Елімізде қызу талқыға түскен атом электр стансасын салу мәселесі баламалы энергия көзін насихат¬таған EXPO-2017 көрмесінің әуресі басталғанда жабулы қалғандай еді.
Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге ресми сапарында көрші ел басшысының Қазақстанда АЭС құрылысын ресейлік технологиямен салу туралы ұсынысы елді елең еткізді. Ең қызығы, журналистерге сұхбат берген энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің АЭС құрылысына қатысты жауабы да жұртты әрі-сәрі күйге түсірді. «Әзірге біз тек оның (АЭС-тің – ред.) алаңын айқындадық. Біз қолайлы технологияны іріктейміз. Осы орайда тиісті талқылаулар жүргізіледі. АЭС құрылысы мәселесі қосымша зерттеулерді талап етеді. Біз осы мәселені пысықтауды жалғастырамыз, алайда АЭС құрылысына қатысты нақты шешім қабылданбады. Оның алаңы ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылы айқындалған еді», – деді вице-министр. Сонда, АЭС құрылысы туралы шешім жоқ, ал аумақ айқындалған. Бұл қалай? Халықты, әсіресе, Жетісу жұртын осы сұрақ мазалап тұр. Халықтан сұрақтың қарша борайтын сезді ме екен, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел Facebook-тегі парақшасына «Алматы облысында АЭС салынады деген ақпарат тарады. Бірақ бізге нақты бір құжат әлі түскен жоқ. Соны ескертіп қояйын» деп жазба қалдырды. Есте болса, 2016 жылы Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстанда 2023 жылға дейін АЭС салынбайтынын мәлімдеген-ді. Сөзбе-сөз келтірсек,
«Алдағы жеті жылда Қазақстанда атом электр стансасының құрылысы қарастырылып отырған жоқ. Бүгінде Қазақстанда электр энергиясының профициті қалыптасып отыр. Осы ретте жазда 5 мың мегаватт, ал қысқы жүктемеде шамамен 3,5 мың мегаватқа жетеді. Жеті жылдық кезеңде бізде тапшылық байқалмайды. Сондықтан аталған кезеңде атом стансасы секілді қандай да бір жаңа қуаттарды көріп отырғанымыз жоқ».
Бірақ осы мәлімдемеден бір жылдан кейін Астанада өткен Азиядағы ядролық кооперациялар форумының министрлер деңгейіндегі 18-кеңесінде тағы да БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Қ.Бозымбаев «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы АЭС құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға кірісетінін жеткізген. «Ағымдағы жылы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді бастауы тиіс. Бұған дейін белгілі бір жұмыстар Курчатов учаскесінде жүргізіліп, алаң таңдап алынды. Алайда ол кезде бұл ресейлік әріптестермен серіктестік негізінде жүзеге асырылады және энергия Ресей Федерациясына сатылады деп болжанған еді. Бірақ РФ-ның Сібір энергия желісінің тұтыну көлемінің төмендеуіне байланысты біздің серіктестер бұл идеядан бас тартты. Сондықтан бұл жоба одан ары дамыған жоқ. Енді «Қазатомөнеркәсіп» техникалық-экономикалық негіздемені Қазақстанның қажеттілігі үшін АЭС салу мүмкіндігін қарастырып жасауы тиіс», – деген. Осылайша, 2016 жылғы министр мәлімдемесі бір емес, бірнеше рет өзгерді. Жапонияның Фукусима АЭС-дегі жарылыстан соң бірқатар елдер АЭС салу жоспарын тоқтатып, қолданыстағы АЭС-терді жапты. Германия соның бір мысалы. Ал бізде… Біздің болжам бойынша, АЭС салынады. Бұған 2016 жылы қабылданған «Атом энергиясын пайдалану туралы» заң негіз болады. Аталған заң адамдардың өмiрi мен денсаулығын, олардың мүлкін, қоршаған ортаны қорғау мақсатында атом энергиясын пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді. Ядролық қаруды таратпау режимiн, атом энергиясын пайдалану кезiнде ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ететін көрінеді. Яғни, Қазақстан бейбіт атом саласындағы жұмысын жандандырады. РФ президенті В.Путиннің «Бейбіт атом саласында ынтымақтастық дамып келеді», – дегені содан болса керек. Жалпы, атом саласындағы ғалымдар бейбіт атом қуатын медицина мен ауыл шаруашылығы салаларында қолдану оң нәтиже көрсетіп жатқанын айтады. Түрлі химиялық жолмен өңдеуге қарағанда радиациялық технологияларды пайдалану өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін арттырады екен. Мажарстанда АЭС салатын компания заңда көзделген ерекше экологиялық талаптарды ескеруі керек: бекітілген құрылыс алаңының аса маңызды табиғи құндылығы болмаса да, қорғалатын жануарлар мен өсімдік түрлерін толықтай басқа аумаққа көшіреді. Станса салынып біткен соң арнайы аумаққа қоныстандырылған флора мен фауна өз жеріне кері қайтарылады.
P.S. Бет қатталып жатқанда Энергетика министрлігі ел аумағында АЭС салу бойынша Ресей басшылығының ұсынысына байланысты хабарлама таратты. Хабарламада егер қуат тапшылығын жою мақсатында АЭС-ті таңдаған жағдайда, ҚР заңнамасына сәйкес, АЭС-ті салу туралы шешімді ҚР Үкіметі қоғамдық тыңдаулар жүргізіп, АЭС салынатын аумақтардың жергілікті өкілетті органдарының келісімі бойынша қабылдайтыны, еліміздің шаруашылық міндеттерін шешу мұқтаждығы, қажетті жағдайлардың болуы және қауіпсіздік қатерінің болмауы ескерілетіні айтылған. Сондықтан алдын ала даурығуға және негізсіз алаңдауға себеп жоқ екенін атап өткен.