Түркістан облысында #Bizbirgemiz акциясы жалғасуда. Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының үйлестіруімен өтіп жатқан акцияға аймақ кәсіпкерлері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі белсенді түрде атсалысты. Бүгінде кәсіпкерлердің осы қорға аударған қаражаты мен заттай көмектері арқылы Түркістан облысы бойынша 2 мыңдай отбасыға азық-түлік пен гигиеналық заттар топтамасы таратылуда. Оны партия өкілдері, Jas Otan Жастар қанатының мүшелері мен ерікті жастар жүзеге асырып жатыр. Акция аясында «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорының жанынан қамқоршылық кеңесі құрылған болатын. Оның құрамында Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Полат Тұрсынбаев, облыстық Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Әбдірахман Тасыбаев және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Қайнар Абасов бар. Бұл қорға 26 млн теңгеден астам қаржы жиналды. Қорға түскен әрбір қаражатқа азық-түлік пен гигиеналық және медициналық заттар сатып алынып, партияның аудан, қалалық филиалдары арқылы «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек» және «Бақытты отбасы» жобалары бойынша аса мұқтаж жандарға көмек көрсетіледі. Олардың қатарында тыл ардагерлері, жалғызбасты қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандар және әлеуметтік жағдайы өте төмен көпбалалы отбасылар бар. Бұл жердегі мақсат – көмекке зәру, жүріп-тұруы қиын тұрғындарды үйінен шығармай, көмекті жеткізу. Аталған тұрғындардың тізімі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен аудан, қала әкімдіктерімен бекітілді. Көмекті алу үшін партия филиалдарына келудің қажеті жоқ. Тізім бойынша беріледі. Дегенмен демеушілер қолдауы күшейсе, қамтылатын тұрғындар саны да арта түсуі мүмкін.
Абылайхан ЖҰМАШ