Әлемде адамзат баласы қызығып, тамашалағысы келетін көрікті мекен өте көп. Жыл он екі ай саяхаттап, сұлу табиғатты көруге асығады. Күні бұрын билет алып, бес жұлдызды қонақүйлер мен демалыс орындарына тапсырыс беріп қоятындар да жетерлік. «Жақсыны көрмек үшін» демекші, әсем өлкеге саяхат жасағанға не жетсін?! Алайда 2020 жылдың қысы «дүрбелеңмен» басталды. Әлемді жаулаған коронавирус дерті саяхаттың да мән-маңызын жоғалтқандай. Көрікті мекенді тамашаламақ тұрмақ, әр адам басымен қайғы болып кетті. Аты жаман дерттен құтылудың жолын іздеп, жанталасып жатқан ел қаншама?! Бар ауыртпалық қазір дәрігерлердің иығына түсіп тұр. Осындай «балапан – басымен, тұрымтай – тұсымен» болып жатқан қиын шақта ел саяхатты армандамасы анық.
Қайтпаған қаржы, әлекке түскен туристер
Ал туризм дегеніміз – ел экономикасына елеулі өзгеріс әкелетін негізгі тетіктердің бірі. Әлемдік туризм жалпы өнімінің 10 пайызын құрайды. Бұл – ірі бизнес, үлкен ақша және жаһандық деңгейдегі саясат. Солай бола тұра, қазір әлем туризмнің қамын емес, адамзаттың амандығын ойлап отыр. Осындай «дүрбелең» сәтте ел саяхатты ұмытатыны белгілі. Ал алдын ала жоспарлап, туризм қазынасына қаржы салып қойғандар ше? Олар не істемек? Әрине, бас тартары белгілі. Сондай туристік сапарларынан бас тартып, миллиондаған қаржысын қайтара алмай жүргендердің арасында қазақстандықтар да бар. Елдегі туроператорлар азаматтарға 3 млрд 800 миллион теңге қарыз көрінеді. Азаматтар саяхаттан қалғаны былай тұрсын, енді жолдамаға жұмсаған ақшасын қайтара алмай әлек. Шолпан есімді кейіпкеріміз (есімі өзгертіліп алынды – Г.Б.) күні бұрын саяхаттаймын деп, бар қаржысын жинақтап, Египетке билет алып қойған екен. Жолдамасы бойынша 30 наурызда ұшуы тиіс еді. Бірақ «аласапыран» заман туып кетті. Шекара жабық. Қала карантинге енген. Ол жақта да жағдай айтарлықтай болып тұрған жоқ. Жолдамадан бас тартары анық. Бірақ миллиондаған қаржысы қайтпай тұр. Туроператорлар ұшақ билеті болмаса, қалған ақшаны қайтармаймыз дейтін көрінеді. Олардың айтуынша, Шолпанның жолдама уақытын өзгертуіне мүмкіндігі бар. «Жаз не күз айларына демалуына болады» дейді. Ал кейіпкеріміз «егер мен уақытты өзгертетін болсам, жолдамаға қосымша үстемеақы төлеуіме тура келеді» деп шырылдап отыр. Турагенттіктердің Instagram желісіндегі парақшалары осындай жазбаларға толып тұр. Агенттіктердің көбі ақшаны қайтарудан гөрі, уақытты өзгертуді тиімді санайды. Олар да миллиондаған қаржыдан айырылып қалғысы келмейтіндей. Өйткені әлемдегі бүгінгі ахуал олардың да жағдайын тұралатып тастаған секілді. Әр агенттікте кем дегенде он шақты қызметкер бар десек, көбі қазір жұмыссыз отыр. Елімізде 59 туроператор мен 1 500-ге жуық турагенттіктер бар екен. Олардың бәрі табыссыз қалса, қайтіп күн көрмек? Турагенттіктердің жанайқайы осыған келіп тіреледі. Ал Dia Travels туроператоры «ақшаны қайтарып алуға асықпау» қажетін ескертеді. Олар «коронавирусты жеңіп шығатынымызды әрі жолдаманың құнынан еш ұтылмайтынымызды» айтады. Қазір доллар бағамы өсіп кетті. Ал бұл жолдаманың көпшілігі күні бұрын алынып қойылған. Яғни, ол кездегі доллар бағамы басқа еді. БАӘ-ға 19 сәуірге билет алып қойған тағы бір кейіпкеріміз «19 сәуірге дейін карантин бітпесе, не істейміз?» деп қамығады. Туроператор өкілі «15 сәуірге дейін карантин өз уақытында аяқталатын болса, сіздің жоспарланған мерзімде саяхатқа шығуға мүмкіндігіңіз бар. Егер карантин уақыты мерзімінен ары қарай ұзартылса, онда 15-іне дейін туроператорға хабарласып, уақытын өзгерте аласыз» деп жұбату сөзін айтып отыр. «Сіздің ақшаңыз айналымда. Айналым баяу, бірақ жұмыс жүріп жатыр. Әрі оны тоқтату мүмкін емес. Әлемдік пандемияға байланысты жақын шекаралар, қонақүйлер, әуекомпаниялар жұмысын уақытша тоқтатты. Шетелдік серіктестер туроператорларға ақшаны қайтара алмауының да себебі – осы. Туроператорлар турагенттіктерге ақшасын бере алмай отыр. Ал жолдама ақшасын жылдам қайтару мүмкін емес. Барлық ақшалар қазір тоқтап тұр» дейді туроператор өкілдері. Турагенттер байламы «егер адамдар ақшаны қайтаруды талап етпей, кейінгі мерзімге ауыстырар болса, онда туризм индустриясын күйретуге жол бермес еді» дегенге саяды. Олар «жағдай тұрақталған кезде механизм қайтадан күшейе бастайды. Қозғалыс, сату, ақша реттеледі. Сіз демалыс күнін, орнын, туристер санын өзгерте аласыз. Сонда біз туризмді сақтаймыз және туристер лайықты демала алады. Таңдау – сіздікі!» деген ойды айтып отыр.Тығырықтан шығудың жолы бар ма?
Туризм саласы алғаш рет осындай тығырыққа тіреліп отыр. Олар да әлем «коронавирус дертін» жеңіп, экономика қайта қалпына келетініне сенімді. Ал Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Шетелге шыққан қазақстандық 5 913 туристі дер кезінде ұйымдастырылған түрде елге қайтардық. Оның 1 821-і жоспарлы түрде, 3 748-і арнайы 19 чартерлік рейспен әкелінді, тағы 342 турист шетелдік әуетасымалдаушылармен келісіп, елге жеткізілді. Бұл ретте мемлекеттің өз азаматтарына деген ерекше қамқорлығын айту маңызды. Елге жеткізілген әр турист Қазақстанның санитарлық қызметі бекіткен ережелерге сәйкес арнайы тексеруден өтті» дейді. Қонақүйлер мен демалыс орындарына жіберілген қаржыны бірден қайтарып алу оңай емес. Оны «қайтару» механизмдері енді жүзеге асып жатыр. «Олар аударылған қаражатты қайтарып алу үшін өз серіктестерімен келісімдер жүргізуде. Ал заң тұрғысынан шешілуге тиіс құжаттарды рәсімдеу үшін уақыт қажет. Осыған байланысты азаматтардан жағдайға түсіністікпен қарауды және күте тұруды сұраймыз. Туристік қызмет туралы заңның 17-бабына сәйкес, туристердің қаражатын туроператорлар іс жүзінде шығарған шығындарын шегере отырып қайтарады. Туроператорлар да өз тарапынан туындаған жағдайдан шығудың түрлі жолдарын ұсынады. Олардың арасында демалыс күндерін ауыстыру мүмкіндігі де бар. Яғни сапарды басқа мерзімге де қалдыруға болады» дейді министр. Мына қиындық туризмді де айналып өтпесі белгілі. Бұл сала да әжептәуір шығынға батқалы тұр. Осы бір қысылтаяң шақтан кейін туристік сала еңсе тіктеп кете ала ма? Кеткен шығынды өтеудің жолы бар ма? Сондықтан ендігі мәселе – ішкі туризмді дамыту. Мына қиындықтың өзін ішкі туризмді дамытуға берілген мүмкіндік деп қарастыруға болады. Елімізде көрікті мекен көп. Шағалалы Каспий, қойнауы құт Қарқаралы, көрікті Көлсай, көркем Бурабай, Оқжетпес, Баянауыл, тізе берсеңіз, толып жатыр. Асан Қайғы іздеген Жерұйықты Қазақстанның кез келген түкпірінен табарыңыз анық. Ендеше, сол «жоғалған» миллиондар елдің туризміне салынса, ұтар едік ғой. Әттең, дерсің! Кеткен ақша «оралар». Мына дағдарыстан да өтерміз. Тұралап тұрған салаға жан бітіруді бүгіннен бастаған дұрыс шығар.