Баспана құрылысының қарқыны әлсіз
Баспана құрылысының қарқыны әлсіз

Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен отырыста Жоғарғы палата заңнамаға тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша түзетулерді қабылдады. Бұл құжат сенаторлар арасында қызу пікірталас тудырды.

Заң Елбасының көпбалалы отбасыларды және жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз ету тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Ол арқылы «Мемлекеттік наградалар туралы» заңға «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналардың баспананы бірінші кезекте алуын көздейтін түзету енгізіледі. 
Ал қолданыстағы «Тұрғын үй қатынас­тары туралы» заңға «көпбалалы отбасы» ұғымын «Неке және отбасы туралы» кодек­сіне сәйкес келтіру; «сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай» деген жаңа ұғымды енгізу; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға, көпба­лалы отбасыларға халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары мәртебесін беру; олар бойынша бөлек баспана кезегі тізімін жүргізу; осы санаттағы көпбалалы аналарды, көпбалалы отбасыларды тұрғынжайға мұқтаж адамдар есебінен шығарып тастауға тыйым салуды белгілеу бөлігінде түзетулер қарастырылып отыр. 
Сондай-ақ заңда «Мемлекеттік жас­тар саясаты туралы» заңға «жұмыс істеп жүрген жастар» деген жаңа ұғымды енгізу; Ақпарат және қоғамдық даму ми­нис­трлігіне еңбекқор жастарға сатып алу құқығынсыз арендалық баспана беру қа­ғидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі жаңа құзырет беру бөлігінде түзетулер енгізіледі. 
«Заң жобасында ұсынылған тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз жалға алу тетігі көп­балалы аналар мен көпбалалы отбасыларға мемлекеттен елеулі көмек әпереді, сондай-ақ мемлекет пен тұрғын үйге мұқтаж көпбалалы отбасылар мүдделерінің қажетті теңгерімін сақтай отырып, қоғамда масылдық көңіл күйдің дамуына жол бермейтін тетік болып табылады», – деді Сенат комитетінің төрағасы Б.Әйтімова. 
Ол бизнес өкілдерін осы мәселені ше­шуге атсалысуға, қоғам алдында әлеуметтік жауапкершілікті паш етуге шақырды.
Сенат басшысы баспанаға қатысты өзекті мәселелерді бірінші кезектегі басым­дық ретінде белгіледі. Дариға Назарбаева тұрғын үй құрылысының қарқыны әлсіз екенін, сатып алу құқығынсыз эконом-сыныпты тұрғын үй құрылысын жаппай салуға ынталандыру тетігінің жоқтығын, жеке тұрғын үй құрылысына жер телімде­рін алу рәсімін төрешілдік-бюрократия жайлағанын атап өтті. 
Отырыс соңында Сенат басшысы баршаны келе жатқан 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.
Сондай-ақ Сенат төрағасы осы күні Хорватия премьер-министрінің орынба­сары, сыртқы және еуропалық істер минис­трі Мария Пейчинович-Буричпен кездесті. Д.Назарбаева М.Пейчинович-Буричтің Қазақстанға алғашқы ресми сапары арқылы екіжақты қарым-қатынастың жаңа парағы ашылатынына сенім білдірді. 
–Біз Хорватияны Қазақстанның Бал­қандағы маңызды әрі келешегі зор серіктесі ретінде қарастырамыз және барлық салалар мен деңгейлерде өзара іс-қимылды дамытуға мүдделіміз, – деді ол.
Тараптар парламентаралық байланыс­тарды нығайтудың келешегін де талқылады. Сенат басшысы хорват депутаттарын Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Парламенттік делегациялардың сапарлары саяси үнқатысуды кеңейтумен қатар, өзара іс-қимылдың барлық салалары бойынша екіжақты қарым-қатынастарды ілгерілетуге мүмкіндік береді. 
Жоғарғы палата басшысы ынтымақтас­тықтың ауыл шаруашылығы, туризм, ақ­параттық технологиялар, денсаулық сақтау секілді болашағы зор бағыттарын атап өте келіп, «Хорватияның озық технологиялар мен сервистік секторлар сыртында, ауыл шаруашылығындағы тәжірибесі де бізді ерекше қызықтырады», – деді ол. Бұдан бөлек, Қазақстандағы денсаулық сақтау саласындағы, атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған протездер жасайтын бірлескен кәсіпорындар санын ұлғайту қажеттігі атап өтілді. Сенат төра­ғасының тағы бір ұсынысы – Қазақстан азаматтарына Хорватияға визасыз бару мәселесін пысықтауға қатысты болды. 
Хорватия сыртқы саясат мекемесінің басшысы Тұңғыш Президент Н.Назар­баев­тың басшылығымен Қазақстанның және оның астанасының қарқынды дамып келе жатқанына тоқтала келе, Нұр-Сұлтан қала­сында өз елінің елшілігі ашылғаны туралы хабардар етті. Ол Елбасының 2000 жыл­дардың басында Хорватияға сапары жайында жылы шырайлы естеліктерімен бөлісіп, Қазақстан-Хорват қатынастарын дамытуға және Қазақстанды өркендету және тұрақтылығын қамтамасыз етуге қосқан үлесін жоғары бағалады.