Ырыс пен ынтымақ ұйытқысы
Ырыс пен ынтымақ ұйытқысы
306
оқылды

Кейде тіпті ел ағаларының өздері «Біртұтас ұлт құрып жатқанда, қоғамның алуантүрлілігін паш ететін Қазақстан халқы ассамблеясы керек пе?» деп сұрақты «төтесінен» қойып жатады. Бірақ бұл сұрақ шынында білместіктен, мәселенің байыбына бармаудан туындауы мүмкін. Өйткені халқымыз біртұтас болуы, оның әрбір мүшесі ұлты мен дініне қарамастан, Отанында жүргенін сезінуі үшін де ассамблеяның қызметі маңызды.

ҚХА-ның «Татулық пен келі­сім формуласы: бірлік және жаң­ғыру» тақырыбында өткен күні кешегі XXVII сессиясында Түр­кия­дан келген ғалым, зерттеуші, басқару саласының маманы Күр­шат Зорлу «Астана процесі» Ел­басының бітімгерлік қасиетін айқын танытқанын айта келе, Қа­зақстанның Тұңғыш Прези­денті Нұрсұл­тан Назарбаевқа елор­дада Сирияға қатысты келіс­сөздер жүргізіп, жауласушы жақ­тарды бітімге келтіргені үшін ризашылығын білдірді. 
Түркиялық мейманның араб еліндегі келі­сімнің орнауына қуа­нуының жөні бар. Себебі, халықа­ралық сарапшылардың айтуын­ша, кезінде билікке келе сала, Башар Асад қырық құрақ көрпе­дей әр ұлыстан құралған елін бі­ріктірмек болып, «сириялық араб халқының бірлігі» идеологиясын табанды жүргізе бастады. Алайда түп-төркіні түзу бұл саясат кейін солақай-содыр сипат алып, өзге этни­калық топтар мен ұлттық азшылықтарға ана тілінде жазуға да, газет шығаруға да тыйым са­лынды. Соның кесірінен түркі­тілдес халық­тардың бірі «Сирия­лық түрікмендер ассамб­леясына» бірігіп, қолына қару алуға, ресми билікке қарсы шығуға мәжбүр болды. «Астана процесіне» Түр­кияның келіссөз жүргізуші тарап болып қосылуының бір себебі де Сириядағы түркі тілдес этнос­тарды қорғау мақсатынан туында­ған болатын.       
«Кеңес халқы» деген жаңа қо­ғамдастықты құру – жаппай қу­ғын-сүргін, репрессия, жер аудар­ту, тұтас халықтарды депорта­циялау секілді көптеген адам шо­шырлық, зорлық-зомбылық ша­расымен астасып жатты. Сон­дықтан ХХ ғасырдың 80-ші жыл­дарының ортасында, Горбачевтің «қайта құруы» кезінде орталық­тағы биліктің әлсіреуі, жалаң демократияландыру мен жете ойластырыл­маған деидеологи­зациялау науқандары салдарынан, бұрын тек күшпен «цементтеліп» тұрған «кеңес халқы» шашылып қалып, тоз-тоз болғанымен қой­май, өзара қақтығысқа түсті. 
КСРО тұсында шешімін тап­пай, ондаған жылдар бойы қорда­ланған ұлттық мәселелердің бәрі ауыр мұра болып, тәуелсіз Қазақ­станға көшті. Елімізді мекен еткен қаптаған этностардың төл ұлттық сана-сезімдері оянды, олар өз дәстүрлері мен әдет-ғұр­пын қайта жаңғыртуға кірісті. Қо­ғамымызда «тарихи Отан» де­ген ұғым пайда болды және ол мүл­дем Қазақстанға қатысты емес еді. Нәтижесінде, татар ағайындар шеруге Татарстанның туын көте­ріп шыққан кезі болды. Шоғыр­лана орналасқан жерлерде қазақ­стандық гректер Қазақстанның азат болған күнін емес, 25 нау­­рыз – «Грекияның Тәуелсіздік күнін» үлкен салтанатпен атап өтетінді шығарды. 
Ұлтаралық жанжал өрті 1991 жы­лы 15 қыр­күйекте Орал казак­тары Ресей империясына қызмет етуінің 400 жылдық мерейтойын атап өтпек болғанда туындай жаздады. Жалпы, егемендікке енді ғана қол жеткізген Қазақ­станда казактарға қатысты еш­қан­дай да қуғын-сүргін болмаған еді. Оның үстіне патшалық «Ресей империясының» келмеске кет­кеніне де көп уақыт өткен, демек, құрыған нәрсеге қыз­мет етудің өзі ерсі-тін. Алайда сарапшылардың байламынша, бұл шараның астарында сол кезде сепаратизм мен күш көрсету жатқан еді. Мә­селен, Оралдағы мерейтойға Ресейден қо­нақ болып қатысқан Іркіт (Иркутск) казак­та­рының атаманы Николай Меринов ке­йінгі естелігінде сол тұста Қазақ­станның мұнайлы батыс өңір­лерін қазақтардан бөліп алып, «Орал респуб­ликасын» құру ниетін ілге­рі­лет­кен күштер қимылдағанын растайды. Бұл үшін «қазақтар казактар мен орыстардың қанын төгуде» деген сылтау табылса, жеткілікті болыпты. 
Қақтығыстың қандай деңгейге жеткенін сол кездегі құжаттар да растайды. Мәселен, 1990 жылғы 4 қыркүйекте Орал қалалық кеңесі (қазіргі ұғыммен айтқанда, мәслихат) «Орал қаласындағы қоғамдық-саяси ахуал туралы» Қаулы қабылдайды. Онда Орал қаласында ресми іс-қағаздар тек орыс тілінде жүргізілуге тиістігі көзделген және орыс тілі жергі­лікті ресми тіл деп жарияланған. Бұған облыстық және қалалық «Қазақ тілі» қоғамы қарсылық білдіріп, Орал қалалық комитетіне наразылық хаттар жолдайды.
Ақыры 1991 жылдың 15 қыр­күйегінде Орал қаласына Ресейдің әр түкпірінен қақтығысқа әзір казактар, ал Қазақстанның әр өңі­рінен өз елі мен жері үшін жа­нын беруге даяр қазақтар жина­лады. Шиеленістің ушығып, шыр­қау шегіне жеткені сонша, бұл ұлтаралық қана емес, елара­лық қақтығысқа ұласып кетуі ғажап емес еді. Алайда осы қозға­лысқа жетекшілік еткен ұлтжанды азаматтардың және құқық қорғау органдарының іс-қимылдары арқа­сында қан­төгіске жол беріл­меді. Бұл ретте қазақтар казак­тардың салт-дәстүрі мен мә­дение­тін ұстануына еш кедергі келтір­мегенін айғақтайтын дерек бар: 1991 жылғы 15 қыр­күйекте «Құт­қарушы Христостың хра­мында» оралдық казактардың Ресей тә­жіне қызмет етуінің 400 жылды­ғы­на арналған құлшылық ету шарасы ұйымдас­ты­рылды. Онда репрессия жылдарында және шай­қастарда қаза тапқандар еске алынған.     
Мәскеулік жазушы әрі зерт­теуші Леонид Млечин «Назарбаев. Групповой портрет с Президен­том» атты кітабында Елбасының қақ­ты­ғыстың алдын алу үшін Ре­сеймен ықпал­дастық жаса­ға­нын жазады: «Оралда казактар ме­рей­тойларын атап өтпек болды. Жергілікті билік бұған қарсы­лы­ғын білдірді. Бірақ мереке бәрібір ұйымдастырылды, Ресейден бір­неше жүз казак жиылды. Қа­зақ­станның Жоғарғы Кеңесі казак­тарды ұлтаралық араздық тудыр­ғаны үшін айыптады. Нұр­сұлтан Назарбаев казактардың әрекетін арандатушы, Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігіне ашық сый­ламаушылық білдіру деп бағалап, Ресей президенті Ельцин­ге қайырылды». 
Мұның барлығын не үшін ай­тып отырмыз? Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы Оралдағы оқи­ға қоғамның кез келген бөлі­гі­нің ебедейсіз, арандатушы әре­ке­­ті, елде келісім мен бірліктің бол­­ма­уы үлкен адам шығынына соқ­­ты­руы ықтимал екенін паш етті.  
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жы­лы Тәуелсіздіктің 1 жылдығына арналған Қазақстан халықта­ры­ның форумында жария етті. 1995 жылғы 1 наурызда «Қазақстан халықтары ассамблеясын» Пре­зидент жа­нын­дағы консультатив­тік-кеңесші орган мәрте­бесінде құру туралы Мемлекет басшы­сы­ның Жарлығы шықты. 2008 жыл­ғы 20 қаңтарда Нұрсұлтан На­зар­баев «Қазақстан халқы ассамб­лея­сы туралы» әлемде еш балама­сы жоқ заңға қол қойды. ҚХА елі­міздің саяси жүйе­сінің толық­қанды субьектісіне айналды. 
Бүгінде ҚХА-ға бүкілқазақ­стандық бірліктің бірегей моделін қалыптастырудың маңызды рөлі жүктелген. Ассамблеяның басты міндеті мемлекеттің ұлттық сая­сатын іске асыру, Қазақстандағы қоғамдық-саяси тұрақ­тылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институтта­ры­ның этноса­ра­лық қатынастар саласындағы өзара іс-қимы­лының тиімділігін арттыру болып отыр.
Елбасының «Болашағы біртұ­тас ұлт» идеясының іске асырылуы және ассамблеяның ізгілікті қыз­меті арқасында бүгінде еліміздегі барлық этнос қазақ елінің мем­ле­кеттілігі мен тәуелсіздігін мойын­дайды, Қазақстанды «өз Отаным» деп те санайды. Соның бір көрі­ні­сіндей, кезінде жаппай қолда­ныл­ған «Қазақ­стан халықтары», «тарихи Отан» сөздері қазір саяси, әлеуметтік қолданыстан түсіп қалды.  
– Әртүрлі этностың бейбіт әрі тату өмір сүруінің жаңа фор­му­лалары түзілетін зертхана функ­цияларын атқаратын Қазақстан халқы ассамблеясы кезінде аза­мат­тық қоғамның әлемдік зама­науи тәжірибеде баламасы мен тең­десі жоқ мүлдем жаңа инсти­туты ретінде құрылды. Ресей ха­лықтары ассамблеясы 1998 жылы ашылды және оның негізін қалау барысында көптеген идеялар Қазақстаннан көшірілді. Біз қазір де Қазақстаннан үйре­ну­деміз. Сіздердің елдеріңізде мемлекет пен ұлттық-мәдени бірлестік­тер­дің бірлескен шығармашылы­ғы­ның бірегей тәжірибесі қордалан­ған. ҚХА-ны барша этностар та­ны­ған Ұлт көшбасшысы Н.На­зар­баевтың басқаруы да осы ұйым­ның ықпалы мен маңызынан хабар береді, – дейді Ресей халық­тары ассамб­леясының жетекшісі. 
Бейбіт күн – тек бітім мен ауыз­біршілікті, ынтымақ пен та­ту­лықты ардақтай білетін ха­лық­тарға ғана қонатын бақ. Ал бұл бақтың қан­шалықты қымбатқа түскенін, ғасырлар бойы ұзақ күттіргенін қазақтар, барша Қа­зақ­стан халқы жақсы біледі.