Ақша табамын деген жанға жұмыс көп. Маңыздысы, ниет пен ынта. Шымкент қаласының тұрғыны Ілияс Икрамов кәсіпкерлікпен айналысуды көптен бері ойлап жүрген. Ол табыс көзі ұзақ уақыттан соң түсетініне қарамастан, құрт өсіру бизнесін таңдады. Бірақ елімізде бұл бизнесті көбі жақсы табыс түсіреді деп ойламайды. Ал Еуропа елдерінде кәсіпкерліктің бұл түрі жақсы жолға қойылған. Ілиястың табиғатқа қызығушылығы, жануарлар мен жәндіктерді зерттеуге құлшынысы бала кезінен пайда болыпты. Ол онжылдықты бітірген соң Түркістандағы Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің биология және экология мамандығы бойынша білім алып, одан кейін Ақтөбеде білімін шыңдайды. Ілияс Калифорния құрттарын зерттеу туралы диссертацияны осында жүргенде жазады. «Диссертация жұмысы үшін экспериментке Алматыдан 350 адамды алдым. Олардың қалай өмір сүретінін, не жейтінін, қаншалықты тез көбейетінін зерттеу арқылы құрттың табысты және тиімді кәсіп екеніне көз жеткіздім» дейді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде. Осылайша ол құрт бизнесін құруға кіріседі. Өткен жылы Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алған кәсіпкер, ойындағысын жүзеге асыру үшін 505 мың теңге көлемінде грант ұтып алады. – Америкалық Томас Баррет 1937-1950 жылдары Калифорниядағы Earthmaster Farms фермасында агротехнология саласындағы жер құрттарының әрекеті мен пайдасын зерттеген. Содан бері мұны Калифорния құрттары деп атайды. Құрттар қарапайым судан гөрі жаңбыр суында 16 жылға дейін өмір сүру ұзақтығымен ерекшеленеді. Денесінде гипотермияға қарсы қорғаныс механизмдері жоқ құрттар суық ауа райынан қатты қорқады. Ал өздерін жайлы сезінетін ең төменгі температура -5 градустан аспауы тиіс. Сондықтан мен ең алдымен құрттарға жағдай жасау үшін үйімнің ауласына аумағы 60 шаршы метрді құрайтын жылыжай орнаттым. Бұл үшін 300 мың теңге жұмсадым, – дейді ол. Жас кәсіпкер мұнда 40 миллионға дейін құрт өсіруге болатынын айтады. Ілияс құрттарды құлаған жапырақтардың қабығымен, үгінділермен, картонмен, сабан, грек жаңғағының қабаттарымен қоректендіріп, 300-ден астам құрт шығарған. Өткен күзден бері олар 200 мыңға дейін көбейіпті. Ол өнімін әлеуметтік желі арқылы сатуды жолға қойған. Сонымен қатар құрт сату бойынша Ілиясқа университет студенті де көмектесіп келеді. Негізінен құртты балықшылар, одан соң тауықты қоректендіру үшін құс фабрикаларына алады екен. – Бір құрттың бағасы – 5 теңге. Бұған шаруа қожалықтарының төрағалары да ерекше қызығушылық таныта бастады. Өйткені бұл biohumus, яғни жердің құнарлылығын жақсартуға және жоғары өнімділікке қол жеткізуге болатын органикалық тыңайтқыш. Оның сипаттамалары мен пайдалы қасиеттері көңнен бірнеше есеге артық екен. Әсіресе, тұзды, құрғақ жерлерде органикалық тыңайтқыштарды қолдану ұсынылады. Алайда биогумус өндірісі ұзақ мерзімді жоба болғандықтан алғашқы өнім 18 айдан кейін ғана алынады. Тыңайтқыштарды үлкен көлемде сату үшін қарым-қатынас орнатуға серіктестер тауып алу қажет, – дейді жас кәсіпкер. Біздің кейіпкеріміз құрттардың адамдардан айырмашылығы ауырмайтынында, шаршамайтынында және ерекше күтімді қажет етпейтіндігінде екенін айтады. Оларға бар болғаны тамақ, қараңғылық пен тыныштық қажет. Олар негізінен көкөністер мен жемістердің, бананның қабығымен және жапырақтармен қоректенеді. Сондай-ақ оған шамалап көң қосылады. – Құртты аптасына бір рет жеткілікті мөлшерде суарыңыз. Ең бастысы кеуіп кетпеуі керек. Құрттар тез өседі. Бүгінгі таңда менде 190 мыңға жуық құрт бар, – дейді ол. Ілиястың айтуынша, бүгінде құрт өсіруге қызығушылық танытатындар көп. Жас кәсіпкер оларға білгенін айтып, көмек қолын созудан аянған емес. Мәселен, Төлеби ауданынан хабарласқан кәсіпкерге бастапқыда жұмысты 5 мың құртпен бастауға кеңес берген. – Бұл – өте тиімді бизнес. Үлкен инвестиция мен күшті қажет етпейді. Мен Шымкент университеттерінің бірінде мұғалім болып жұмыс істеймін, соған қарамастан құрттарға уақыт табамын. Маған бауырларым Ерсін мен Әділет көмектеседі, – дейді І.Икрамов. Ол күн жылына салысымен құрттарды бақтағы шұңқырға ауыстырыпты. Ал бос жылыжайға көшет өсіруді жоспарлап отыр. Пластик пакеттерге салынған қарбыз дәндері өскен соң ашық жерге отырғызылады. Сондай-ақ кәсіпкер Шардара ауданынан 2,5 гектар жерді жалға алыпты. Ол жерге қауын-қарбыз екпекші. – Биохумның арқасында жақсы өнім аламын деп үміттенемін. Отырғызған көшеттерімізді топырағымен бірге жерге түсіреміз, – дейді Ілияс.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы