Birgemiz: халық қор қаржысынан құр қалмайды
Birgemiz: халық қор қаржысынан құр қалмайды
Алты құрлыққа ауыз сал­ған коронавирус індеті төрт­күл әлемді жұдырықша жұ­мылдырғаны даусыз. Елі­мізде де дендеп кірген дертке қарсы сақтық шара­лары дер кезінде қабылданып, би­лік қарапайым халыққа барынша қолдау білдіруде.  Оған дәлел, Nur Otan пар­тиясы Жамбыл облыстық фи­лиа­лының ұйытқы болуымен депутаттық фрак­ция мүшелері, бастауыш пар­тия ұйымдарының төрағалары, партия белсенділері мен жеке кәсіп­керлердің демеу­ші­лігі есе­бінен birgemiz облыс­тық қо­ғамдық қо­рына 39 963 000 теңге жи­на­л­ып отыр. Бұл қаржы есебі­нен арнайы санаттағы 1 903 отбасына көмек көрсету мақсатында ауқымды шаралар атқарылуда. Атап айтсақ, әр отба­сына гигиеналық заттар (меди­циналық бетперделер, антисеп­ти­калық құралдар, бактерия­ға қар­сы сұйық сабын, ылғал­ды және қағаз сүлгілер) мен бірін­ші кезектегі қажетті азық-түлік­тер бар (макарон өнімдері, қарақұмық жар­масы, күріш, қант, май, шай, тұз, тәттілер) себеттер үлестірілуде. Сондай-ақ әлемге танымал жамбылдық спортшылар «Қазақ­стан Барысы» турнирінің үш дүр­кін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев 100 отбасына, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров 50 отбасына көмек көрсетсе, жеке кәсіпкер «Вкусная корзинка» ЖШС-нің директоры Алмаз Тультаев 3,5 мил­лион теңгеге апта сайын 50 отба­сына көмек беруде. Одан бөлек, Байзақ, Меркі, Талас ауданындағы мәслихат депутаттары мен кәсіп­керлер 50 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Қордай ауданындағы партия белсендісі, жеке кәсіпкер Сәрсебек Салыбаев болса, 1 миллион теңгеге аз қамтылған 60 отбасына аялы алақанның жылуын сездірді. Мұндай игі істен партия мүшесі Ерқанат Манжуов та шет қалмай, өз қаражаты есебінен 2 мың дана бетперде тіктіріп, көпбалалы отба­сыларына тегін таратты. Әрине, қайырымдылықтың Алладан қайтарымы болсын дейміз. Мұқтаж жандарға қиын қыстау кезеңде қолұшын созу сөз­сіз сауапты іс. birgemiz қоғамдық қоры­ның қолдауын көрген жанның бірі – Тараз қаласының тұрғыны, 7 бала­ның анасы Мәрзия Құлметова. – Жеті баламды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтыр­май өсірдім. Алайда бүгінгі қиын нарықта біріне тартсаң біріне жетпей қалатын кездер болады. Осындай сәтте қолы ашық, жо­март жандардың демеу көрсетіп жат­қаны қуантады. Елімізде төтенше жағдай енгізілді дегенде кәдімгідей үрей­леніп қалдық. Себебі бейбіт күн­нің өзінде тұрмыстық жағ­дайы­мыз жақсы емес еді. Әрине, Алла өз ырыздығынан айыр­май­ды деп сендік. Мемлекет басшы­сының үндеуінен кейін нұротан­дықтар үйіме азық-түлікті толты­рып әкеліп берді. Қиын сәтте қара нан­­ның өзінің дәмі ерекше бола­ты­нын ескерсек, бұл отбасымыз үшін үлкен тосынсый болды. Осы игі іске ұйытқы болған Прези­дентімізге, Nur Otan партиясына айтар алғысымыз шексіз, – дейді көпбалалы ана. Өңір тұрғыны Әмина Әшенова да партияға деген ризашылығын білдірді. – Алла берген 5 ұлым бар. Биыл ал­тын­шысына жүкті бо­лып, де­кретке шығуыма тура келді. Күйеуім­нің де жұмысында қиын­­дық­тар туды. Басымызда бес креди­тіміз бар. Үй кезегіне тұрғаным­мен, әлі баспана ала алмай отыр­мын. Әзірге қайын әпкем­нің үйінде амалдап тұрып жатыр­мыз. 5 баламның үшеуі мек­тепте болса, біреуі колледжде. Олар­дың сабақтары да қос бүйір­ден қы­сып тұр. Қиындықтан бас ала ал­м­ай отырғанда Nur Otan пар­тия­­сының жәрдемі үміт отын жақ­қан­дай болды. Осындай қиын сәтте тұрғында­рын қол­дау­сыз қалдырмайтынын сездіріп отыр­ған партия өкіл­де­ріне айтар алғы­сым шексіз. Еліміз­дің мақ­танышы Ақжүрек Таңа­таровтың жеке қар­жы­лан­дыруымен үйіме азық-түлікті толтырып тас­тады, – дейді ол. Жалпы, бұл birgemiz өңірлік қоғам­дық қорына жинал­ған қар­жыдан жасалып жатқан жақ­сы­лық. Бұдан бөлек, алдағы уақыт­та birgemiz республикалық қо­ғамдық қоры­нан аз қам­­тыл­ған отбасы, көп­балалы отба­сылар, мүм­кіндігі шектеулі мұқ­­таж жан­дар, мү­гедек баланы қарау­шылар, асы­рау­шысынан айы­рылған ба­лалар, ең төменгі зейнетақы алу­шы­лар және Ұлы Отан соғы­сы­­ның ардагері сынды жеті са­нат­­­тағы азаматтарға қар­жылай көмек көрсетілмек. Осындай 5 786 азаматтың санаты расталып, 1 687-і іздестірілу үстінде. Де­ген­мен алдын ала зерделенген тізімге сәйкес 7 473 адамның 6 540-ы «Халық банкінің» қолданушысы болса, қалған 933 азаматқа ар­найы есепшот ашылмақ. Сондай-ақ «Қазпошта» мен Тараз қа­ласы әкімдігінің 11 округіне бе­кі­тілген инспекторлардың кө­ме­гімен қар­­жыны байланыссыз жеткізу де жос­парлануда. Birgemiz – Jambyl oblysy қоғам­дық қорына республикадан 373,6 миллион теңге түсті. Бұл қар­­жы есебінен жоға­рыда атал­ған 7 санаттағы азамат­тарға 50 мың тең­геден үлестіріл­мек. Азық-түлікпен бір жәрдем­десіп, одан бөлек қаржылай қол­дау көрсету үлкен іс. Қазір аз қам­­тылған отбасыларды азық-түлік­пен қамту әлі де жалғасуда. Жақын күндері қаржылай көмек те жұртшылыққа жетеді.    width=   Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы