Еңбек елеусіз қалмауы керек
Еңбек елеусіз қалмауы керек
367
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапарымен келді. Президент Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында облыс активімен жүздесіп, өңірдің бүгіні мен болашағы жайлы емен-жарқын әңгімелесті.

Кездесуді ресми емес, еркін түрде өт­кізуді ұсынған Қасым-Жомарт Кемелұлы сөзін: « Жер жәннаты Жетісу өңірі – та­рихи тұлғалар мекені. Қабанбай, Қарасай, Райымбек батыр бастаған ел қорғаған ерлер мен Ілиястай ақын туған мекенге ел­мен етене араласып, тұрғындардың пікі­рін естуге келдім, – деп бастап, қазақтың ағартушылық мектебінің алғашқыларының бірі Ақсуда ашылған «Мамания» мектебі болғанына және осы білім ошағының ұлтымыздың рухани дамуына үлкен үлес қосқанына тоқталып, қазақ халқының тарихында білімге салынған инвестиция­ның бастауында тұрғанын айрықша атап өтті. Тарихы тереңде жатқан өңірдің дамуына ежелгі Жібек жолының қайта жаңғыруына жаңа мүмкіндік ашып, тың серпін беретініне назар аударды. 
Президент алдында облыстық арда­герлер кеңесінің төрағасы Ермек Келем­сейіт, аймақтағы іскер әйелдер қауымдас­ты­ғының төрайымы Римма Салықова, жеке кәсіпкер, «Мәдина» тігін цехының иесі Айман Биғалиева және тағы басқа да түрлі саланың көш басында жүргендер сөз алып, өңірде атқарылып жатқан істер жайында әңгімеледі. Олардың айтуына қарағанда, Жетісу өлкесінде өркендеу қарқын алып тұр. 
– Қазіргі кезде Жетісу өңірінде үлкен өрлеу бар. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өндірісіндегі өркендеу ерекше. Қайта өңдеу өнеркәсібінің еліміздегі үлесі – 86 пайыз. Алматы облысы адами капи­талды дамыту бойынша да көшбасында келеді. Олардың қатарында еліміздің ертеңі үшін тер төгіп жүрген жас мамандар, кәсіпкер­лер, ақындар мен жазушылар, еңбек ұжым­дары­ның өкілдері бар, – деген Мемлекет басшысы өңірдегі тез арада шешуді қажет ететін мәселелерге де кеңінен тоқталды. 
– Басқа облыстардағы сияқты Алматы облысында да халықты ауызсумен қамта­масыз етуде шешімін жылдар бойы күткен проблема жетерлік. Өздеріңіз білесіздер, елдімекендерді ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарла­малар қолға алынған 20 жылға жуық ке­зеңде осы мақсатқа 500 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалыпты. Осынау қыруар қаржының нәтижесі болмай тұр­ғаны құқыққорғау органдарының назар аударуын қажет етеді, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірдегі апаттық және үш ауысымды мектептің проблемасында көңіл бөлді және Үкімет пен әкімдікке 2021 жылға дейін мектеп құрылысына қа­тыс­ты мәселені бір жақты етуді тапсырды. 
Облыста 2018-2019 жылдары 14 мектеп салу үшін республикалық бюджеттен 15,4 млрд теңге қаржы бөлініпті. Алайда өңірдегі жағдай бұлардан басқа тағы 20 мектеп тұрғызуды керек етеді. Осы мақсатқа 2020-2021 жылдары 29 миллиард теңге қарастыруды тапсырды.
Жетісу жерінде медициналық кадр­лармен қамтамасыз ету жағы сын көтер­мейді. Бұл салада маман жетіспеу­шілігі 30 пайызға жеткен. Кадр тапшылығы халыққа көрсетілетін медициналық қыз­меттің сапасына кері әсер етеді. Осыған орай Мемлекет басшысы жас мамандардың қалалардан ауылдарға ауысуын ынта­лан­дырып, «Дипломмен – ауылға» бағдар­ламасы аясында жас кадрларды жұмысқа қабылдауға жақсы жағдайлар жасауды жүктеді. Сонымен бірге, тұрғындардың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған сана­тын­дағыларды баспанамен қамту мәселесін де ұмыт қалдырған жоқ.
– Жас отба­сылар мен жұмыс істеп жүрген жастарға арналған тұрғын үйлерді салуды жедел­деткен жөн. Басқа өңірлердегі сияқты жас мамандарды баспанамен қам­тамасыз ету мақсатында «7 – 20 – 25» бағ­дарламасының алғашқы жарнасының бөлігін жабу үшін тұрғын үй серти­фи­каттары тетігін енгізген дұрыс, – деген Қа­зақстан Президенті ауыл шаруа­шы­лығына арналған алқаптарды тиімділікпен пайдалану, суару жүйелерін қалпына келтіріп, қайта жаңғырту, жер телімдерін беру жұмысының жариялы­ғын жақсарту, жер ресурстарын тиімді пай­далануға бақылау орнату, агроөнер­кәсіптік кешенді қолдау үшін көліктік қызметтердің тарифтерін төмендетуге байланысты міндеттер жүктеді.
«Жетісуда туристік индустрияны дамыту да аса маңызды болып саналады. Қазірдің өзінде аймақ туристік орталық ретінде елімізге кеңінен танымал. Әсіресе, Ала­көлдің атағы аспандап, тартымдылығы алға жылжыған жылдармен бірге арта түсуде. Тек өткен жылдың өзінде ғана ту­рис саны 20 пайызға көбейіп, 2 миллион адамға жетті. Дегенмен сервистік қызмет деңгейі әлі төмен. Көліктік және қонақ­үйлік инфрақұрылым көңілдегідей емес. Осыған байланыстыҮкіметке әкімдікпен бірлесе отырып, Алакөл жағалауындағы демалыс аймақтарының инфрақұрылымын жақсарту жөнінде кешенді шаралар қабыдауды жүктеймін» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірдің көліктік-ло­гистикалық әлеуетін жоғары бағалай келе, жергілікті жолдардың сапасы сын көтер­мейтінін де атап кетті. Алматы облысы тоғыз жолдың тора­бына орналасқан. Соған сай стратегиялық маңызы да аса зор. Еліміздің логистикалық орталығы әрі көлік торабы ретіндегі әлеуеті баршылық. Батыс Еуропа – Батыс Қытай автокөлік магистралі құрылысының аяқталуымен өңір Азиядан Еуропаға бағытталған көлік ағындарын жалғасты­ратын бас қақпаға айналды. Сонымен бірге, дәл қазіргі кезде жергілікті жолдың 22 пайызының жағдайы өте нашар. Кездесу барысында осы мәселені де қозғаған Мем­лекет басшысы облыс әкіміне 2025 жылға дейін апатты автожолдарды кезең-кезең­мен қайта құрылымдаудың жоспарын жасауды және проблеманы шешумен жүйелі түрде айналысуды тапсырды. 
Қасым-Жомарт Тоқаев жүздесу ба­рысында еңбек адамдарының жетістіктері көбіне елене бермейтініне де назар ау­дарды. Сондай-ақ қомақты қаржы қажет ететін имиджді жобаларды тоқтатып, бірінші кезекте тұрғындардың күнделікті тірлігін түзетуді ойға алған дұрыс бо­латынын ескертті. Жерді оның қадірін білетін, тиімділікпен пайдалана алатын жандарға беру қажетін де лауазымды тұлғалардың есіне салды. Жәрдемақыға жан бағып, бойкүйездікке салынғандардың санасын өзгертуге күш салып, жұ­мыс­сыздыққа қарсы күресті күшейту жайлы да ескертті. 
Қазақстан Салтанат сарайындағы жүздесуден соң Талдықорған қаласындағы бірқатар әлеуметтік-мәдени нысан қызметімен, Қаратал ауданындағы көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты. 


Болат АБАҒАН,

Алматы облысы