Бірлік болған жерде берік елдік те, ауқатты тірлік те болады. Елордадағы «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда өткен мерекелік шараларға қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстан-дықтарды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады. Алаңға жиналған қалың нөпір халықтың – елорда тұрғындары мен қонақтарының алдында сөз сөйлеген Тұңғыш Президент Н.Назарбаев бірлік пен келісім – Тәуелсіздіктің тірегі, әл-ауқаттың ұстыны екеніне назар аудартты. Әлемде ынтымақсыз мемлекет те құрылмайды. Тек татулықпен ғана тәуелсіздікті қорғап қалуға болады. Ауызбіршілігінің арқасында халқымыз Мәңгілік ел ұғымын қайта жаңғыртты. – Ел бірлігі деген қасиетті ұғым! «Бірлік болса, тірлік болады», «төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген ата-бабамыздан қалған даналық сөздер бар. Осы асыл құндылықты ұстана отырып, бабаларымыз барлық қиындықты еңсеріп, осынау кең байтақ Ұлы даланы ұстап қалды, кейінгі ұрпағына аманат ете алды. Біз біріге келе, тәуелсіз Қазақстанды құрдық, ата-бабаларымыздың аңсарлы арманын орындадық, – деді Н.Назарбаев. Тұңғыш Президент заманауи Қазақстан барлық жетістігіне қоғамдағы ауызбіршіліктің арқасында қол жеткізгенін атап өтіп, баршаны бейбіт өмір мен тұрақтылықты бағалауға және аялауға шақырды. – Біз – бақытты халықпыз! Бірлігімізді сақтап, тәуелсіздігімізді құрметтеуіміз керек. Даму бағдарламаларымызды жүзеге асыру еліміздің болашағын одан ары жарқын ете түседі, – деді Елбасы. Н.Назарбаев әлемде этносаралық қақтығыстардың салдарынан туындап жатқан қазіргі заманғы қауіптер мен сын-тегеуріндерге тоқталды. Сондай-ақ жақында «Татулық пен келісім формуласы: бірлік және жаңғыру» тақырыбында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XXVII сессиясы еліміздің барлық өңірі бірлік пен тұрақтылықты қадір тұтатынын растағанын айтты. – Әр үйге, әрбір отбасыға береке, бақыт, амандық және ертеңгі күнге деген сенім тілеймін. Мейрамдарыңызбен! – деп түйіндеді Елбасы. Қазақстанның Тұңғыш Президенті қазақтың және елімізде тұрып жатқан сан алуан диаспоралардың ұлттық ас мәзірлері паш етілген дастарқаннан дәм татып, этномәдени бірлестіктер өкілдері ұйымдастырған театрландырылған қойылымды тамашалады. «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда «Ынтымағы елімнің – Елбасының еңбегі!» атты музыкалық-хореографиялық қойылым аясында хореографиялық ұжымдар, қазақстандық опера мен эстрада жұлдыздары өнерлерін ортаға салды. Мерекелік театрландырылған қойылым Нұр-Сұлтан қаласының этно-мәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдарының концертіне ұласты. Осы алаңда халыққа қазақша күрес, арқан тартыс, кір көтеру, асық ату және қол күресі секілді ұлттық спорт түрлерінен сайыстарға қатысып, күш сынасу мүмкіндігі берілді. Бұдан басқа, әрбір этно-мәдени бірлестік өзінің ұлттық тағамдарын әзірлеп, оларды жайылған ақ дастарқанға қойып, көпшілікке дәм татқызды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, мерекелік дастарқанның ұзындығы 50 метрді құраған. Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтандағы Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған халықтық серуен мен думан әкімдік алдындағы Қалалық алаң, EXPO Конгресс орталығы секілді қаланың әр бөлігіндегі концерттермен шектелмеді, сонымен қатар елордада жаңа қоныс иелеріне кілт тапсыру салтанаты, ағаш отырғызу науқаны, спорттық шаралар, субұрқақтардың іске қосылуы рәсімі де ұйымдастырылды. Мейрамнан астаналық театрлар, музейлер және басқа мәдени мекемелер де тыс қалмай, тақырыптық көрмелер, спектакльдер, концерттер өткізді.