9 маусымға белгіленген кезектен тыс президент сайлауының ашық әрі әділ өтуін қадағалайтын «Аманат» азаматтық алаңы құрылды. Қоғам белсенділері, сарапшылар мен журналистерден құрылған топ сайлау науқанында кандидаттар теңдігі бұзылмауын қадағалап, сайлау күні дауыс берушілер құқығы сақталғанын бақылайды. «Аманат» азаматтық алаңының өкілдері баспасөз конференциясында өз жұмыстарының бағыты мен негізгі мақсаттарын түсіндірді.
Сайлауға бақылау жүргізетін ұйым құру туралы идея авторларының бірі Мұрат Әбенов «аманат» сөзінің қазақ үшін маңызына тоқталып, алдағы сайлауда халық мүддесін қорғауға күш салатындарын айтты.
– Соңғы кезде қоғамда сайлау науқанына қатысты белсенділік артып келеді. «Сайлау қалай өтеді?», «Дауыс беру процесі заң талаптарына сай бола ма?» деген сұрақтар халықты көп мазалап жүр. Сайлауға тіркелген сегіз кандидаттың тәжірибесі, қолда бар ресурстары, оларды ұсынған ұйымдардың мүмкіндіктері әртүрлі. Сондықтан сайлауалды науқан кезінде барлық кандидатқа тең мүмкіндік берілуі керек. Осы процесте заңбұзушылықтар болмауын қадағалаймыз. Сайлаудың ашық әрі әділ өтуі туралы ұсыныс пен пікір көп болды. 22 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласында қоғам белсенділерімен бас қосып, осындай ұсыныстарды жинадық. Солардың негізінде «Аманат» азаматтық алаңын құру туралы шешім қабылданды.
«Өңірлік депутаттар одағы» қоғамдық қорының жетекшісі Андрей Кудеевтің айтуынша, сайлау учаскелерінің дайындығын тексеру де аса маңызды. – Кандидаттар халықпен жұмысқа, үгіт-насихатқа тең дәрежеде қол жеткізуі керек. Қазір 9 970 сайлау учаскелері құрылды. Бұл учаскелерде мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруіне жағдай жасалған ба? Өткен жылғы дерекке сәйкес, елде 550 000 ішкі мигрант болған. Олар дауыс берушілер тізімінде бар ма? Осы мәселенің бәрін зерттеп, деректерді әлеуметтік желі арқылы халыққа таныстырып отырамыз. Электоралды кезең – халықтың кандидаттарға өзекті сауалдарын қойып, сайлауға түсушілердің оларды тыңдайтын кезі. Біздің алаңға жиналған белсенділердің әлеуметтік желіде оқырманы көп. Сондықтан олар көтерген мәселеге қоғам назарын аудару оңай, – дейді ол.
Qmed инновациялық медицина ұлттық палатасының жетекшісі Әкім Тұрсынов Қазақстан бұрын-соңды сайлауды жаз мезгілінде өткізбегеніне назар аударып, сайлау учаскелерінің талапқа сай жұмыс істеуін қадағалау қажетіне назар аударды. «Аманат» азаматтық алаңы өкілдерінің бірі Лима Диас азаматтардың саяси сауатын ашуға баса мән берілетінін, бұл бағыттағы ақпараттық жұмысқа БАҚ тарапынан қолдау күтетінін айтты.
«Аманат» азаматтық алаңы өз жұмысын бес бағытта жүргізеді. Ұйым өкілдері сайлау процесін бақылау дауыс беру күні сайлау учаскесінде болудан ғана емес, оған дейінгі кезеңді де мұқият қадағалаудан тұратынын айтады. Сондықтан «Аманат» өз жұмысын сайлауалды бағдарламасын таныстыру кезінде халықпен жұмыс істеуде, БАҚ ресурсын пайдалануда кандидаттарға бірдей мүмкіндік берілуіне мониторинг жүргізуден бастайды. Ұйымның бір тобы дауыс берушілердің құқықтарымен танысуына мүмкіндік жасап, объективті көзқарас пен сапалы сараптама ұсынады. Қазақстанның барлық өңіріндегі сайлау учаскелерінде «Аманаттың» бақылау желісі құрылып, дауыс беру процесінің әділ өтуін назарда ұстайды.
Кәусар АХМЕТ