Нағыз қазақ – Игита!
Нағыз қазақ – Игита!
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының және алматылық «Қайраттың» қақпашысы, әрі капитаны Леонардо де Мело Виейра Лейте Қазақстан футболындағы мықты тұлғаға айналды. Әлем мойындаған кипер футзал әлемінде зор беделге ие. Табыстан табысқа жетіп жүрген жай ғана Лео Игитамен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
  • Лео, 2019 жылдың қорытындысы бойынша төртінші рет «Әлемнің үздік қақпашысы» атағын жеңіп алдыңыз. Марапатыңыз құтты болсын!
  • Көп рахмет! Отбасымызбен қуанып жатырмыз.
  • Төртінші рет дәл осы марапат бұйырар деп ойладыңыз ба?
  • Екіұдай сезім болды. Себебі жарақатымның кесірінен көп матчқа қатыса алмадым. Ала алмай қалуым да мүмкін еді.
  • Жарақатыңыздан жазылған шығарсың?
  • Толық жазылдым деп айта алмаймын. Денсаулықты үйде түзеп жатқан жайымыз бар.
  • Карантинде немен айналысып жатырсыз? Игитаның бір күніне тоқтала кетсек?
  • Сағат 7.00-де тұрамыз. Екі уақыт жаттығуымыз бар. Отбасыма көп көңіл бөліп жүрмін. Қызымның көңілін аулаймын. Әйелім екеуміз домино, карта ойнаймыз. Оқшаулану саясатын қолдаймын. Коронавирусты солай жеңуге болады.
  • Лео, 2020 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турниріндегі Қазақстан құрамасының жеңілісі туралы не айтасыз? Бұл менсінбеушіліктің кесірі ме, әлде Румыния мықты команда ма?
  • Қақпаны дәл көздейтін мүмкіндігіміз көп болса да, гол соға алмай пұшайман болдық. Румыния қалпақпен қағып алатын команда болмағанымен, өте тәртіпті ұжымдардың бірі еді. Бапкер нұсқауын бұлжытпай орындайды екен. Біз бәлкім, сәл менсінбей де шыққан болармыз, білмеймін. Мұндай жайт футболда да, футзалда да көп кездеседі.
  • Дегенмен жолдарыңыз болып, әлем чемпионатына жолдама алдыңыздар ғой…
  • Иә, бастысы да осы еді. Абырой болғанда топтағы жағдай өзімізге қол болды.
  • Қазақстан үшін жаныңызды беріп жүрсіз. Оны көзіміз көріп жүр. Ал Қазақ елі сізге не берді? Жалпы Қазақстан мен Бразилияның айырмашылығы неде?
  • Қазақстан бүкіл жағдайымды жасап отыр. Мен бұл елді өте жақсы көремін. Халыққа, жанкүйерге, басшылыққа, бәрі-бәріне алғысым зор! Мен 2009 жылы келдім, «Қайрат» сапында 2011 жылдан бері ойнаймын. Ал 2013 жылы ұлттық құрамаға шақырылдым және оны қуана қабыл алдым. Бразилия құрамасына да ойнауға әбден болатын еді, алайда бәсекелестік өте жоғары. Оның үстіне Қазақстан құрамасының болашағын көріп, бір жағынан соған көмектескім келді.
Ал айырмашылық өте алшақ. Оңтүстік Америка мен Азияның менталитеті, мәдениеттері әртүрлі. Бірақ біз, бразилиялықтар өте қарапайымбыз, сол себепті әлемнің қай түкпіріне бармасақ та, сіңісіп кете аламыз. Адамды сыйлау, елдің мәдениеті мен өмір сүру салтына құрметпен қараудың арқасында Қазақстанды өте жақсы көреміз. Әйелім мен қызым да ешқайда кеткісі келмейді. Әбден бауыр бастық. Жағдайымыз тұрақты. Қазақстан – менің елім, өмірім. Мәнсабымды аяқтағаннан кейін қаламыз деп шештік. https://www.instagram.com/p/B-NOcX1FDvo/?igshid=1hiyxefy7qtq
  • Отбасыңыз туралы айтыңызшы…
  • Әйелім бар, ол мен үшін оқуын, жұмысын тастап, менің шашбауымды көтеру үшін осында көшіп келді. Жаттығу залынан шықпайды.Ағылшын тілі курсына барып жүр. Төрт рет әлемнің үздік қақпашысы атануым әйелімнің арқасы деп білемін. Қызымның жасы жетіде.
  • Мектепте оқи ма, оқыса қай тілде?
  • Орыс тілінде оқиды. Бірақ қазақ және ағылшын тілдерін қоса меңгеріп жүр.
  • Өзіңіз қазақша білесіз бе? Үйренгіңіз келмей ме?
  • Қазақша сөздер жаттап жүрмін. Күнделікті тұрмыста қолданылатын сөздерді жақсы білемін. Мен Қазақстанға алғаш келгенде Қарағандыда ешкім қазақша сөйлемейтін. Бүкіл қала орысша сөйлейді. Таң қалған едім. Алматыға бірінші келгенімде, бәлкім қазақша сайрап тұрар ма едім, кім білсін?!
  • Алматыда қай жерде қыдырғанды ұнатасыздар?
  • Тауды өте жақсы көреміз. Шымбұлақ, Медеуге жиі барамыз. Жағажайлар болса тіпті керемет болар еді. Біз жағажайда тудық қой.
  • Қазақтың тамағы туралы айтып беріңізші. Қандай тағамдар ұнайды?
  • О, о… Қазақша еттен бастайын. Өте құнарлы, тамаша тағам. Бауырсақты тоқтамай жей беремін. Майлы болса да бәрін жеп қоюға дайынмын. Әрине үйде өз еліміздің тағамдарын жасайды. Ал қазақтың сорпасын қазір көзімді жұмып тұрып іше беремін (күлді). Басында сұйық тамаққа шошына қарағанмын. Бразилияда көбінесе қою тағамдарды жейміз ғой.
  • Онда Игитаны нағыз қазақ дей беруге бола ма?
  • Әрине болады. Мәдениеттеріңізді құрметтеймін. Адамдар өте қарапайым, бауырмал және қонақжай келеді.
  • Лео, әңгімеңізге көп рахмет!
  Сұхбаттасқан Мадияр Қазыбек