"Астана" телеарнасының бас директоры Құрманбек Жұмағали коронавируспен күресте алдыңғы шепте жанын салып еңбек етіп жүрген журналистерге алғысын білдірді. Оның айтуынша, әлемдегі ең қауіпті мамандықтың бірі - журналистика. 2016-2017 жылғы деректерге шолу жасасақ, әлемде 182 журналист кәсіби міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан. Былтыр бұл көрсеткіш айтарлықтай азайып, 49 адамды құрады. Олар қарулы қақтығыс аймақтарында, табиғи және техногенді апат пен наразылық шеру ортасында негізгі міндеті - ақпаратты бұқараға тарату барысында басын қатерге тігіп, өмірімен қоштасты. "Қазір дүниежүзін әлемдік пандемия жайлаған тұста дәрігер, тәртіп сақшыларымен қатар БАҚ қызметкерлері де алдыңғы шепте жанын салып еңбек етіп жатыр. Оқиға ортасынан тікелей қосылымдарға шығып, сала мамандарынан сұқбат алып, халыққа толыққанды ақпарат беруге тырысып бағуда. Елдегі төтенше жағдай кезінде шұғыл ақпарат таратып, бұқараны дер кезінде соңғы мағлұматтармен құлағдар етіп отыру да өте маңызды міндет. Оның үдесінен шығу үшін тәуліктің кез-келген уақытында микрофоны мен қойын дәптерін серік еткен тілшілерге, қолынан штатив, камерасын иығынан түсірмейтін операторларға, фоторепортерларға және барлық БАҚ саласындағы әріптестеріме осындай сын-сағатта аянбай еткен қызметтері үшін Алғысымды айтамын. Еңбектеріңіз елене берсін, әріптестер!", - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.