Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 54 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте жаңадан 17 жағдай анықталды. Оның 13-і – Шиелі ауданының тұрғындары. Олар алдында анықталған науқаспен жақын қарым-қатынаста болған. Осы оқиғаға байланысты Шиелі ауданындағы бір ауыл түгел карантинге жабылды. Ал 3 жағдай – Қызылорда қаласында, 1 жағдай Сырдария ауданынан анықталып отыр. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдусәметов айтты. Қызылорда қаласында анықталған науқас Ақтау қаласынан вахтадан келуіне байланысты стационарлық карантинге жатқызылған болатын. Ал Сырдария ауданындағы жағдай Нұр-Сұлтан қаласынан келген адамнан анықталды. Ол ЖРВИ симптомдары бар болуына байланысты провизорлық стационарға бақылауға алынды. Қаладағы қалған 2 науқас – осы инфекцияны алдында жұқтырғандармен байланыста болғандар. – Облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 54 адам, провизорлық стационарда – 35, карантинде – 309 адам ем қабылдап жатыр. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық, – дейді басқарма басшысы. Ал COVID-19 індетін жұқтырған өңірдегі 54 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны – 844. Жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 326, потенциалды байланыста болғандар – 518 адам. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған. Басқарма басшысы атап өткендей, Қызылорда облысына қауіптілік деңгейі 1 А болып белгіленген елдерінен 4 адам келген. Барлығы үй жағдайында бақылауға алынып, карантинге жатқызылған. Сондай-ақ өңірге қауіптілік деңгейі 1Б елдерінен 120 адам келген. Оның үшеуі стационарға оқшауланса, 117 адам үй карантиніне алынған. Жалпы, өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар санының күрт көбеюіне облыс тұрғындарының карантин тәртібін сақтамауы себеп болып отыр. – Облысымызда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны күн сайын өсуде. Медицина қызметкерлері 24 сағат бойы осы аурудың алдын алуға тырысқанымен, оған облыс тұрғындары түсіністік танытпай отыр, – дейді Жақсылық Әбдусәметов. Басқарма басшысы брифингте облыстағы үй карантинінде жатқан тұрғындардың өзі оқшаулау тәртібі мен талаптарын мүлдем сақтамайтынын айтты. Еліміздің бас санитар дәрігері бекіткен қаулыда үй жағдайында карантинге алынғандарға қойылатын талаптар толық көрсетілген. Олар үйлерінен шықпауы, ешкіммен араласпауы керек. Қаулыда көрсетілгендей, тұрғындар үй жағдайындағы карантин талаптары жазылған қолхатпен танысып, оған қол қояды. Бірақ оны елеп жатқан ешкім жоқ. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы облыс тұрғындарын карантин талаптары мен ережелерін, тәртібін сақтауға шақырды.
Миуа БАЙНАЗАРОВА, Қызылорда облысы