Төтенше жағдайға байланысты әлеуметтік төлемақысыз еңбек демалысына шыққандар мен табысынан айырылған азаматтарға берілетін 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақы бүтін бір елдің басты проблемасына айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пәрмен берген соң Үкімет 3 миллионға жуық адамға 42 500 теңгеден үлестіретінін мәлімдеген. Бәрі жаман індетті ұмытып, жәрдемақы алуды ойлай бастады. Иә, расымен халықтың көбі жәрдемақыдан үмітті. Бұл елең-алаң кезеңде тұрақты табысынан айырылып, ас-ауқатқа ақша таппай жатқан ағайынға аз да болса қосымша көмек болары анық. «Интернетінен көк тиын пайда жоқ» деп банктерден есепшот аштыру үшін адамдар өңірлерде жарияланған карантинге қарамай, жапа-тармағай ХҚКО алдына жиналып жатыр. Алматы облысындағы Шамалған стансасының тұрғындары 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік жәрдемақы алу үшін үйлерінен шығуға мәжбүр болды. Бұл оқиға кейін әлеуметтік желілерде тарады. Жиылған жұрт «коронавирус індетіне байланысты бір жерде көп адам жиналуға болмайды» деген сөзге де құлақ аспаған.
– Адамдарға әзірге тек ескерту жасап жатырмыз. Тыңдамайды. Бәріне бірдей айыппұл салайық десек, көпшілігінің әлеуметтік жағдайы төмен, ертең ауыр болады, ашындырып алуымыз да мүмкін. Сондықтан адамгершілік тұрғысынан қарап, әзірге тек түсіндірумен ғана шектеліп отырмыз. Ғимарат ішіне 5 адамнан артық кіруге болмайды дедік. Банк өкілдеріне қосымша маман тарту керек екенін айтып жатырмыз. Осы жағдайды өз мүддесіне пайдаланып жатқан 3 адам бар, соларға шара қолданамыз, – деді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.Шынында да, әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарды кінәлай алмайсың. Осы орайда, қауіпті вирустың жылдам таралуы мен теңгенің тұрақсыздығы «үйқамақта» жатқан көп шаңырақтың күй-тұрмысына теріс әсер етпей қоймағанын анық байқауға болады. Қызылордада «Қазпошта» алдына бірнеше адам жиналып, 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлемді алу үшін құжат рәсімдей алмай жүргенін айтып шағымданды. Төрт бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Маржан Асқарқызы тілшілерге берген сұхбатында интернет арқылы тіркелуге мүмкіндігі жоғын, сол себепті құжаттарын рәсімдеу үшін бұл жерге келгенін жеткізді.
– Өзім пәтер жалдап тұрамын. Пәтер иесі ақысын төлемесеңдер, босатыңдар деп жатыр. Көлік жуатын жерде істегенмін. Өткен аптада жұмысымыз тоқтады. Енді бұдан былай қалай өмір сүретініміз белгісіз. Бұған дейін күн сайын бәліш пісіріп, дүкенге қоюшы едік. Енді ол да жоқ. Өткенде көпбалалы аналарға азық-түлік беріледі деген соң тізімге тіркелгенбіз. Бірақ әлі күнге дейін азық-түлік алған жоқпыз. Үйде төрт бала бар. Екеуі кішкентай, екеуі мектепте оқиды. Қазір ешкімнен жауап ала алмадық, – дейді Маржан Асқарқызы.Жиналған адамдардың бірі әлеуметтік төлем алу үшін 2 600 теңге төлеу керек екенін, оны төлегеннен кейін қаржылай көмек ала ма, жоқ па, оны да білмей отырғанын тілге тиек етті. Ал «Қазпошта» бөлімі жетекшісінің орынбасары Айзат Ізтілеуова сәуірдің 1-10 аралығында зейнеткерлерге зейнетақысын беріп жатқанын, кезекке тұрған адамдардың ақша беруге кедергі жасап жатқанын айтады. Шымкентте де ондаған адам «Қазпошта» мен банк алдына 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек алу үшін есепшот ашып, банк картасын алу үшін жиналды. «Халық банк» бөлімшелеріне 42 500 теңге көлемінде тағайындалған әлеуметтік көмек алу үшін есепшот аштыруға ондаған адам жиналып, құжаттарын жедел рәсімдеуді талап етті. Көпшіліктің арасында зейнеткерлермен бірге балалы әйелдер де бар. Департамент өкілдері мен тәртіп сақшылары адамдардың тәртіпке бағынбай, арақашықтық сақтамай жатқанын айтып, дабыл қағуда. Тәртіп сақтамай, арақашықтық ұстау былай тұрсын, тиісті құжаттарды алғанша кезекте тұрғандар арасында бетпердесіз бет жыртысқандар көп. Бұл оқиғалардың бәрі түптеп келгенде 42 500 теңге алуға өтініш білдіретіндердің банктерде есепшоты болмағанынан болып отыр. Осы орайда, таяуда ғана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов өтінішті ешқандай есепшот көрсетпей, тапсыра беруге болатынын айтып, халықты сабырға шақырды. Ол сондай-ақ төтенше жағдайға байланысты аналар 1 жылдан кейін жұмысқа шыға алмай отырған соң осы жәрдемақыны алуға құқылы екенін жеткізді.
– Оларға балаларының күтіміне 1 жыл толғанша мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді. 1 жыл асқаннан кейін сұранып жұмысқа барар еді. Бірақ қазір жұмысқа ешкім алмайды, шақырмайды. Сондықтан декретте отырған аналар 1 жыл өткеннен кейін бірыңғай жиынтық төлем аударып, осы 42 500 теңгеге үміттенуге болады, – деп түсіндірді министр.Енді аз күнде бұл жағдай да реттелер. Бастысы, халықты сабырға шақырып, оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жәрдемақы алу жұмысын оңтайландыру қажет. Ал сапырылысып, сарсаңға түскен жұрт 42 500 теңге үшін өзінің, өзімен қоса мыңдаған адамның өміріне қауіп төндіріп жатқанын жете түсінсе екен. Өкініштісі, оны ескеріп жатқан адам аз.