Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсету бойынша birgemiz республикалық қоры құрылды. Осыған орай Шығыс Қазақстан облысында облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарының басшылығымен жедел штаб құрылды. Қор мақсатына байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысы негізінде алушылардың 7 санаты бекітіліп, сол бойынша әкімдер көмек алушылардың тізімін ұсынды. Олардың ішінде аз қамтылған көпбалалы отбасылар, мұқтаж мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, ең төменгі зейнетақы алатын және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының тізіміне кіретін жасы бойынша зейнеткерлер, жетім балалар, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері бар. – Біздің облыста birgemiz – Shygys қорының филиалы ашылды. Онда Өскемен және Семей қалаларында тұратын осы санаттағыларға қолдау көрсету үшін қаражат жинақталды. ШҚО бойынша барлығы 12 419 адам көмек ала алады. Бекітілген тізім бойынша birgemiz республикалық қоры 620 950 000 млн теңге бөлді. Өскемен қаласы үшін 250,2 млн теңге (5005 адам), Семей қаласы үшін 370,7 млн теңге (7414 адам). Материалдық көмек алушы тұлғалардың карточкаларына немесе шотына екінші деңгейдегі банктер арқылы қаражат қолма-қол аударылады, – деді Nur Otan партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары О.Чугунков. Қамқорлық кеңесінің мүшелері отырыс барысында көмек алушы азаматтардың тізімімен танысып, ұсыныстары мен пікірлерін де қоса жеткізді. Nur Otan партиясы тарапынан азаматтарға берілетін 50 мың теңге көлеміндегі қаражат бүгіннен бастап аударыла бастайды. Сондай-ақ birgemiz қоғамдық қорының жұмысы алдағы уақытта да жалғасады.
А.ЖАСАНҰЛЫ