Кім қалай көмектесіп жатыр?

Кім қалай көмектесіп жатыр?

Жер жүзін жаулап бара жатқан коронавирус инфекциясы мемлекеттердің даму жоспарына түзету енгізді. Осыдан жарты жыл бұрын қызылкеңірдек болып айтысып, соңында  келісімге келіп, мөр басылған бағдарламалар бірер айдың ішінде өзгерді де кетті. Әлем  бір бағытта әрекет етуге көшті. COVID-19 виру­с­ы­нан келетін зардаптың алдын алуға кірісті. Бұл мақсатта Қ­а­зақстан билігінің іс-шаралары туралы айтылды, жазылды.  Ал шет мемлекеттер қандай  шешім қабылдап жатыр? Еуроодақ төтенше жағдайдан аман өту үшін 37 млрд еуро бөлді. Оның 8 млрд еуросы пандемияға бай­ланысты шығынға батқан кә­сіп­орындар мен компанияларға бе­ріледі. Еуропа орталық банкі қар­жы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 750 млрд еуроға бағалы қа­ғаздар сатып алу бағдарламасын іс­ке қосты. 23 наурызда Еуропа ода­­­­­ғ­ының Экономика және қаржы жө­ніндегі кеңесі Еуропа ко­мис­сия­сының пандемияға қарсы ұсы­нысын қолдады. Бұл шешім одаққа мүше елдер үшін бюджет тап­шы­лы­ғының шегін алып тастады (ЖІӨ-нің 3%-ынан аспауы керек), бұл өз кезегінде одаққа мүше мем­ле­­­кеттерге бизнеске көмек үшін шек­теусіз несие алуға мүмкіндік береді. Ұлыбритания елдегі компа­ния­ларға 330 миллиард фунт стер­линг (400 млрд доллар) несие ке­піл­­дігін бере бастады. Қаржы ми­нистрі Риши Сунактың айтуынша, бұл елдің ЖІӨ-нің 15%-ын құрай­ды. Қарыздың максималды сомасы 1,2 миллионнан 5 миллион фунт стер­лингке дейін (1,5 млн доллар­дан 6 млн долларға дейін) ұлғай­тыл­­ды,  алғашқы алты айда несие пайы­зы төленбейді. Шағын сауда орын­дары, қонақүй және туризм кә­сіпорындары індет кезінде са­лық­тан босатылды. Қаржылық жағ­дайы қиын британдықтардың ипо­тека төлемі үш айға шегерілді. Германия үкіметі корона­вирус­тан айтарлықтай зардап шегуі мүм­кін жеке кәсіпкерлер мен ком­па­нияларға, сондай-ақ халықтың әр­түрлі тобына көмек  750 млрд еу­ро көлемінде көмек пакетін жа­са­ды. Канцлер Ангела Меркельдің ай­туынша, бұл бұрын-соңды бол­ма­ған ауқымды көмек. Соның ішін­де 600 млрд еуро ірі кәсіп­орын­дарға көмек беретін қорға құйы­лады. Ал шағын фирмалар мен жеке кәсіпкерлер 15 мың еуро­ға дейін тікелей субсидия ала ала­ды. Елдің экономика министрлігі Kreditanstalt fur Wiederaufbau (KfW)  мемлекеттік банк тобы арқылы кәсіпкерлер үшін шектеусіз көлем­де несие алатын арнайы бағдар­ла­ма­ны іске қосты. Жерді жалға беру­шілерге жалдау ақысын төлей ал­майтын жалға алушылармен ке­лісімшартты бұзуға тыйым салды. 3 млрд еуродан астам қаржы ауру­ха­наларға қолдау көрсетуге берілді. АҚШ коронавирус эпидемия­сы­мен күреске 2 трлн АҚШ долла­рын бөлетін болды. Бұл ел аталған тажалға күресте ең көп қаржы бөл­ген ел атанып отыр. Бөлінген қар­жы жылдық табысы 75 мың дол­ларға жетпейтіндерге адам ба­сына 1 200 доллар көлемінде төлем та­ғайындауды көздейді. Отбасы та­бысы 150 000 долларға дейін бол­са, әр бала үшін қосымша 500 дол­лар­дан төленеді. Жұмыссыздарға төленетін жәрдемақы 600 долларға өседі. Шағын бизнеске несие беру үшін 350 млрд доллар қарасты­рыл­ған.  500 млрд доллар корпоративтік кө­мекке беріледі. Бұл қаржының көп бөлігі федералды резервті жүйе не­­­сиелерін қолдауға жұмсалады.  Boeing Co, General Electric Co, Boeing Co сияқты ұлттық қауіп­сіз­дік­ті қамтамасыз ететін компания­лар­ға 17 млрд  доллар бөлінеді. Оған қоса, 25 млрд доллар жолау­шы­­­лардың әуе тасымалына грант бе­ру­­ге жұмсалады.  130 млрд дол­лар ме­дици­на орталықтарының қа­жетіне, 16 млрд доллар  медицина құралдарын сатып алуға бөлінді. Штаттар мен жергілікті басқару ор­ган­дарының коронавирус пан­де­мия­сына қатысты шығынын өтеуге 150 млрд доллар бағыттала­ды. Ал Дональд Трамп пен прези­дент әкімшілігі, конгресс мүше­ле­рі­нің иелігіндегі кәсіптер қаржы­лай көмек алмайды. Франция үкіметі шығынға ба­тып жатқан ірі кәсіпорындарға кө­мек көрсету үшін, сондай-ақ жар­тылай жұмыссыз режимге өт­кен жұмысшыларға төленетін жеңіл­діктер үшін 45 млрд еуро бөл­ді. Кәсіпорындардың банктегі ка­рызы үшін мемлекеттік кепілдік ен­гізілді, ол 300 млрд еуроны құ­райды, шағын өнеркәсіп, сондай-ақ шағын сауда кәсіпорындары 1 500 еуро көлемінде көмек алады. Ал басқа елдерге рейстерге тыйым салудан шығын шеккен авиаком­па­ниялардың жағдайын жақсарту үшін 500 миллион еуро жұмсалады. Австралия үкіметі 12 наурызда 17,6 млрд австралиялық долларға (10,5 млрд доллар), 22 наурызда 66 млрд австралиялық долларға (ша­мамен 40 млрд доллар) екінші па­кет енгізілгенін жариялады. Екі бағ­дарламаның жалпы көлемі ел­дегі ЖІӨ-нің 10%-ын құрайды. Қар­жы ең алдымен жәрдемақы ала­тын азаматтардың, оның ішінде зейнеткерлер мен жұмысынан айы­рылған адамдардың өмір сүру деңгейін қолдауға бағытталған. Келесі алты айда жәрдемақыларға қо­сымша төлемдер ретінде 14,1 мил­лиард австралиялық доллар (8,4 миллиард доллар) және шағын жә­не орта бизнесті қолдауға 31,9 мил­лиард (19 млрд доллар) бө­лі­неді. Үндістан үкіметі ауру жұқтыр­ған адамды оқшаулау үшін ме­ди­ци­налық инфрақұрылымды, жеке қор­ғаныс құралдары мен жаб­дық­тар үшін 150 миллиард рупий (ша­мамен 2 млрд доллар) шығарды. Үн­дістан резерв банкі ел экономи­ка­сын қалпына келтіру үшін сәуір­ден бастап қосымша  1 трил­лион ру­пийді (13 млрд доллардан астам) ай­налымға жіберді. Ақпан айының басында қаржы жүйе­сін қолдау және ел эко­но­ми­ка­сын қорғау мақсатында Қытай Халық банкі (Қытайдығы орталық банкі – ред.) нарыққа 1,2 трлн юань (170 млрд доллардан астам) кө­лемінде қосымша қаржы берді. Сон­дай-ақ несиелер бойынша сыйа­қы мөлшерлемесін төмен­дет­ті. Қытайдың қаржы министрлігі, өз кезегінде жергілікті билікке эко­­­­­номикалық өсуді ынталандыра­тын инфрақұрылым жобаларын қаржыландыру үшін мақсатты об­лигациялар түрінде 290 мил­лиард юань (41,5 миллиард доллар) кө­лемінде қосымша несие алуға рұқсат берді. Корея Республикасы пандемия сал­дарынан дағдарыс жағдайында қалған бизнеске шұғыл қаржылық көмек ретінде 100 триллион вон (80 млрд доллар) бөлді. Соның ішін­де шағын және орта бизнеске 58 триллион вон (47 млрд доллар) не­сие беру туралы шешім қабыл­дады. Облигациялар нарығын тұрақтандыру үшін 20 триллион вон (16 млрд доллар) жұмсалады. Түркия 20 наурызда 100 млрд лира (15,3 млрд доллар) көлеміндегі экономикалық шаралар кешенін жа­риялады. Бұл ең төменгі зей­н­е­т­а­қыны 1 500 түрік лирасына (230 дол­лар) көтеруді, тұрмысы ауыр от­басыларға қаржылай көмек ре­тінде 2 млрд лира (308 млн доллар) бөлу­ді, экспорттың төмендеуінен зар­дап шеккен компанияларға ті­келей субсидиялар мен субси­дия­лан­ған несие беруді қамтиды. Ал ша­ғын және орта бизнес банктен алған несиесін алты айға дейін ше­гере алады. Туризмнен табыс тауып отырған Түркия аталған сек­торды қолдау мақсатында қо­на­қүй­ге қонақ тұрғаны үшін салы­на­тын салықты 2020 жылдың 1 қара­ша­сына дейін тоқтатты. Ал ішкі рейстегі авиакомпаниялар үшін сәуір айынан бастап ҚҚС үш айға 18% -дан 1% -ға дейін төмендетілді. Сауд Арабиясы экономиканы қо­л­дау үшін 120 млрд риал (32 млрд дол­лар) бөлді. Бұл шараларға банк жә­не қаржы секторларына, шағын жә­не орта бизнеске көмек көрсету, атап айтқанда салық төлемдерін кейінге қалдыру және мемлекеттік салықтан босату жатады. Біріккен Араб Әмірлігі де  экономиканы нау­р­ыз айының басында қолдауға 100 млрд дирхам (27 млрд доллар) бө­летіні туралы хабарлады. Банк­терге нөлдік пайыздық мөл­шер­ле­ме­мен несие берілді, қарыз алу­шы­ларға негізгі соманы және олар бойынша сыйақы төлеуді алты ай­ға дейін кешіктіруге рұқсат етіл­ді. Несие әлеуетін арттыру және эко­номиканы қолдау үшін банк­терге сақтандыру капиталын боса­туға рұқсат етілді. Ал 22 наурызда көмек пакеті 126 млрд дирхамға (34 миллиард доллар) дейін ұлғай­тылды. Байқағанымыздай, барлық ел­дің іс-әрекетінің ұқсас тұсы көп: банк­тегі несиелерді төлеу мерзімін шегеру, бизнесті қолдау, әлеуметтің осал тобына жәрдемақы тағайын­дау. Тек бөлінетін қаржы көлемі әр елде әртүрлі. Сонымен бірге кей ел­дің балалы отбасыға жасап отыр­ған көмегін атап өтуге тұрарлық. Мы­салы, коронавирустан қатты зардап шеккен Италия халқының от­басы құндылығына баса мән бе­ретіні жиі айтылатын. Мұны тө­тен­ше жағдай кезінде қабылда­ған бағдарламасынан да көруге бола­ды. 11 наурызда Италия министр­лер кеңесі төтенше жағдай кезінде от­басылар мен компанияларды қол­дауға 25 миллиард еуро бөлу ту­ралы шешім қабылдады. Мем­ле­кет денсаулық сақтау жүйесін қар­жы­ландыруға  3,5 млрд еуро бөлді. Ал бизнес пен халықтың  несиесін банк­тер үшін мемлекет кепілімен жа­батын болды. Карантинге бай­ланысты жұмыс істей алмайтын ита­льяндықтар үшін арнайы тө­лемдер қарастырылды. Мысалы, жұ­мыс істейтін ата-аналарға бала күтімі бойынша қызметтерді өтеу үшін 600 еуро ұсынылады. Бұл 12 жас­қа дейінгі баласы бар отба­сы­ларға тағайындалады. Жеке сек­тор­да жұмыс істейтін ата-аналар, егер отбасында 12 жасқа дейінгі ба­ласы болса, ақылы еңбек де­ма­лы­сына шыға алады және жала­қы­сына 50 пайыз бонус алады. Жыл­дық кірісі 40 мың еуродан аспай­тын, карантин кезінде жұмыс іс­те­ген  барлық қызметкер 100 еуроға дейін бонус алады.  

   Халима БҰҚАРҚЫЗЫ