүргізуде. Ал заң тұрғысынан шешілуге тиіс құжаттарды рәсімдеу үшін уақыт қажет. Осыған байланысты аза­маттардан жағдайға түсіністікпен қарауды және күте тұруды сұрай­мыз. Туристік қызмет туралы заң­ның 17-бабына сәйкес, туристердің қаражатын туроператорлар іс жү­зінде шығарған шығындарын ше­гере отырып қайтарады. Тур­опе­ра­торлар да өз тарапынан туындаған жағдайдан шығудың түрлі жол­дарын ұсынады. Олардың ара­сын­да демалыс күндерін ауыс­тыру мүмкіндігі де бар. Яғни сапарды басқа мерзімге де қалдыруға бо­лады» дейді министр. Мына қиындық туризмді де айналып өтпесі белгілі. Бұл сала да әжептәуір шығынға батқалы тұр. Осы бір қысылтаяң шақтан кейін туристік сала еңсе тіктеп кете ала ма? Кеткен шығынды өтеудің жолы бар ма? Сондықтан ендігі мәселе – іш­кі туризмді дамыту. Мына қиын­дықтың өзін ішкі туризмді да­мы­туға берілген мүмкіндік деп қарас­тыруға болады. Елімізде көрікті мекен көп. Шағалалы Каспий, қойнауы құт Қарқаралы, көрікті Көлсай, көркем Бурабай, Оқжет­пес, Баянауыл, тізе берсеңіз, толып жатыр. Асан Қайғы іздеген Жер­ұйықты Қазақстанның кез келген түкпірінен табарыңыз анық. Ен­деше, сол «жоғалған» миллиондар елдің туризміне салынса, ұтар едік ғой. Әттең, дерсің! Кеткен ақша «оралар». Мына дағдарыстан да өтерміз. Тұралап тұрған салаға жан бітіруді бүгіннен бастаған дұрыс шығар.  

 width=     Гүлзина БЕКТАС