Birgemiz қорына 14 миллиард теңгеге жуық қаржы жиналды – Бауыржан Байбек

Birgemiz қорына 14 миллиард теңгеге жуық қаржы жиналды – Бауыржан Байбек

Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өзінің Facebook-тағы парақшасында қазіргі күрделі кезеңде Елбасының тапсырмасы бойынша, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Біз біргеміз!» акциясын қолдаған барлық меценаттарға, кәсіпкерлер мен белсенді азаматтарға алғысын білдірді. Құрметті достар! Өздеріңіз білетіндей, Елбасының тапсырмасы бойынша, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Біз біргеміз!» акциясы аясында Nur Otan партиясы мен Тұңғыш Президент қоры коронавируспен күрес жағдайында тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдауға қаржы бөлген еді. Меценаттар, кәсіпкерлер мен белсенді азаматтардың қолдауының арқасында еліміздің барлық аймақтарында бүгінге дейін 30 мың отбасыға, оның ішінде жалғызбасты қарттарға, ерекше қажеттілігі бар және т.б. азаматтарға көмек көрсетілді. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Birgemiz қоры өткен аптада 150 мыңнан астам мұқтаж азаматқа 50 мың теңге мөлшерінде тікелей ақшалай көмек көрсету туралы шешім қабылдады.   https://www.facebook.com/baibekbk/videos/592831291441557/?t=0 Бұлар негізінен карантин қиындықтарын көбірек шегіп жатқан 23 ірі қаланың тұрғындары. Әкімдер мен әлеуметтік қорғау органдары ұсынған көмек алушылар тізімдерінде табыс деңгейі ең төмен әлеуметтік әлсіз топтардан құралған азаматтар қамтылған. Материалдық көмек ақшаны екінші деңгейдегі банктер арқылы жеке тұлғаның карта немесе ағымдағы шотына қолма-қол ақшасыз аудару арқылы көрсетіледі. Сонымен бірге, материалдық көмек көрсеткен кезде банктік комиссиясыз және егер азаматтардың несиелік қараздары болған жағдайда, бұл қаражатты сол қарызды төлеу үшін ұстап қалмау мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ, бүгін-ертең 50 мың теңге көлеміндегі біржолғы төлемді індет жұқтырғандардың 70 пайызына жуығы шоғырланған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының 2 мыңнан астам дәрігерлері де алады. Бұған дейін «СҚ-Фармация» үкіметтік операторымен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары тұрғындарының әлсіз топтарына тегін тарату үшін 5 миллион маска сатып алу туралы шартқа қол қойылды. Жалпы бүгінге дейін Birgemiz қоғамдық қорының есепшотына 14 млрд теңгеге жуық қаржы түсті. Осындай күрделі кезеңде Елбасы бастамасына қолдау білдірген барлық меценаттарға тағы да алғысымды білдіремін. Жиналған қаражат және өңірлер бойынша бөлінген көмек туралы ақпаратты бақылап отыру үшін birgemiz2020.kz ресми сайты ашылды.