Төтенше жағдай режимі енгізілген алғашқы күннен бастап медицина қызметкерлерімен бірге, полицейлер мен әскерилер де қауіпті ошақтарда жұмыс істеп жатыр. Осыған байланысты ІІМ басшысының тапсырмасы бойынша қылмыстық-атқару мекемелерінің барлық тігін цехтарында ішкі істер органдарының қызметкерлеріне арналған қорғаныс құралдары тігіліп жатыр, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.
«Бірінші кезеңде медициналық маскаларды тігу өндірісі жолға қойылды, 1 000 000-ға жуық қорғаныс бұйымдары дайындалды, бұл жеке құрамның қорғаныс құралдарына деген қажеттіліктерін толығымен жабуға мүмкіндік берді»,- делінген хабарламада.Сонымен қатар, полиция қызметкерлеріне арналған арнайы костюмдер өндірісі басталды. Қорғаныш комбинезон – көп рет қолданылатын, су өткізбейтін ерекшелігі бар қоспалы матадан жасалған. 160 қорғаныс комбинезонынан тұратын бірінші партияны блок-бекетте қызмет атқаратын елордалық полицейлер алды. Жақын арада қорғаныс комбинезондарымен ІІМ-нің барлық аймақтық бөлімшелері қамтамасыз етіледі.
«Күн сайын 25 мыңға жуық полицей, құтқарушылар және Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жасақпен күзетке шығады. Осы қиын жағдайларда пенитенциарлық жүйе өзінің тиімділігін көрсетті. Менің тапсырмам бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «Еңбек» РМК әзірлеген құралдар төтенше жағдай кезінде өз қызметтік борышын тәулік бойы орындайтын қызметкерлеріміздің денсаулығын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.Бұдан басқа, ҚАЖК басшылығы «дезинфекциялық тоннель» деп аталатын қорғаныс құралының тұсаукесерін өткізді. Бірінші эксперименттік үлгі Ішкі істер министрлігінің ғимаратына кіре берісте орнатылған. Тоннель құрылымы қарапайым: ол дезинфекциялық қасиеті бар арнайы физерітіндіні бүрку құралымен жабдықталған. Мұндай пункттер ҚАЖ мекемелерінде коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында барлық колонияларда орнатылады.