Індет бет қаратпай өршіп барады. Осындай жағдайда қабылданып жатқан төтенше шаралар айрықша қажеттіліктен туғанын түсінесің. Алайда Үкімет сәл бұдан бұрынырақ қимылдаса, халықаралық әуе жолының Қазақстанға кіретін қақпасын тарс бекітсе, 1 сәуірге дейін созбаса, елдің етек-жеңін ертерек жинаса, тағы басқа ірілі-ұсақты шаруаларға алдын ала қамданса, салдары мұндай ауыр болмас па еді дейсің. 1 сәуірден бастап Нұр-Сұлтандағы халықаралық әуежай барлық халықаралық тұрақты және эвакуациялық жолаушылар рейстерін қабылдауды доғарды. Бұл шара коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында енгізілді. Иә, Нұр-Сұлтан коронавирус жұқтырғандар саны бойынша Қазақстанда бірінші орында тұр. 16 наурызда қалада карантин жарияланып, 22 наурызда жолаушылар пойызы және ішкі рейстер толық шектелген. 28 наурызда қалада қоғамдық көліктер тоқтап, адамдардың сыртқа шығуына тыйым салынды. Қала тұрғындары тек азық-түлік немесе дәрі-дәрмек сатып алу үшін немесе жұмысқа бару үшін ғана далаға шыға алады. Осы арада бір заңды сұрақтың құлағы қылтияды. Мемлекет 16 наурызда карантин жариялағанда неліктен ішкі рейстерді ғана тоқтатып, халықаралық әуежолдарын жаппаған? Аурудың іштен шықпайтынын, сырттан сыналап кіретінін біле тұра, қалайша мұндай бейқамдық танытқан? Еске түсірейікші. Коронавирус жұқтырған алғашқы қазақстандықтар кімдер еді? Екеуі де – Германиядан ұшып келген азаматтар. Әрине, олар карантиннен бірер күн ертерек, біреуі 10 наурызда, екіншісі 12 наурызда оралған. Алайда індеттің шеттен келетінін болжауға көп ақылдың керегі шамалы еді ғой... Бас санитар Айжан Есмағамбетованың айтуынша, Қазақстанда тіркелген 369 жағдайдың (1 сәуірдегі ақпарат – ред.) 91-і – шетелден келгендер. Қалғаны бірінші, екінші, үшінші адаммен қарым-қатынас жасаудан жұққан. Тіпті, бір науқас 10 адамға ауру таратқан жайттар да кездеседі екен. Төтенше жағдай енгізілген 16 наурыздан бастап ел аумағына кіріп-шығуға шектеу қойылғанымен, шетелге шығып кеткен Қазақстан азаматтарының елге кіруіне ешкім бөгет болмады. Сыртқы істер министрлігінің ресми ақпаратына сүйенсек, 27 ақпан мен 16 наурыз аралығында 435 мың азамат шекара асқан және көбі қайтып оралған. Франция, Испания, Украина, Чехия, Сауд Арабиясы сияқты карантиндегі мемлекеттерден қазақстандықтардың Қазақстанға оралуына елшілік көмектескен. Жуырда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев коронавирус инфекциясымен күрес кезеңінде 7 мыңнан астам жерлесіміз елге жеткізілгенін мәлімдеді. «Шетелде жүрген қазақстандықтардың елге кіруіне уақытша тыйым салу керек» деп есептейтіндер де бар. Олардың ойынша, ондай тыйым халық арасында індеттің тарамауына септігін тигізер еді. Естеріңізде шығар, қайбір күні 43 алматылық Лондоннан Нұр-Сұлтанға «Эйр Астананың» ұшағымен жеткізілген соң елордада бөгеліп қалды. Бұл ақпарат әлеуметтік желіде қызу талқыланып, «жолаушылар келген жеріне қайта кетсін», «карантинге 14 күн жатсын», «Алматыға кірмесін» дегендей пікір көп айтылды. Әрине, оларды да түсінуге болады. Бәрі қорқып отыр. Бәрі карантиннің тезірек біткенін қалайды. Бірақ шетелдегілердің бәрі ерігіп жүр, қаңғып жүр деуге аузымыз тағы бармайды. Қазіргі жаһандану заманында шетелмен байланысқа түспеу, шетелмен қарым-қатынас жасамау мүмкін емес. Жалпы, COVID-19 инфекциясының қайнаған ошағынан келген азаматтар тұрғылықты жері бойынша 14 күнге карантинге орналастырылуы керек. Эпидемиологиялық ахуалы тәуірлеу жерден оралғандар 24 күн бойы қоңырау шалу әдісімен қашықтан бақыланады. Әйтсе де, коронавирустың инкубациялық кезеңі екі апта емес, 24 күнге жалғасуы ықтимал деген жаңа деректер шығып жатыр. Сондай-ақ шетелден ұшып келген азаматтарды тест тапсырған соң дереу жібере салған оқиғаларды да әлеуметтік желіден оқыдық. Пандемияның ұзаққа созылатыны шын болса, ендігәрі мұндай кемшін-кетіктерге жол бермеуге тиіспіз. Иә, мемлекеттің өз азаматтарына деген қамқорлығы осындай қысылтаяң шақта көрінеді. Осыдайда «Жусан» операциясы ойға оралады. Сол кезде де халық арасында «Сирияға аттанғандар – Отанын сатқандар, терроршылар, өлмесе өмірем қапсын» деп оларды елге әкелуге қарсы шыққандар табылған. Беларусь президенті Александр Лукашенко сияқтылар: «Ескертуге құлақ аспастан шетелге кеткендерге чартер жібермейміз. Енді пандемия біткенше, сонда қала берсін» деп жерлестерін тағдыр талқысына тастай салды. Ал коронавирус ошағында қалған қандастарына көмек қолын созған Қазақстан билігінің әрекеті қазақтың бауырмал қасиетін тағы бір әйгілесе керек.