Блок-бекеттегі жағдай қалай?
Блок-бекеттегі жағдай қалай?
158
оқылды
Төтенше жағдай кезінде блок-бекеттердің жұмысы кү­шейтілді. Қауіпсіздік шара­ларының алдын алу, аза­мат­­тардың қозғалысын ба­қы­­лау ережеге сай жүзеге асы­­ры­луда. Тексеріс бары­сын­да жо­лау­шылардың дене қы­зуын өлшеу де мін­дет­тел­ген. Алайда, аталған блок-бекет­терді бұзып-жарып өтуге әре­кет жасайтындар да аз емес. “Тәртіпке бағынған ел -құл болмайды”. Десек те, тәртіпке бағынғысы келмей, өз бетінше әрекет етіп жатқандардың бұл әрекетін қалай түсінеміз? Айтпақшы, өткен аптада блок-бекеттен кіріп-шығу бойынша ерек­ше режимді бұзған 99 адам жазаға тартылып, оның 84-і қа­мауға алынғанын елорда әкімдігі хабарлаған еді. – 30 наурыздан бері елордада төтенше жағдай күшейтілді. Нұр-Сұлтан қаласының Полиция бас­қармасы коронавирус инфек­циясының таралуын алдын алу бойынша барлық қажетті шара­ларды қолдануда. Полиция наряд­тары көбейтілді. Қаланың бар­лық ауданындағы азаматтар мен автокөлік құралдарының қоз­ғалысы қатаң қадағалануда. Тәулік бойы күзет жүргізіліп, оған ұтқыр топтар, жаяу наряд жұмыл­дырылды. Блок-бекеттегі ахуал әуеден дрондар арқылы бақы­лануда, – деп мәлімдеді депар­тамент мамандары. Блок-бекеттерде бақылау ай­­мақ­тары мен қызмет көрсету пункт­тері орнатылған, барлық учаскелерде әскери қызметшілер, медицина қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Санитарлық шаралар күшейтілген. Әйткенмен, аймақ­тардағы блок-бекеттерде ережеге бағынбай, тәртіп бұзған азаматтар бар. Таяуда әлеуметтік желіде мас күйінде Toyota Ipsum көлігімен блок-бекетті және екі көлікті соқ­қан көлік жүргізушісінің видеосы тарады. Бұл оқиға Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай ауылында болған. Қарасай аудандық соты­ның үкімімен ер адам айыпты деп танылды. Аталған азамат 20 тәу­лікке әкімшілік қамауға алы­нып, 7 жылға көлік жүргізу құқы­ғынан айырылды. Сондай-ақ Алматы облысында блок-бекетті айналып өтпек болған 4 адам ұсталды. 1986 жылы туған Түркістан қаласының тұрғыны еліміздегі төтенше жағдай тәртібін бұза отырып, Алматы қаласының аумағына Ақсай өзені арқылы жасырын өтуге тырысқан. Екінші жағдайда Алматы облысының 1968 жылғы тұрғыны осы әдіспен карантин жарияланған аумаққа өтуге әрекеттенген. Тағы да бір Ал­маты облысының тұрғыны Іле ау­данының Покровка елді ме­ке­нінің маңын­дағы №22 тос­қауыл-бекеті жанында қолға түсті. Төр­тінші құқық бұзушы Қырғыз мем­лекетінің 2000 жылғы тұр­ғыны екені анық­талды. Тексеріс бары­сында шетел азаматының өзімен бірге еш­қандай құжаты жоқ болып шықты. Қазіргі жағдайда аталған аза­мат­тардың әрекеттері қолданыс­тағы заңнамаға сәйкес қатаң жаза­ланатыны белгілі. Ма­ман­данды­рылған ауданаралық экономикалық сотының ше­ші­мімен олар 5 тәу­лікке әкім­шілік қа­маққа алын­ды. Жол-көлік оқиғаларынан бөлек блок-бекетте тұрғындардың тек­серушілерге қарсы іс-әрекет­тері, жанжал да тіркеліп отыр. Солардың бірі – төтенше жағдай тәртібін қадағалап тұрған тәртіп сақшысына қол жұмсаған тараздық азамат. Тарқатып айтсақ, Байзақ ауданындағы блок-бекетте коро­­навирус пандемиясының тара­луын болдырмау мақсатында авто­көліктерге тексеру жүргізу кезінде кезекшіліктегі Тараз қа­ласы Полиция басқармасы жер­гілікті полиция қызметінің инс­пек­торы Алматы бағытындағы Toyota Corolla маркалы автокөлігін тоқтатқан. Тараз қаласының 34 жастағы тұрғыны полиция қыз­меткерінің төтенше жағдай талап­тарына сәйкес, тиісті құжатсыз блок-бекеттен өткізбей, шектеу қойғанына қарсы шығып, оның бетінен жұдырықпен ұрған. Күдікті кінәсін мойындап, ҚПК-нің 128-бабы бойынша Тараз қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Ұсталған ер адам бұрын бірнеше рет сотты болған.    width= Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 379-бабы («Төтенше жағдай жа­рия­ланған жерде билік өкілінің заңды талабына бағынбау») және 380-бабы бойынша («Билік өкіліне қарсы күш қолдану») сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Блок-бекеттегі тәртіп бұзу­шылықтар батыс өңірінде де кездесті. Атап айтқанда, Маң­ғыс­тау облысында 2 жол-көлік оқи­ғасы тіркелді. Олардың бірі Ақтау – Бейнеу республикалық маңызы бар автожолында сағат 21.30 шама­сында болған. 33 жасар жүргізуші Hyundai Sonata маркалы автокөлігімен блок-бекеттегі бетон блогымен соқтығысқан. Жүр­гі­зу­шіге қатысты Әкімшілік құқық­бұзушылық туралы кодекстің 610-бабы 1-бөлігі бойынша әкім­шілік хаттама жасақталды. Ал екінші оқиға республикалық маңызы бар Ақтау – Құрық ав­тожолының 29 шақырымында блок-бекетті орнату кезінде тір­келді. Toyota Camry 40 маркалы автокөлігінің 30 жасар жүргізушісі көлікті басқара алмай, орнатылған бетонды байқамай, блок-бекетке соқтығысқан. ЖКО салдарынан 4 адам Маңғыстау облыстық ауру­ханасына жеткізілді. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 1-бөлігі бойын­ша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Төтенше жағдай кезінде жол бойында жанжал шығарғандар мен жол апатына түскендерден бөлек блок-бекетті айналып өтпек болғандар да кездесті. Батыс Қазақстан облысында полицейлер блок-бекетті айналып өтпек болған Toyota Camry жүргізушісін ұстады. Тәртіп бұзған азаматта жүргізуші куәлігі болмаған. Жаза­ланушыға қатысты Әкімшілік құ­қықбұзушылық туралы кодекстің 612-бабы 3-бөлігі бойынша әкім­шілік хаттама толтырылды. Айта кетейік, бұл бап бойынша жүргізуші 50 АЕК мөлшерінде айып­пұл төлеуге міндеттеледі немесе 10 тәулікке әкімшілік қа­мауға алынады. Оралдағы тағы бір жол-көлік оқиғасы Зачаган кентінде болды. БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі, полиция полковнигі Болатбек Белгібековтің мәлім­деуінше, блок-бекетте тұрған полиция қызметкерлерінің ескер­туіне қарамастан, «ВАЗ-2115» автокөлігінің иесі блокты соғып кеткен. Жүргізушіге Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 610-ба­бына сәйкес (айыппұл салу) хат­тама толтырылды. Бұл блок-бекеттегі қылмыстық оқиғалардың бір парасы ғана. Мұндай тәртіпсіздіктер күніне бірнеше мәрте тіркеледі. Оған тө­тенше жағдай кезінде бір қала­дан екінші қалаға баруды көздегендер­дің қитұрқы әрекетін қосыңыз. Блок-бекетті айналып өту үшін тұр­ғындар түрлі қулық-сұмдыққа баруда. Бірі – қоқыс таситын көлік жүргізушілерімен тіл табысса, енді бірі – қоршау арқылы қалаға емін-еркін кіріп-шығып жүр. Бірі – ойын жүзеге асырса, енді бірі – жазаға тартылып, айыппұл төлеуде. Ал тәртіп сақшылары күн сайын бақылаусыз қалған өткелдер мен төте жолдарды жауып әлек. Абзалы азаматтар еліміздегі жағдайды ескеріп, жалпыға ор­тақ тәртіпті сақтағаны жөн. Өйт­кені бұл жұмыстардың бәрі тұрғын­дардың қауіпсіздігі үшін жасалып отырғанын ұмытпайық.  

 width=  Абылайхан ЖҰМАШ