Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамовтың қатысуымен «Қашықтан оқытудың негізгі мәселелері» тақырыбында брифинг өтті. Онда облыс әкімінің орынбасары бүгіннен бастап оқушыларға 4-тоқсанды қашықтан оқытуға форматы басталғанын айтты.
– Облыс бойынша 293 мектепте 161 779 оқушы білім алады. Мектептің 78 пайызы ауылда орналасқан. Барлық педагог саны – 21 705. Оқушылардың электронды құрылғылармен (компьютер, ноутбук, планшет, смартфон) қамтамасыз етілуіне және интернетке (ұялы байланыс операторлары арқылы мобильді интернет) қосылуына мониторинг жүргізілді. Электронды құрылғылары жетіспейтін отбасыларына мектеп балансындағы компьютерлер уақытша пайдалануға берілді. Қашықтан оқыту Білім және ғылым министрлігінің нұсқаулығына сәйкес әдістер арқылы ұйымдастырылады. Алғашқы әдіс бойынша «Балапан» және «Еларна» телеарналары арқылы қазақ және орыс тілінде оқытылады. Бүгінгі күні Білім министрлігі тарапынан бейнесабақтар дайындалды. Жалпы, үш мыңнан аса сабақ көрсетіледі. Әр сабақтың ұзақтығы – 10 минут. Арнайы сабақ кестесі әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары бетіне жарияланады, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Телеарналар арқылы оқыту форматына облыстағы 73 847 оқушы қамтылады. Бейнесабақтарды барлық облыс оқушылары қосымша пайдалануда. Министрлік тарапынан телесабақтар интернетке жүктелетін болады.
– Екінші әдіс – «Қазақ» радиосы арқылы оқыту. Бейнесабақтардың аудио нұсқасы таратылады. Мұны да балалар қосымша тыңдап, мағлұмат алады. Үшінші әдіс – интернет арқылы оқу. Мұғалім өзіне ыңғайлы интернет платформаларды пайдаланады. Мысалы, «Электронды күнделік», «Дарын Онлайн» «Білімлэнд» интернет ресурсында оқушылардың білім алуына қажетті контент жеткілікті. Онда бейнесабақтар, тестілеулер, әдістемелік нұсқамалар жүктелген. Пайдалану тегін. Бұл жерде мына мәселеге назар аударсақ, қашықтан оқыту дегенді онлайн оқыту деп шатастырмауыз қажет. Қашықтан оқытуда мұғалім кері байланысты электронды почта, электронды күнделік, WhatsApp мессенджерін пайдаланады. Электронды күнделік журналын пайдалануға мүмкіндік болмаған жағдайда әр мұғалім қағаз түріндегі журналды қолданады. Интернеті және ұялы байланысы жоқ елді мекенде кері байланыс алдын ала дайындалған тапсырмалар үйлеріне санитарлық қауіпсіздік талаптары сақтала отырып, жеткізілетін болады. Облыста мұндай елді мекендер саны 25-ті құрайды. Ондағы мектепте 2 696 оқушы білім алады, – деді облыс әкімінің орынбасары.