Төтенше жағдай кезінде блок-бекеттердің жұмысы күшейтілді. Қауіпсіздік шараларының алдын алу, азаматтардың қозғалысын бақылау ережеге сай жүзеге асырылуда. Тексеріс барысында жолаушылардың дене қызуын өлшеу де міндеттелген. Алайда, аталған блок-бекеттерді бұзып-жарып өтуге әрекет жасайтындар да аз емес. “Тәртіпке бағынған ел -құл болмайды”. Десек те, тәртіпке бағынғысы келмей, өз бетінше әрекет етіп жатқандардың бұл әрекетін қалай түсінеміз?
Айтпақшы, өткен аптада блок-бекеттен кіріп-шығу бойынша ерекше режимді бұзған 99 адам жазаға тартылып, оның 84-і қамауға алынғанын елорда әкімдігі хабарлаған еді.
– 30 наурыздан бері елордада төтенше жағдай күшейтілді. Нұр-Сұлтан қаласының Полиция басқармасы коронавирус инфекциясының таралуын алдын алу бойынша барлық қажетті шараларды қолдануда. Полиция нарядтары көбейтілді. Қаланың барлық ауданындағы азаматтар мен автокөлік құралдарының қозғалысы қатаң қадағалануда. Тәулік бойы күзет жүргізіліп, оған ұтқыр топтар, жаяу наряд жұмылдырылды. Блок-бекеттегі ахуал әуеден дрондар арқылы бақылануда, – деп мәлімдеді департамент мамандары.
Блок-бекеттерде бақылау аймақтары мен қызмет көрсету пункттері орнатылған, барлық учаскелерде әскери қызметшілер, медицина қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Санитарлық шаралар күшейтілген. Әйткенмен, аймақтардағы блок-бекеттерде ережеге бағынбай, тәртіп бұзған азаматтар бар.
Таяуда әлеуметтік желіде мас күйінде Toyota Ipsum көлігімен блок-бекетті және екі көлікті соққан көлік жүргізушісінің видеосы тарады. Бұл оқиға Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай ауылында болған. Қарасай аудандық сотының үкімімен ер адам айыпты деп танылды. Аталған азамат 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Сондай-ақ Алматы облысында блок-бекетті айналып өтпек болған 4 адам ұсталды. 1986 жылы туған Түркістан қаласының тұрғыны еліміздегі төтенше жағдай тәртібін бұза отырып, Алматы қаласының аумағына Ақсай өзені арқылы жасырын өтуге тырысқан. Екінші жағдайда Алматы облысының 1968 жылғы тұрғыны осы әдіспен карантин жарияланған аумаққа өтуге әрекеттенген. Тағы да бір Алматы облысының тұрғыны Іле ауданының Покровка елді мекенінің маңындағы №22 тосқауыл-бекеті жанында қолға түсті. Төртінші құқық бұзушы Қырғыз мемлекетінің 2000 жылғы тұрғыны екені анықталды. Тексеріс барысында шетел азаматының өзімен бірге ешқандай құжаты жоқ болып шықты. Қазіргі жағдайда аталған азаматтардың әрекеттері қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жазаланатыны белгілі. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен олар 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Жол-көлік оқиғаларынан бөлек блок-бекетте тұрғындардың тексерушілерге қарсы іс-әрекеттері, жанжал да тіркеліп отыр. Солардың бірі – төтенше жағдай тәртібін қадағалап тұрған тәртіп сақшысына қол жұмсаған тараздық азамат. Тарқатып айтсақ, Байзақ ауданындағы блок-бекетте коронавирус пандемиясының таралуын болдырмау мақсатында автокөліктерге тексеру жүргізу кезінде кезекшіліктегі Тараз қаласы Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің инспекторы Алматы бағытындағы Toyota Corolla маркалы автокөлігін тоқтатқан. Тараз қаласының 34 жастағы тұрғыны полиция қызметкерінің төтенше жағдай талаптарына сәйкес, тиісті құжатсыз блок-бекеттен өткізбей, шектеу қойғанына қарсы шығып, оның бетінен жұдырықпен ұрған. Күдікті кінәсін мойындап, ҚПК-нің 128-бабы бойынша Тараз қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Ұсталған ер адам бұрын бірнеше рет сотты болған.