Геннадий Шиповских: Экономика дамып, ел еңсесін тіктейді
Геннадий Шиповских: Экономика дамып, ел еңсесін тіктейді
Фото: Интернеттен алынды
164
оқылды
Бүгін «Айқын» респбликалық қоғамдық-саяси газетінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел жеңеді» атты мақаласы  жарық көрді. Осыған байланысты төтенше жағдай режимі аяқталған соң, халықтың денсаулығын сақтау, жұмыссыздықпен күрес мәселелері төңірегінде Парламент Мәжілісінің депутаты  Геннадий Шиповскихтің пікірін білген едік. – Қазіргі таңда бір ғана Қазақстан емес, бүкіл әлем пандемияның кесірінен тығырыққа тірелді. Осынау қиын-қыстау заманда Елбасы «Бірлесе білген ел жеңеді» деп халықты ынтымақ-бірлікке шақырды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев мақаласында біз тарихымызда бұдан да қиын кезеңдерді өткергенімізді атап өтті. Төтенше жағдайда халқымызды індеттен аман сақтап қалу үшін сабырлы болуға шақырды. Сондай-ақ каратин режимі аяқталған соң, экономиканы дамыту үшін бұған дейін жүйелі жұмыс істеп келе жатқан өндіріс саласы одан әрі қарқынды дамиды. Елбасы: «Тұтқиылдан келген жаман ін­дет – коронавирус дерті барша адам­затқа қауіп-қатер төндіруде. Қа­зірдің өзінде дүниежүзі бойын­ша 1,4 миллионнан астам жан осы сырқатқа шалдығып, ондаған мың адамның өмірі қиылды. Сон­дықтан әлем мемлекеттері қа­терлі дертке бірлесе дауа іздеп, бү­гінгі заманның бар күш-қуа­тын, ақыл-ойы мен ғылым-білі­мі­нің жетістігін ортақ мақсат жо­­лына бірлесе жұмылдырып, ын­тымақтаса әрекет етуде», – деп елді сабырлы болуға шақырды. Осындай кезеңде бәріміз бір кісідей жұмылып, тұрмысы төмен отбасыларға, көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсеткеніміз абзал. Бірлікпен бір кісідей жұмылсақ, алынбайтын қамал жоқ. Бұл қиындықта өтеді. Расында, Елбасы айтқандай, жаһанды әбі­герге салған пандемия жаңа бүкіл әлем­де экономикалық дағдарыс туғыз­ды. Алып кәсіпорындардың жұ­мысы тоқырады. Жол-көлік, тасымалдау саласының қозғалысы кілт тоқтады. Мұнай­дың бағасы құлдырады. Бұған дейін өзара үздіксіз тауар айналымы жүріп жатқан мемлекеттер амалсыздан әрқайсысы шекарасын жабуға тура келді. Алыс-беріс, кіріс-шығыс сап тыйылды. Жұмыссыздық жайлады. Енді бізге қайтпек керек? Біз төтенше жағдай режимі аяқталған соң, жаңадан ашылатын өндіріс орындарының санын арттыруға күш саламыз. Жұмыссыздықпен күрес үшін кешенді шаралар қабылданады. Халықтың денсаулығын сақтай отырып, тұрмысын жақсартуға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Елбасы болашақта экономика саласында күтпеген жерден болатын қауіп-қатерлерді ескерте отырып, Ұлттық қордағы қаржыны тиімді басқаруға жете мән берді. Осындай аяқасты туындаған қиындықта қордағы қаражат халықтың қажетіне жарап жатыр. Сондықтан бір үйдің баласындай бірлігіміз мықты болса, бұл қиындықты да еңсереміз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, әлемдегі ахуалдан сабақ алып, сабырлы болайық. Мемлекетіміздің дамуына, өндіріс орындарының көптеп ашылуына бір үйдің баласындай үлес қосайық. Экономика дамыса, ел де еңсесін түзейді. Бізге ең бірінші елдің амандығы, халықтың денсаулығы керек.