Әдебиет академиясы не береді?
Әдебиет академиясы не береді?
193
оқылды

Жастар жылының ресми ашылу салтанатында семейлік ақын Мерей Қарт Елбасыға Орталық Азия Әдебиет академиясын құру туралы ұсыныс тастады. Бұл идеяны Астанада өткен жас ақын-жазушылар кеңесінің алғашқы отырысында Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек көтерген еді. «Үкімет өз қадағалауына алып, бастама жүзеге асса, қазақ әдебиетінің дамуына жаңа серпіліс әкелері сөзсіз» дейді идея авторлары.

Айрықша буынды тәрбиелей алар едік

Әу баста бұл идеяны Ақберен Ел­гезектің ұсынғаны белгілі. Ол бұл жоба жөнінде: «Осыдан 10-15 жыл бұрын Мәскеудегі М.Горький атын­дағы әдебиет институтына оқуға түсіп, қазақ әдебиетінің клас­сиктері Әбділда Тәжібаев, Мұ­қағали Мақатаев, Жұмекен Нә­жімеденов, Олжан Сүлейменов, Қа­лихан Ысқақ, Сәкен Жүнісов, Ты­нымбай Нұрмағамбетов, Әкім Та­рази, Марфуға Айтқожина, Иран Ғайып, Ұлықбек Есдәулет, Ай­гүл Кемелбаева сияқты аға-апа­ларымдай мен де жоғары әде­би курстарын бітіріп келуді ар­мандаушы едім. Тіпті қайбір жылы М. Горь­кий институтының түлегі Рол­лан Сейсенбаев мені сол жер­ге түсірем деп, ректо­ры­на хабарласып, біраз әлек­тенген болатын. Оба­лы не керек, ол жақ­тан жеке басымызға еш қарсылық бола қойған жоқ. Бізді шетелден келіп оқи­тындарға институт тара­пы­нан қойылған талаптары, аны­ғырақ айтқанда, оқуға тө­ленетін ақшасының көлемі тоқтатып тастап еді. Жолдамамен топ ете түсе қа­­латын кеңес заманындай жағ­­дай жоқ. Қысқасы, болмады. Бі­рақ қалайда басқа ештеңемен ай­налыспай, тек әдебиет сала­сын­дағы білімімді жетілдіру – үлкен армандарымның бірі болып жү­ретін. «Болашақпен» оқуға тіл біл­мейміз. Жасымыз болса, 40-қа тая­ды. Тіл меңгергенмен жас кел­мей­ді. Анамен-мынамен айна­лы­сып жүргенде, уақыт шауып өте шық­ты. Бұл шаруа бір рет берілетін фә­ни өмірде енді орындалмайтын ар­ман болып қалатын болды ғой деп жүретінмін. Сөйтіп жүргенімізде, Құдай ай­­дап, Жазушылар одағына жұ­мыс­­қа келдік. Бұл жерде аса көп мүм­кіндік болмағанымен, айтатын мін­бер бар. Әдебиетке қажетті ша­руаларды жоғары жаққа айтуға жағ­дайлар туды дегендей. Іле-ша­ла Мәдениет және спорт ми­­нистрлігі жанынан Жас қалам­гер­лер­дің республикалық кеңесі құ­рыл­ды. Кеңестің бірінші отырысында Ор­талық Азия Әдебиет акаде­мия­сын құру жөнінде ұсынысты ортаға сал­дым. Жастарға сондай бір оқу ор­ны құрылса, сол жерде олар білі­мін жетілдірсе деген сыңайда. Мақ­сат – әлгінде айтқан арманы­мыз­ды жастар көрсін деген ниет. Сол ұсынысымызды бүгін та­лант­ты ақын інім Мерей Қарт Ел­басының алдында қайталап айт­ты. Бұл ұсыныс та, өзге ұсы­ныс­тар секілді Үкіметтің жоспа­ры­на кіреді деп сенемін. Ендігі мақсат – осы үлкен жо­баны ойлағандай, қиялдағандай етіп жүзеге асыру. Академия құры­лып, оның оқу бағдарламасы тиісті дең­гейде ұйымдастырылса, бұл біз­дің әдебиетті жаңа белестерге кө­терері сөзсіз. Себебі, әдебиетке ке­ліп жатқан жастар универ­си­тет­тер мен өзге де оқу орындарында ал­ған біліміне қоса таза әдеби-гуманитарлық білім алса, олар бо­лашақта ұлы шығармалар жаза­тыны анық. Академияның факуль­тет­те­рін­де оқып жатқан жас әдебиетшілерге өзіміздің мүйізі қарағайдай клас­сиктеріміз дәріс оқып, қазіргі ин­тернеттің бар мүмкіндігі арқылы не­месе Академияға арнайы ша­қы­рылған әлемге әйгілі қаламгерлер, философтар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дінтанушылар, жаратылыстану ғылымдарының озық ойлы ғалымдары лекция оқы­са, отандық және шетел клас­сиктерінің жеке-жеке шеберха­на­лары жұмыс істеп тұрса, бұл жас ақын-жазушылардың интел­лек­туалдық деңгейін мүлде басқа кеңіс­тікке шығарып жіберер еді. Ой – осы. Орындалуы – жо­ғары деңгейде болсын деп тілеп отыр­мыз. Сонда ғана бәсекеге қа­бі­летті, ертең адамзатқа ой айта ала­тын, әлемді шығармаларымен тән­ті ете алатын, ұлттық әде­бие­тіміздің әлемдегі орнын сенімді бе­кітіп беретін ерекше толқынды, мүлде айрықша буынды тәрбиелей алар едік. Ал бұл өз кезегінде ой-өрі­сін жаңа асқарларға шығара­ты­ны ақиқат», – дейді.

Горький институты қалай құрылды?

Ақын Ақберен Елгезек тілге тиек еткен Мәскеудегі М.Горький институты – қазақтың талай клас­сик қаламгерлерін оқытқан қа­сиетті мекен. Мұнда КСРО-ның кіл мықты ақын-жазушылары бі­лім алды. Институттың о бастағы құрыл­ғандағы басты себебі де осы бо­латын. Кәсіби деңгейдегі институт ашу идеясы 1933 жылы жүзеге ас­ты. Оның негізін қалаған – Мак­сим Горький. Институт үш бө­лімнен тұрды: әдебиеттанушы, әдебиет сыншысы және ғылыми зерттеуші. Құжат бойынша осылай болуы керек еді. Бірақ Жоғарғы кеңес бұл ұсыныспен келіспей, ғылыми-зерттеу институты бөлек құрылады да, ал әдебиет институты кешкі жұмысшы әдебиет уни­вер­ситетіне айналады. 1933 жылдың 1 желтоқсанында универ­ситеттің рес­ми ашылу салтанаты өтеді. Оған ақын Демьян Бедный, сын­шы Григорий Бровман, философ Лео­нид Коган қатысқан екен. Алға­шында университет «Герцен үйін­де» орналасты. Александр Гер­ценнің балалық шағы осы ман­сарда өткен. ХІХ ғасырдың орта­сында бұл үйде Дмитрий Свербаев тұрады. Онда Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Белинский, Чаадаев келіп тұрған. Әдеби талқылаулар өткен. Ақындар жаңа өлеңін оқыған. Былайша айтқанда, әдеби салонда ақын-жазушылар түрлі басқосулар жасаған. Зұлмат жылдар Горький инсти­тутын да айналып өтпеді. 1937 жыл­дағы нәубетте талай студент қа­­­­мауға алынды. Қуғын-сүргін көр­­­ді. Бұл жылдарды институттың то­­қырау жылдары деп айтуға да бо­­лады. Институттың шарықтап-шал­қыған кезеңі 1960 жылдардан бас­талады. 1 орынға 20 адамнан та­ла­сатын тұсы да осы кез. Көпұлтты со­вет әдебиетінің негізгі орталы­ғы­­на айналды: мұнда елуден астам ұлт­тың өкілі білім алды. 1992 жыл­ға дейін институт Совет Жазу­шы­лар одағының құрамында болды. Кейін Ғылым және білім министр­лі­гіне көшті. Қазір бұл институтқа Ре­сейдің Мәдениет министрлігі ие­лік етеді. Бұрынғыдай өзге ұлт өкіл­д­ері білім алғысы келсе, ақылы оқуына мүмкіндік бар. Тәжірибе ал­масу, тегін әдеби курстардан өте ал­майды. Шыңғыс Айтматов, Ев­ге­ний Евтушенко, Валентин Со­ро­кин, Белла Ахмадуллина және т.б кіл мықтыларды тәрбие­леп шы­ғарған оқу ордасының қа­зіргі жай-күйі осындай.

Мұның атқаратын функциясы басқа

Ғалым, профессор Жанғара Дә­дебаев «бұл бастаманың жүзеге ас­қаны дұрыс» деген пікірде. «Ака­демия үкіметтен қаржы сұрамайды. Әрине, мүмкіндік болса, бергені де дұрыс. Мұның мақсаты – жоғары білім беру емес. Жазушылар одағы әдеби курстардан өткізіп, арнайы куәлік табыс етеді. Бұндай әдеби курс­та төрт-бес жыл оқу міндет емес. Үш айлық не болмаса бір жыл­дық курс бітіруіне болады. «Ақын-жазушыларға қандай білім керек?» деген әңгімелер айтылып жатыр. Басқа салада қызмет етіп жүріп, өлең жазатын, көркем дүниеге әуес жандар бар. Тау-кен саласын бітірген де көп. Олардың әдеби теорияны білмеуі мүмкін. Ондай адамдарға әдеби курстар ауадай қажет. Өйткені бұрынғыдай Горький институтына әдеби курс­тарға бара алмайды. Ол жақта білім алу ақылы. Ал Жазушылар одағы жанынан ашылатын Азия Әдебиет академиясы осы олқылықтың ор­нын толтыратын болады. Облыста жүрген қаламгерлерді мекемелер арнайы жолдамамен жіберіп отыр­са, тіптен жақсы. Қазір «әдебиет на­сихатталмайды» дегенді жиі ай­тамыз. Оны қалай насихаттаймыз? Оның механизмі осылай жасалмай ма? Одан кейін әдебиет инсти­ту­ты­ның, филология факультетте­рі­нің атқаратын функциясы мүлдем бөлек. Әдебиет академиясын оны­мен салыстыруға болмайды. Бұ­ның атқаратын қызметі басқаша бол­мақ. Осыны ескерген жөн. Бұл ака­демия қызметін өзі атқарады. Оны өзге әдебиет институттарымен бә­секелес санаудың қажеті жоқ», – дейді ғалым.

Бұл жоба жүзеге асарына сенімім аз

Белгілі ақын Аманхан Әлім Әдебиет академиясын ашу қиын еке­нін айтады. «Оның ішкі-сырт­қы проблемалары бар. Ең алдымен, бұл академияға кім ұстаздық етеді? Мәселен, Мәскеудегі М.Горький атын­дағы әдебиет институты – әлем­де жоқ институттың бірі. Оның құрылымының өзі жоспарлы түрде жасалған. Оның мақсаты – Кеңес үкіметі алғаш құрылған тұс­та жұмысшы-шаруалардың ара­сынан шыққан ақын-жазу­шыларды тәрбиелеу болатын. Өйткені дворяндар Бунин, Чехов се­кілді оқыған, көзі ашық ақын-жа­зушының көбі эмиграцияға кетіп қалды. Кейбірі КСРО-да қал­ғанымен, қиындықта өмір сүрді. Сондай қиын тұста «әліпті таяқ деп білмейтін» жұмысшы-шаруалардың арасынан ақын-жазушылар шыға бастады. Бірақ олар сауатсыз еді. Арнайы білімі болмады. Сол себепті, Максим Горький: «Біз пролетариат ақын-жазу­шыларын дайындамасақ бол­майды. Капиталистік қоғамның шығармашылық адамдары біздің идеямыз бен идеологиямызға жұ­мыс істемейді» деп айтты. Сөй­тіп, осы идея негізінде институт өмірге келді. Оның білім беру сапасы да өзгеше болды. Алғашқы кезде бұл институтқа Буниндер секілді аса мықты емес, білімі таяз ақын-жа­зушылар сабақ берді. Кейін оқу орны басқаша кезеңге көшті. Жап­пай білім алып, әдебиет тео­рия­сы­мен қанаттанғаннан кейін әдебиет институтының қабырғасы қатай­ды. Ал бізге қазір мұндай оқу орны не үшін қажет екенін түсінбеймін. Құ­дайға шүкір, Қазақ ұлттық уни­верситетінде филология факультеті бар. Сол факультетте әдебиет тео­риясын оқытады. Қазіргі ақын-жа­зушылар сауатты. Ресейдегі әде­биет институтының алғашқы ашыл­ғанындай емес. Ол инсти­тут­тың не себепті ашылғаны белгілі. Ал қазір кім үшін ашамыз? Қазір ол институтта оқуға мүмкіндік жоқ. Ақылы оқытады. Жергілікті ре­сейліктерге тегін білім береді. Ал қа­лыптасқан жоғары оқу орын­дарында білім алудың өзі ақылы деңгейге жетті. Өйткені нарық та­л­а­бы сондай. Жаңа академия аш­тық делік. Оны қалай қар­жы­лан­дырамыз? Жақсы бастама. Бі­рақ оны іске асыру механизмдері қандай? Оған сабақ беретін мұ­ға­лімдер, ұстаздар қалай таңдалады? Онда кім оқиды? Ол академия өлең-шығарма жазып бермейді. Тек қана білім береді. Ол білімді бас­қа оқу орнынан да алуға бола­ды. Тағы бір дүние, елдің бәрі ақын-жазушы болып кете ал­май­ды. Бірнеше секция бар делік: оның әрқайсысына он-он бес сту­денттен ғана қабылдануы мүмкін. Ондай академия өзін-өзі ақтай ала ма? Үкімет өмірбақи асырап отыра алмайды. Сосын қоғамдық ұйымға айналады да қалады. Екіншіден, ұстаздарды талап-таразыдан өткізу қажет. Тамыр-таныстықпен жұ­мыс­қа алынса, тамыр-таныс­тық­пен оқытатын болса, онда ол қан­дай академия болмақ? Рас, жас­тар­ға академия керек. Алдымен оның материалдық базасын жасап алған жөн. Бұл әңгімені бір кездері Есен­ғали жақыным да айтқан еді. Тіпті ұстазым Сорокиннің нөмірін де ал­ған. Құрылымы қандай бола­ты­нын да сұраған болатын. Есен­ғали оны әр-әр жерде жиі айтып та жүрді. Енді сол әңгіме үлкен мін­бер­лерден естіле бастады. Менің қор­қынышым – құр айтылып қа­лып қоя ма деген қауіп. Өйткені мұндай құрылымды жасақтау оңай емес. Тіпті мұның жүзеге асатыны­на сене бермеймін», – дейді ақын.

P.S. Әдебиет академиясы не береді дегенде, алдымен оның атқаратын функциясын анықтап алғанымыз дұрыс секілді. Жазушының не ақынның шығармасы неге оқылмай қалды? Неге жақсы туындылар тумай жатыр? Жазылған кітаптар неге оқырманға жетпейді немесе саудада неге өтпейді? Әдебиет академиясы қаптаған сауалдардың жауабын табатын күшті орталық бола ала ма? Қазірдің өзінде қазақ ақын-жазушыларының насихаты кемшін. Егер Жазушылар одағы Әдебиет академиясын жоқтың орнын толтыра алатындай етіп, дұрыс бағытта пайдалана алса, ұтқаны. Егер академия қаптаған қоғамдық ұйымдардың қатарында қалып қойса, одан келетін пайда шамалы тәрізді.